Әдебиет • 11 Тамыз, 2017

Қазақты әлемге танытқан «Абай» романының жарыққа шыққанына 75 жыл

2017 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әдебиет зерттеуші ғалымдар «Абай жолын» қазақ прозасының шыңы деп бағалайды. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов жазған ро­ман-эпопеяның алғашқы екі кі­та­бы «Абай» аталғаны көпші­лік­ке мәлім. Бірі 1942, екіншісі 1947 жылы жарық көрген бұл кі­тап­тарға КСРО Мемлекеттік сый­лығы берілген. Ал, 1959 жы­лы тұтас «Абай жолы» роман-эпо­пеясы Лениндік сыйлыққа ие болады.

Қазақты әлемге танытқан «Абай» романының жарыққа шыққанына 75 жыл

Аталмыш туындының жарық­қа шығуының 75 жылдығына орай Ұл­ттық академиялық кі­тап­­ха­нада «Бір кітап» көрмесі және «Құлақ­тан кіріп бойды алар» ат­ты дөңгелек үстел мәсли­хаты ұйымдастырылды. Оған ел­орда­лық зиялы қауым өкілдері қа­тысты.

 Дөңгелек үстел басындағы әңгімені ақын Алмахан Мұха­мет­қа­лиқызы жүргізді. Ол «Абай» кі­та­бының жарық көр­гені­не 75 жыл, ал ұлы ақын­ның өз шығармаларының жария­лан­ғанына 120 жыл толғанын атап өтті. «Өздеріңізге белгілі, биыл Абайдың 1897 жылы жаз­ған 13 өлеңіне 120 жыл толып отыр. Оның ішінде «Көк тұман алдыңдағы келер заман», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Ал­ла деген сөз жеңіл», «Құр ай­қай бақырған», «Мен сәлем жазамын», «Ғабидоллаға», «Құлақтан кі­ріп бойды алар» сынды өлеңдер бар.

 Қазақта Абайдан көп басы­лым көр­ген ақын, зерттелген данышпан, зерделенген ғұла­ма жоқ. Алайда соңғы жүз жыл­дың ішіндегі басылымдар мен зерт­теулер, текстологиялық са­лыс­­тырулар мен өзгертулер, дәйек­темелер мен тұжырымдар үнемі бір-бірімен қайшыласып жатады», деді ол.

Дөңгелек үстелге қатысқан зиялы қауым өкілдерінің Абайдың шығар­машылығына қатысты пікір­лері төмендегідей өр­нек­­телді. Еуразия Ұлттық универ­ситетінің оқытушысы Омар Жә­лел Абайдың «Құдайдан мал сұрайсыңдар, берсе алмайсың­дар» деген сөзін мысалға ала оты­рып, ой өрбітті. «Құдай не бер­ді дегенге Абай: «Алла та­ға­ла сендерге мал табарлық қуат бер­ді»  дей­ді. Сонда адам­­зат­­қа ден­саулық мал табу үшін берілген екен. Ешкімге жал­тақ­тамай, тіленбей өмір сүру үшін Алла адам баласының он екі мүше­сін сау, қуатты қылып жаратты. Негізі әрбір ата-ана ұл баланы мал табуға, қыз баланы ана болуға тәрбиелеуі керек. Қазір тепсе темір үзетін қаншама жігіттер кедей. Неге? Себебі, оларға басында тәрбие дұрыс беріл­меген. Қазақта «он екі мү­шең сау болса, кедеймін деп айт­па» деген сөз осы жайттарға қа­тысты айтылса керек», деген ол Абай ұлағатының астарын өзін­ше талдап берді.

Сондай-ақ, кітапхананың ғалым-хатшысы Камал Бұрханов қазақты тану үшін кез келген ұлтқа алдымен «Абай жолы» эпопеясын оқу туралы ұсыныс айтатынын жеткізді. «Абай – қазақ үшін ұлы энциклопедист ғалым. Қазақты танығың келсе алдымен «Абай жолы» романын оқы деген ұсынысымды кез келген ұлтқа айтар ем», деді ол.

 Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар Абайдың қазақ халқының рухани тіреніші екенін, ал, сондай дананы, ол өмір сүрген қоғамды халыққа таныстыруда ұлы жазушы Мұхтар Әуезов орасан зор еңбек сіңіргенін атап көрсетті. Айта кетейік, «Абай жолы» осы кезге дейін әлемнің 116 тіліне аударылған екен.

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»