Хоккей • 10 Тамыз, 2017

Президент кубогына кіл мықтылар таласып жатыр

256 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдегі шайбалы хоккей маусымы Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы турнирмен шымылдық ашты.

Президент кубогына кіл мықтылар таласып жатыр

6 тамызда басталып, 12-сі күні мәресіне жететін бұл беделді бәсекеде биыл алты команда күш сынасуда. Атап айтқанда, олар – «Авангард» (Омбы), «Адмирал» (Владивосток), «Давос» (Швейцария), «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Трактор» (Челябинск) хоккей клубтары және Астананың «Барыс» командасы. «Давостан» басқасының бәрі де Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын қабырғалы клубтар. Демек, мұның өзі сегізінші мәрте ұйымдастырылып отырған бұл жарыстың абыройын асқақтатып, мәртебесін көтере түсетіні сөзсіз.

Астананың «Барыс» хоккей клубы бұл турнирге басынан бастап қатысып келеді. 2010 жылы тұңғыш ұйымдастырылған жарыста елорда хоккейшілері тамаша өнер көрсетіп, топ жарды. Финалдық матчта олар Минскінің «Динамосын» буллит бо­йынша жеңген болатын. 

Барыс» бұл табысын келесі жылы өткен турнирде тағы да қайталады. Бұл жолы команда  финалда Ханты-Ман­сий­скіден келген «Югра» хоккей клубынан басым түсіп, турнирдің екі дүркін жеңімпазы атанды.

Үшінші рет ұйымдастырылған турнирде Астана хоккейшілері шешуші ойында СКА (Санкт-Петербург) командасына есе жі­беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал қола жүлдені тағы бір қазақстандық клуб – Өс­кеменнің «Торпедосы» иеленген болатын. 

2014 жылы «Барыс» осы турнирде қай­тадан топ жарды. Ол кезде үздік үштік былай­ша түзілген болатын: 1. «Барыс» (Астана), 2. «Югра» (Ханты-Мансийск), 3. «Амур» (Хабаров). Араға жыл салып өткен тур­нирде  Қазақстанның басты клубы өзінің чемпиондық атағын сақтай алмады. «Барыс» Президент кубогы сынының финалында Омбының «Авангардынан» 3:5 есебімен жеңіліп қалды.

2015 жылы алтыншы мәрте өткен турнирдің ерекшелігі зор болды. Хоккей тартысы су жаңа спорт сарайы – «Барыс Арена» мұз айдынында өтті. Оның үстіне, бұл дүбірлі доданың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі қатысқан болатын. 
Бұл жолғы турнирдің финалында «Барыс» пен «Адмирал» (Омбы) хоккей­ші­лері тағы да имек таяқ түйістірді. Өте тартысты өткен ойынның негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталып, командалар матч­ты овер-таймда жалғастыруға мәжбүр болды. Сол ойында кубоктың тағ­дырын шеш­кен жалғыз шайбаны Талғат Жай­лауов соғып, өзінің командасына жеңіс сыйла­ған болатын.

Былтырғы өткен турнир де есте қалар эпи­зодтарға толы болды. Мысалы, «Барыс» пен Қытайдың «Кунь Лунь Ред Стар» хок­кей клубы арасындағы матч жаппай төбе­леске ұласып, ойын аяқталмай қалған болатын. Дегенмен, бұл кикілжің турнир­дің беделіне кір жұқтыра алмады. «Ер шекіспей бекіспейді» демекші, команда­лар тәртібін түзеп, келесі ойындарда тәп-тәуір нәтижелерге қол жеткізді.  Ал турнирдің жеңімпазын анықтаған шешуші кездесуде «Барыс» пен Новокузнецкінің «Металлург» командасы күш сынасты. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталып, одан кейін хоккейшілерге овер-таймда да тер төгуге тура келді. Мұнда да есеп өзгермей, кезек буллитке де келіп жеткен. Бұл бәсекеде «Металлургтің» шабуылшысы Иван Емец мергендік танытып, «Барыстың» жанкүйерлерін жерге қаратқан болатын.

Биылғы турнирге «Барыс» әдеттегідей тыңғылықты дайындықпен келді. Алғашқы турда команда швейцариялық «Давоспен» күш сынасып, 4:2 есебімен жеңді. Өкінішке қарай, екінші ойында жерлестеріміз «Нефтехимик» командасына 1:2 есебімен есе жіберіп алды. Кеше Евгений Корешковтың шәкірттері «Авангардпен» мұз айдынына шықты. 

«Барыс» келесі кездесуін 11 тамыз күні «Трактор» командасымен өткізеді. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»