Аймақтар • 15 Тамыз, 2017

Хат қоржын

925 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын

Ажары айшықты ауыл
Туып-өскен жерім Бірлестікке келген сайын көңілім көтеріліп, ерекше шабытқа бөленемін. Ауылымыз уақыт ағымы қанша құбылса да, құт-береке дарыған берік дәстүрінен айныған емес. Тәуелсіздік жылдары жаңадан 65 үй тұрғызылып, түтін саны 150-ге жетті. Жылына 10-12 сәби іңгәлап дүние есігін ашады.

Ауылдастарым шетінен еңбекқор, ұйымшыл. Үлкендерден үлгі-өнеге алған жастарымыз ел ертеңінің лайықты ізбасары ретінде өсіп келеді. Тұрғындарды 1991 жылы жатақхана үлгісінде салын­ған, не спорт залы, не асханасы жоқ ғимараттың жайы қатты толған­дыра­тын. Мектептегі 128 оқушы, даярлық тобындағы 22 бала, шағын орталық­тағы 30 бүлдіршін үшін өте тарлық ететін. Жерлесіміз, Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырманмен өткен кездесуде көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселені жеткізген болатынбыз. Жуырда жақсы хабар алдық. Халық қалаулысы облыс әкіміне кіріп, болашағы жарқын елді мекен тұрғындарының мұқтажына көмектесуді өтініпті. Депутаттық сауалға орай спорт залының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлініп, жергілікті қазына қаражаты есебінен 2018 жылы салынатыны айтылыпты. 
Туған жерге туын тігіп, ауылдың өркендеуіне лайықты үлес қосып жүрген мұғалімдер мұндай шешімге ерекше риза. 

 Тайлақ ЖАЛМҰРЗЕНОВ,
 еңбек ардагері
 Солтүстік Қазақстан облысы,
 Айыртау ауданы


Желтоқсандықтарға тағзым

 Жуырда Түрген ауылдық мәдениет үйінде «Желтоқсан құрбандарына мың тағзым» атты еске алу кеші өтті.
 Таутүрген орталау мектебінің мұғалімі Есендос Асубай Желтоқсан оқиғасына тоқтала келіп, тәуелсіздік үшін жанын құрбан еткен жас­тарды үнсіздікпен еске алып, тағзым етті. Түрген ауылының әкімі Бота Елеусізова да Желтоқсан оқиғасының тарихи мәніне тоқтала келіп, жастарды білімді меңгеріп, еліміздің патриоттары болуға шақырып, осы кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Мектеп оқушылары Желтоқсан құрбандары жайлы өлеңдер оқып, айтулы оқиғадан бейнекөріністер ұсынылды.
 Түрген ауылдық кітапханасының қызметкері А.Карбозова желтоқ­сан­дықтардың Отанға деген адалдығы мен арманын, шыншылдығы мен жеңісін ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау біздің міндетіміз дей келе, Түрген ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен ауыл ай­мағындағы мектептер арасында «Желтоқсан желі – ызғарлы» атты шығармашылық байқау өтетіндігін жариялап, оның ережесі мен қойылатын талаптарын айтып өтті.

Г.САЙБОСЫНОВА 
Алматы облысы


Пысықайларға айыппұл салынды
Алкоголь өнімдері мен темекі саудасына шектеу қойылғанымен, кей­бір базар аумақтарында зиянды өнімдердің саудасы қызып тұр. Осы­ған орай Маңғыстау аудандық саламатты өмір салтын қалып­тас­тыру орталығы мен аудандық жастар ресурстық орталығы маман­дары­ның мұрындық болуымен, аудандық жергілікті полиция қыз­меті­нің қол­дауымен арнайы топ құрылып, Шетпедегі сауда орындарында түсінік жұмыстарын жүргізу үшін рейд ұйымдастырылды. Құзыр­лылардың ескертулеріне құлақ аспай келген пысықайларға айыппұл салынды.
Біздің рейдтің мақсаты – түнгі мезгілде және кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдерге арақ-шарапты сатқызбау. Айта кетейін, екінші жарты жылдықта Шетпеде түнгі беймезгіл уақытта зиянды өнімдерді саудалаған 10-ға жуық сауда орындарының иелеріне бірнеше рет айыппұл салынған. Алдағы уақытта мұндай шараны жиі ұйымдастыратын боламыз. 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы


