Аймақтар • 15 Тамыз, 2017

Айдынды Алакөл

1404 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Демалыс орнына келесі жылдан бастап пойыз жүреді.

Айдынды Алакөл

«Алакөл қысы-жазы көз алдымызда ғой. Бірақ көлге биылғыдай көп адам кел­генін көрген емеспіз. Бұған көл жағалауының ретке келтіріліп, көл­ге дейінгі жолдың жөнделгені әсер ет­кені анық. Ең бастысы, қаншама ауыл тұр­ғыны екі қолға бір күрек тауып, жұ­мыс­пен қамтылды».
Алакөлдің дәл іргесіндегі Қабанбай ауылының тұрғыны Әлиақын Дәулет­баевтың сөзінен мақтаныш лебі еседі. Айт­са айтқандай, Алакөлдің жағалауы биыл адам танымастай өзгерген екен. Айна­дай жарқыраған көлдің жағасында ығы-жығы халық. Құдды құс базары секілді. Демалушылардың барлығының көңіл күйі көтеріңкі. Дәулет Ағыбаев есімді жігіт ағасы сонау Тараздан келіп­ті. «Алакөлге осымен үшінші мәрте ке­ліп тұрмын. Биыл халық тым көп екен. Көлдің жағалауы да ұзатылар қыздай құл­пырып, жайнап кетіпті. Алакөл деген Тәңірдің назары ауған құт мекен ғой. Бұл – шығыстың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Сондықтан, мұндай жердің қамқорлыққа алынып, демалушыларға тиісті жағдай жаса­лып жатқаны қуантады», дейді екі мың жылдан астам тарихы бар шаһар­дан келген демалушы. «Біз Ал­маты­да тұр­сақ та, Алакөлдің Шығыс Қа­зақ­­­станға қарайтын жағалауында де­мал­ғанды ұнатамыз. Себебі, бұл жердің суы да, жері де өзгеше. Соңғы жыл­дары мұндағы демалыс базалары жөн­деліп, қалашықтың келбеті өзгерді. Жа­ғажай­да да айтарлықтай жөндеу, тазарту жұ­мыс­тары жүргізілген екен. Енді кәріз су­ла­рын жағалауда қалдырмай, өзге бағыттарға әкететін жүйе салынса деген тілегім бар. Жалпы алғанда, мұнда атқарылып жатқан шаруаларға көңілім толады. Алакөл жағалауына келер жы­лы тағы да келеміз деп үміттенемін», дей­ді көлге Алматыдан арнайы келген демалушылардың бірі Гүлжан Нұрға­лиева.

Демалушылар саны 400 мыңнан асты

Жақында облыс әкімі Даниал Ахме­тов Алакөлдің жағалауымен, ондағы ат­қа­рылған жұмыстармен арнайы танысу үшін Үржар ауданына барғанда, көл жағасындағы демалушылар аймақ басшысын ыстық ықыласпен қарсы алып, алғыстарын жеткізді. Кейбір демалушылар тарапынан катерлер мен скутерлерге арналған оңаша су учаскесі болса, құт­қарушылар саны артса, көліктер тұрақтары көбейсе деген секілді ұсыныстар айтылды. Биыл Алакөлде демалушылар қатары жылдағыдан бір жа­рым есеге дейін артып, 400 мыңнан асыпты. Маусым соңына дейін бұл көрсеткіш 600 мыңға дейін жетуі мүмкін. Адам саны ғана емес, мұндағы қызмет көр­сету сапасының да әлдеқайда арта түс­кенін аңғарғандай болдық бұл жолғы са­парымызда. Бұрынғы ескі лашықтар мен вагондардың орнына көркемдігі көз тар­тар тамаша қонақүйлер жайғасыпты. Орталық көшенің бірі күрделі жөндеуден өтіп, жұрт сейіл-серуен құратын орынға айналыпты. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында суда да, жағалауда да қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, 80 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Демалыс базалары қалашығындағы қоғам­дық тыныштықты 4 полиция пунк­ті тәулік бойы күзетеді екен. Медици­на­лық пункт те күні-түні жұмыс істеп тұр. Ала­көлге мұнша көп адам келеді деп ой­ла­мағанын айтқан өңір басшысы жағалауда демалушылармен емен-жарқын әңгімелесіп, көлді дамытуға қатысты жос­­парларымен бөлісті. Биыл күрделі жөн­деу жұмыстары нәтижесінде жаңа кейіпке енген жағажайды тағы 500 метрге ұзартып, бұл жерге заманауи сау­да павильондарын салу қажет. «Бұл сау-да павильондары мемлекет тарапынан бөлінген қаржы есебінен тұрғызылып, ке­йін кәсіпкерлерге жалға беріледі. Со­ны­мен қатар, қалашықта мейрамхана биз­несін жандандырған жөн. Мұнда кез кел­ген келушінің қалтасы көтеретін дәм­ханалар болуы тиіс. Жағалауды жөн­ге келтіру мақсатында облыстық бюджеттен 550 миллион теңге, жолды жөндеуге 1,5 миллиард теңге бөлдік. Бұл қаражатқа жаңа автотұрақтар салып, фельдшерлік пункт аштық. Жаңа сая­бақ пен автовокзалды пайдалануға бер­дік. Дегенмен, біз мұнымен тоқталып қал­маймыз. Бірер жылда Алакөлді шы­ғыстың ғана емес, бүкіл еліміздің мақ­танышы болатын демалыс орнына айналдырамыз», деді облыс әкімі.

