13 жылдан соң Қазақстан онкологтары мен радиологтарының V съезі өтеді

Алдағы 29-30 сәуір күндері Алматыда Қазақстан онкологтары мен радиологтарының V съезі өтпек. Еліміздің шалғай аймақтары мен шетелден келетін 500 жетекші маман онкологияның мүмкіндіктері мен даму мәселелерін талқылайды. «13 жылдық үзілістен соң өткізілетін бұл конференция – отандық мамандар үшін аса маңызды болмақ. Ең алдымен, көбіміздің алғашқы еңбек жолымыз басталған аудан орталықтары мен облыстардағы мамандарды жинауды мақсат етіп отырмыз», – дейді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директоры Қуаныш Нұрғазиев.

Съезде қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтау тәсілдері мен оны емдеу, сондай-ақ, жиырма бірін­ші ғасырдың басты дертімен күресу­дегі медицина жетістіктері туралы айтылып, мамандар өзара пікір алмасады.

Конференцияда жілік майын ауыстырудың жаңа мүмкіндіктері, соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықтау және сәулелі, химиялық, гормондық терапиядағы жаңа әдістер, қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтаудың скринингтік бағдарламалары, ортақ ғылыми зерттеулер мен мамандар біліктілігін арттыру мақсатында оларды шетелге оқуға жіберу, науқасқа паллиа­тивтік (психологиялық) көмек көрсету және сауықтыру  медицинасын дамыту, халықтың онкологиялық сауатын көтеру әрі дәрігерлер біліктілігін арттыру сияқты ең өзекті тақырыптар талқыланатын болады.

Қуаныш Нұрғазиевтің айтуынша, науқастарға паллиативтік көмек көрсетуді дамыту – конференция күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. «Кеңес заманынан бері науқасқа психологиялық жәе рухани көмек беру жағы ақсап келеді. Ал қазіргі кезде сауықтыру мен паллиативтік көмек жүйесі бір ізге түсіп, даму үстінде. 2013 жылдан бастап әрбір онкологиялық диспансерлерде дәрігер-психологтардың жеке бөлімшелері ашылып, онкологиялық дертке шалдыққан жандарға көмектесетін әлеуметтік жұмысшылар тобы құрылды».

Аталған съезде ТМД елдері ассоциациясының президенті Михаил Давыдов, Қатерлі ісікпен күрес халықаралық одағының президенті Франко Кавалли және АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль елдерінен білікті ғалымдар келеді деп жоспарланып отыр.

Конференция ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақ онкологтары мен радиологтарының ғылыми зерттеу институты және «Қазақстан онкологтары мен радиологтары» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өтеді.

Қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзарту мен өмір сапасын арттыру мақсатында 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмек көрсетуді дамытудың төртжылдық мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оған бюджеттен 211 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жатыр мойны қатерлі ісігі, сүт безі қатерлі ісігі, қуықасты бездің қатерлі ісігі, өңеш және асқазан, бауыр қатерлі ісігі, оған қоса, қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтау мен оны толық емдеу және өлім көрсеткішін азайтуға бағытталған алты скринингтік бағдарламаны іске қосты.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Врачи

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>