Аймақтар • 14 Тамыз, 2017

СҚО-да психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді

785 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көп жыл бойы бос тұрған ғимаратты жөндеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, оған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті көшірілді.

СҚО-да психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді

«Орталық сөйлеу қабілеті бұзылған, көңіл-күй, эмоционалды-коммуникативтік қабілетінің дамуы нашар, көру және есту мүмкіншілігі төмен 18 жасқа дейінгі ұл-қыздармен жұмыс істейді. Бір курс үш айдан бір жылға дейін созылады», дейді М. Жұмабаев аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің директоры Динара Сәдуақасова.

Психолог Саида Владюктің айтуынша балалардың мінез-құлқы әрқилы болғандықтан, түрліше амал-тәсілдер жасалынады. Ол нейропсихологиялық және Монтессори элементтерін қолданатын көрінеді.

Сегіз кабинеттің барлығы ойыншықтармен және керекті құралдармен толық жабдықталған. Мұнда спортпен де шұғылдануға болады. Ең кішкентай келушілер құрғақ бассейнде жатып шынықса, ересектер жағы арнайы құрылғының көмегімен дене күштерін, бұлшық еттерін жаттықтырады.

Соңғы бір айда мамандардың қызметіне 40-қа жуық ұл-қыз жүгінген. Екі бала дертіне шипа тапса, сегізінің денсаулығы жақсара түскен.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»