Аймақтар • 15 Тамыз, 2017

Эстония электронды үкімет жүйесі тәжірибесімен бөлісті

732 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірқатар қазақстандық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорация өкілдері Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб қолдауымен электронды басқару саласындағы эстон тәжірибесімен танысты.

Эстония электронды үкімет жүйесі тәжірибесімен бөлісті

Эстонияның электронды басқару академиясында (eGA) электронды үкімет жүйесі негізгі қағидаттары мен элементтері, оның ішінде саяси және заңнамалық аспектілер талқыланды. Академия атқарушы директоры Арво Отт жоғары технологияларды дамыту мемлекеттің тәуелсіздік алғаннан кейін негізгі басымдылықтарының біріне айналғанын жеткізді. Қазір Эстония - Еуроодақтың сандық технологиялар саласын дамыту бойынша көшбасшы елдерінің бірі.  

Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов ғаламдану, ақпараттық технологиялар дамуы мемлекеттік қызметке жаңа сынақтар мен жаңа мүмкіндіктер туғызғанын айтты. Эстония тәжірибесі - инновацияны мемлекетті басқаруда тиімді пайдалану үлгілерінің бірі. «Мысалы, сандық технологияларды енгізу арқылы былтыр осы елдің үкіметі азаматтардың бұрын мемлекеттік қызметті алу үшін кезекке кететін бір аптадай уақытын және қорғанысқа жұмсалатын бюджетке тең қаржыны үнемдеген», - деді Байменов.

Қатысушылар білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық көліктерде қызмет көрсету, «смарт-сити» жобасын жүзеге асырудың бір бөлшегі ретінде Таллин қаласы тұрғындарымен онлайн-құралдар арқылы қарым-қатынас жасау және құқық қорғау жүйесі сияқты әрі түрлі салалардағы инновациялық шешімдермен танысты. Әсіресе емделушінің барлық мәліметтерін, оның ішінде медициналық сақтандыру құжатын да ортақ порталда шоғырландыратын денсаулық сақтау саласындағы интеграцияланған электронды жүйе қызығушылық тудырды.

Академия сарапшылары электронды идентификация механизмдері мен сандық процедураларды қауіпсіз жағдайда жасаудың негізі саналатын электронды қолтаңба жайлы баяндады. Мамандардың айтуынша, Эстонияның барлық дерлік азаматы электронды қолтаңбаға ие, бұл «сандық мемлекет» қызметін, мәселен, ұялы телефон арқылы жедел алуына жол ашады.  

Қазақстандық делегация, сонымен бірге Ұлттық Call Орталығында болып, эстон депутаты, эстон-қазақстандық парламенттік топтың төрағасы  Денис Боро́дичпен де кездесті. Кездесу барысында Эстонияның интернет арқылы Парламентке дауыс беру өткізген алғашқы мемлекет екендігі айтылды. Ал 2000 жылдың тамыз айында Эстония құжаттар желісін пайдаланып, қағазсыз отырыс өткізген әлемдегі бірінші ел болды.

Бағдарлама аясында «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов және eGA атқарушы директоры Арво Отт мемлекеттік қызмет көрсету саласында ақпарат алмасу және ынтымақтастықты дамыту бойынша меморандумға қол қойды.

Хабтың тұрақты серіктестерінің бірі – eGA - электронды басқару, электронды демократия және ашық ақпараттық қоғамды дамыту бойынша озық тәжірибе мен білім  қалыптастыру және таратуға бағытталған сараптамалық орталық әрі кеңес беру ұйымы. Академия 60-тан астам елдің 3500 мемлекеттік қызметкерін оқытып, 60-тан артық халықаралық ақпараттық-коммуникациялық жобаларға қатысқан.

Қазақстандық делегация Хельсинки қаласында да фин әріптестерімен кездесіп, мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін арттыру тәсілдері мен мемлекеттік қызмет көрсету жолдарын жақсарту туралы пікір алмасты. Финляндия Қаржы министрлігінде тараптар мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб - аймақтағы мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе мен білім алмасудың институционалды алаңы. Қазіргі таңда Хабтың қатысушы-елдері қатарында 38 мемлекет, оның ішінде Америка, ЕО, ТМД, Кавказ және AСEAН елдері бар.