132 үйге терможаңғырту жүргізілді

Мамандардың айтуынша, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылған жағдайда елде жылумен, сумен жабдықтау және су құбырларының тозу деңгейі 67 пайыздан 53 пайызға дейін төмендейді. Сондай-ақ, осы бағдарлама аясында 1 мың шақырымдық жылумен жабдықтау желісі мен 6 мың шақырымға жуық суық сумен жабдықтау құбырлары жүргізілетін болады деп күтілуде. Ақтөбе қаласында өткізілген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мәселелері мен оны дамыту жолдары жөніндегі өңірлік конференцияда тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғыртуға бағытталған «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын» тиімді жүзеге асыру жолдары әңгіме өзегіне айналып, жан -жақты талқыланды.

Ұлттық экономика министрлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті тұрғын үй қорын дамыту және тұрғын үй қатынастары басқармасының жетекшісі Ерболат Садырқұловтың айтуынша, Елбасының тапсырмасы бойынша, 2011 жылдан бас­тап елімізде тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы жұмыс істей бастаған. Осы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 33 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Еліміз бойынша 2300-ге жуық көп пәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Жалпы, еліміз бойынша 80 мыңнан аса көп пәтерлі тұрғын үй бар болса, оның 21 мыңнан астамы күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу арқылы қуат пайдалануды 30 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізу қарастырылған.

Үстіміздегі жылы Ақтөбе облысында көп пәтерлі тұрғын үй­лерді жаңғырту жұмыстары үшін рес­публикалық бюджеттен 300 миллионнан астам қаражат бөлінген. Облыс бойынша жылдың басынан бері 12 көп пәтерлі үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

Өңірлік конференцияда сөз алған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев аталған салалар бойынша облысымызда біршама жұмыстардың атқарылғанын жеткізді. Бағдарлама іске қосылғаннан бастап облысы­мызда барлығы 2 миллиардтан астам теңгеге 132 көп пәтерлі үйге тер­можаңғырту жұмыстары жүргі­зілген. Ол, сондай-ақ, тұрғын үйлерді терможаңғырту жұмыстарына жұмсалған мемлекет қаржысының халық тарапынан кері қайтарылуы мәселесіне де тоқталды. Халықтың жөндеу жұмыстары үшін жұмсалған мемлекет қаржысын кері қайтару көрсеткіші облыс бойынша 67 пайызды құраса, қала бойынша 80 пайыз шамасында екен.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*

5 × 5 =