Әдебиет • 15 Тамыз, 2017

Астанада «Ғали ғибраты» атты еске алу кеші өтті

1127 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жарбиған жаман тон, тымақ, Жабысып кетті үстімде. Жанайын деген бір шырақ, Жалтылдап кетті ішімде»-деп Ғали атты бала ақын шамамен жүз жыл бұрын жырлаған екен.

Астанада «Ғали ғибраты» атты еске алу кеші өтті

Жетімдіктің тақсіреті, тұрмыстың жадаулығы жанайын деп тұрған шырақты қайдан өшірсін? Жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, ел ішіндегі айтыстарды жаттап алып, оны домбыраға қосып айтып, жастайынан «жыршы бала» атанған Ғали Ормановтың жыр әлеміне өзіндік өрнек салмауы мүмкін емес еді. Ол өрнектер қазақ әдебиетінің тарихына ақынның есімін шегелеп берді десе де болады. Биыл ақынның туғанына 110 жыл толыпты. Соған орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ғали ғибраты» атты еске алу кеші өтті.

Кешті белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы жүргізді. Ол Ғали Ормановтың қадір-қасиетін, әдебиеттегі орнын байыппен әңгімелеп берді. Ұлтқа, әдебиетке қызмет етудің үлгісін көрсеткен лирик ақынның соңынан сөз ермеген таза болмысын айта келіп, «оның классикалық жырларын оқу керек» деп бір тоқтады. «Бізде классик ақындар өте көп. Сондықтан біз олардың қадірін онша біле бермейміз. Қазіргі заманда кімнің артында іздеушісі бар солар көп насихатталады да, басқа ақын-жазушылар ұмытылып барады. Біз оларды насихаттай білуіміз керек»-деді кешті жүргізуші.

Еске алу кешінде ақынның қызы Жәмиға Орманова біршама құнды естеліктер айтты. Жас кездерінде Жамбылды көргендерін, қарт жыраудың үйлерінде бірнеше рет қонақ болғанын әңгімеледі. Әкесінің Жамбылға хатшы болған күннен бастап Жамбыл қайтыс болған күнге дейін латын әрпімен күнделік жүргізгенін, бірақ ол күнделіктің еш жерде толықтай жарияланбағанын, бүгінде ол күнделік өзінде екенінен хабардар етті. Жамбыл Жабаев қайтыс болған соң 1946 жылы тұңғыш рет оның үш бөлімнен тұратын шығармашылығының академиялық толық жинағын басып шығаруға үлкен еңбек сіңіргенін де жеткізді. Жалпы, Жамбыл Жабаевтың хатшысы болған қаламгерлер бірнешеу. Олардың қатарында Қуандық Шаңғытбаев, Тайыр Жароков та бар. Бірақ, қарт жыраудың Ғали ақынмен қарым-қатынасы, сыйластығы жайында түрлі естеліктер, әңгімелер көп сақталған.

  Ғали Орманов лирик ақын. Оның лирикасы Тұманбай Молдағалиев, Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев қатарлы ақындардың шығармашылығына әсер еткені кеш барысында айтылды. Еске алушылар оның сыршыл өлеңдерінде жасандылық пен жағымпаздықтың, жалаң ұранның жоқтығын байқампаздықпен жеткізді. Бұл орайда филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтың пікірлері арқылы қазақ лирикасы жүйрігінің шығармашылық ерекшелігі айқындалды. Жастайынан халықтық фольклордан, ауыз әдебиетінен хабары мол болып, небір ұзақ дастандарды жатқа айта алатын баланың өсе келе азаматтық лирика мен табиғат, махаббат лирикаларын ұштастыра жырлауы заңдылық еді.

Кеш барысында түйгеніміз ең алғашқы «Шеңбер» атты кітабынан кейін «Абысын сыры», «Өмір дастаны», «Ой қанаты», «От өзен» атты өлең жинақтарын шығарып, қазақ поэзиясына өзіндік үлес қосқан, М.Лермонтовтың, С.Есениннің, Мақтымқұлының, Л.Толстойдың шығармаларын қазақша сөйлеткен Ғали Ормановтың жақсы аты ешқашан да өшпек емес. Оны ақынның жырларын жатқа оқыған Астанадағы Ғали Орманов атындағы №7 мектептің жас бүлдіршіндері де дәлелдегендей болды. Еске алу кешінде аталған мектепте тұрған ақынның заттары мен кітаптары көрмеге қойылды.

Айгүл СЕЙІЛ,

«Егемен Қазақстан»