Кәсіпкерлерге 6-8 пайыздық несие беріледі

Тұрғындармен кездесуде айтылған жағым­ды жаңа­лық – келесі жылдан бас­тап Алакөлге келушілерге арнал­ған жолаушылар пойызының қатынай бастайтындығы. Яғни, 2018 жылдың шомылу маусымына дейін өңірде Өскемен – Шар – Жалаңашкөл бағытындағы те­­мір жол қа­тынасы пайда болады. Со­ны­­мен қатар, Жалаңашкөл стансасынан Алакөлге дейінгі автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтіп, пайда­лануға беріледі. Аптасына алты рет қатынайтын Астана – Үржар, Алматы –Үржар бағыттарындағы әуе рейстерінде шы­ғыс­қазақстандықтарға жеңілдіктер қа­рас­тырылуы да мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр күз­­­­де облыс әкімі Үржар ауданына ар­­­найы ке­ліп, Алакөлге байланыс­ты жиын өт­кізіп, сол жиында көлге абат­тандыру жұмыстарын дұрыс жүргізбейтін, санитарлық талаптарды дұрыс сақтамайтын кәсіпкерлердің демалыс базасын іске қосуға 2017 жылы рұқсат берілмейтінін қадап тұрып айт­қан-ды. Осы жолғы сапарында да ай­мақ басшысы мұндағы 150-ге жуық демалыс базасының иелерімен кез­десіп, көл жағасын одан әрі дамыту мә­се­лелерін талқылады. Жиында баяндама жасаған Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин бүгінде жағалаудағы 147 демалыс нысанының 113-і барлық талапқа сай жұмыс істеп тұрғанын, 10 нысанда анықталған заң бұзушылықтар ретке келтіріліп жатқанын, қалған 24 жер иесі әлі де болса кемшілікті жоюға асықпай отырғанын атап өтті. Өңір басшысы кемшілікті жоюға асықпайтын кәсіпкерлерге бұдан былай кеңшілік жасалмайтынын, көл жағалауында жұмыс істеуге рұқсат берілмейтінін жеткізді. «Бұл – бір, екінші мәселе, заң бұзушылықты қысқа мерзімнің ішінде жоюға уәде беріп отырған кәсіпкерлерге қатысты. Біз сіздерге қалыптасқан қиын жағдайдан шығудың оңай жолын ұсынып отырмыз. Сіздерге «Даму» қоры арқылы сегіз жылға дейінгі мөлшерлемесі 6-8 пайыздық несие берілетін болады. Мұндай жеңілдіктерді сіздер ешбір банк­тен таппайсыздар», деді облыс әкімі.

Үржар ауданына жұмыс сапары аясын­да Даниал Ахметов Қабанбай ауылындағы 20 жыл бойы қаңырап тұрған бұрынғы мәдениет үйінің ғимаратын көріп, жер­гілікті тұрғындарға ру­хани орданы қал­пына келтіруге кө­мек­тесуге уәде берді.
 
Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы
 
Суреттерді түсірген 
Владимир ПЕТУХОВ