Аймақтар • 15 Тамыз, 2017

Сарапшылар мәдени мұраларды сақтау мәселелерін талқылады

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында (ӘЭСИ) «Жаһандық бәсекелестік жағдайындағы қазақстандық мәдениет: күтулер мен шынайылық» атты дөңгелек үстел өтті.

Сарапшылар мәдени мұраларды сақтау мәселелерін талқылады

Пікірталасқа белгілі қазақстандық сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен шығармашылық қауым өкілдері қатысты. Олардың қатарында: Шайзада Тоқтабаева, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері; Ольга Батурина, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Тарих және бейнелеу өнері теориясы» кафедрасының профессоры; Дина Дуспулова, «Алматы – Дом Мира» арт агенттігінің директоры; Евфрат Имамбек, ЮНЕСКО сарапшысы; Гүлмира және Гүлнар Ғаббасовалар, режиссер–хореографтар; Гүлзада Омарова, өнертанушы; Әлия Масалимова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы; Эдуард Полетаев, саясаттанушы, «Мир Евразии» қорының жетекшісі; Андрей Чеботарев, саясаттанушы, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры; Марат Шибутов, саясаттанушы.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мәдениет саласындағы жаңғыру мәселелері мен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы басты тапсырмалар аясындағы дәстүрлі мәдениетті сақтаудың ағымдағы механизмдерінің нәтижелілігін талқылады.

- Отандық мәдениеттің дамуы үшін жан-жақты қолдау мен барынша қолайлы жағдай жасау Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Жаһандану процестерін тереңдету жағдайында дәстүрлі мәдениетті дамыту мен сақтау, оның ішкі және сыртқы сын-тегеуріндерге төтеп бере алу қабілетін арттыру ерекше маңызға ие, - деді өз баяндамасында ӘЭСИ Алматы өкілдігінің басшысы Асқар Нұрша.

Сарапшылар, сондай-ақ, Қазақстанның мәдени әл-ауқатын нығайту, Қазақстанда жасалған мәдени өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыру үшін сол өнімді пайдалану мәселелеріне де ерекше назар аударды. Сонымен бірге, жиналғандардың сөзінше, Қазақстандағы мәдени келісімнің бірегей моделі болып саналатын ұлттық мәдени код пен елдегі ұлттардың дәстүрлі құндылықтарын сақтауды қамтамасыз ету үлкен маңызға ие.