Жекеге жем сатылса екен...
Қазіргі таңда Астана қаласында тұрсақ та, өскен жер – ауыл жаққа қарай елеңдеп жүреміз. Кіндік қан тамған топырақта туған-туыс, дос-жаран қалды. Солармен анда-санда бір тілдесіп, ауыл-аймақтың амандығын біліп тұрудың өзі әрбір саналы азаматтың перзенттік парызы деп ойлаймын. 
Жақында Қарағандыдағы Нұра ауданының орталығы Нұра ауылындағы таныстарыма телефон соққанымда, мынадай әңгімеден құлағдар болдым. Өңірде егіннің биік шыққаны белгілі, қамба толы астық. Дегенмен, аудан орталығындағы азын-аулақ малына қарап отырған ағайын жемнен қысылып отыр екен. Жекеге жем сатылмайтын көрінеді. Элеваторлар мен қоймалардың маңы күнұзақ кезек күткен адамдарға толы. Өкініштісі сол, жем үшін жанжалдасып қалатын тұрғындар да бар дейді...
Бүгінгі күнде астық өсіретін шаруашылықтардың бәрі жекеменшік­тің қолында екені белгілі. Әлбетте, олар өнімін кімге, қайда сатар­ла­рын өздері біледі. Дегенмен, аудан басшылары қарапайым ша­руа­лардың мұңына құлақ түріп, осы мәселенің шешімін тапса деген тілек бар. 

Бейсенбек ӘЛКЕНОВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері
АСТАНА 


Кітап оқитындар жеткілікті
Амангелді ауданының орталығында еңселі екі қабатты ақшаңқан ғимарат алдында жастарға үлгі өнеге-болатын екі үлкен ескерткіш тұр. Бірі − жазушы артына өшпес мұра қалдырған Ақан Нұрманов, екіншісі ауданымызға мәдениеттің нұрын сепкен  мәдениеттанушы Төкен Елтебаев. Ал, осы ғимараттың ішіне енсеңіз рухани байлығымыз – кітапхана сізге есігін айқара ашады. Жыл өткен сайын кітапханамыз жаңа басылымдармен, әртүрлі сериялармен шығарылған ақын-жазушылардың кітаптарымен толықтырылып келеді. Оқырман саны да көбеюде. Кітапханамызда әртүрлі іс-шаралар жиі өтеді. Орталық кітапхананың негізгі оқырмандары оқушылар, зейнеткерлер, ұстаздар, мекеме қызметкерлері. Әр оқырман оқыған кітабынан рухани  ләззат алғысы келеді. Сондықтан сұраған әдебиеттерін тауып, тілін табуға әр кітапханашы мүдделі. Кітапханаға жиі келетін оқырмандарымыз. Қозы Сейдахметов, Нұрсұлу Әбділдина, Кәтеп Әбдірахманова, Серік Жұмағұлов,  Бақыткерей Асқаров, Нұрлыбек Кенжебеков, Анатолий Говриленко, Бейсенғали Ахметов, Жаңыл Сейдахметова, Дүйсенбек Сәрсенбетов, т.б. 

Әр оқырманның талап-тілектері әртүрлі, кейбірі баспасөз басылымдарынан бірнеше жыл бұрын шыққан материалдарды  іздейді. Тарихи кітаптарға, кәсіпкерлікке байланысты, мал шаруашылығы, техника туралы әдебиеттерге сұраныс жоғары.  

Мөлдір Әміржанова 
Қостанай облысы, 
Амангелді ауданы