Білім • 16 Тамыз, 2017

Жас ғалымдар пікірлесті

554 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ел­басының қорында «Burabai Forum: Қазақстан мен Ресей шекаралық ынтымақтастығы» атты халықаралық форум бас­талды.

Жас ғалымдар пікірлесті

Жиынды ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев форумның мақсаты екі елдің әріптестік байланысын нығайтып, трансшекаралық мәселелерді шешуге үн қосу екенін жеткізді. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, біз мемлекеттер шекарасында ұзақ мерзімді экономикалық өсу орталықтарын дамытуға тиіспіз. Шекаралас елдердің арасында тығыз байланыс болмаса, қандай саланың да өркендеуі қиын. Жалпы, саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық уағдаластықтар нақты жобалар арқылы жүзеге асырылуы керек. Осы орайда қазіргі заман технологиясының тілін меңгерген, жаңаша көзқарасы бар жас ғалымдардың пікірі мен ой-ұсыныстары біз үшін маңызды», деді Қанат Несіпбайұлы. 

Оның айтуынша, Елбасы қорында жас ғалымдар кеңесі жұмыс істейді. Олар Ресей ғылым академиясындағы жастар кеңесімен бірлесіп, жаһандық трендтерге қатысты ойларын ортаға салып, екі ел үкіметіне, басқа да ұйымдарға ұсынымдар әзірлемек. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, машина жасау, IT-технология, биотехнология секілді салаларда көптеген зерттеу жүргізіп, мемлекеттердің дамуына пайдасы мол бірлескен жобалар жасамақ.

Бұдан кейін сөз алған Ресей Ғылым академиясының жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Андрей Котельников былтыр жас ғалымдардың ІІ еуразиялық форумын өткізу мәртебесін Қазақстан иеленгенін, осынау алқалы жиында әлемдік ахуал­дарды шешуге байланысты маңызды мәселелер көтерілгенін атап өтті. «Қазіргі таңда әлем құбылмалы жағдайды бастан кешіп отыр. Дүние жүзінің көптеген еліндегі шиеленісті жағдайлардан біздің мемлекеттер де тыс қала алмайды. Сондықтан ғаламшардағы оқиғаларды қалт жібермей, өзіндік көзқарасымды білдіріп, белсенді болуымыз керек. Біздің күш-жігеріміз біріккенде ғана кедергілер мен қиындықтарды еңсере аламыз», деді ол.

Ал С.Кутателадзе атындағы жылу физикасы институтының ғалымы Сергей Двойнишников биыл Қазақстан ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізу арқылы күллі әлемнің назарын өзіне аударып отырғанын айта келе, болашақ энергиясы бүгінде ғаламшарды алаңдатып отырған өзекті тақырып екенін алға тартты. Баламалы энергия көздерін дамытудың пайдалы тұсын айтқан ол энергетика технологиясының тиімділігін арттыратын оптикалық жүйе туралы жобасын жұртшылыққа таныстырды. Оның айтуынша, мұндай жаңа жүйе өндірістік және техникалық қыз­мет көр­сету шығындарын азай­тып, қауіпсіздікті арттыратын кө­рінеді. Сондай-ақ, энерге­тика­лық технологияның қуатын жоға­рылатып, қолданыстағы энергоагрегаттарды заманауи диагностикалық жүйемен қамтамасыз етеді. 

Халықаралық форум бүгін Бурабай курорттық аймағының «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде жалғасады. Онда фо­румға келген белгілі ғалым-сарапшылардың шеберлік дә­рі­стері өтіп, Қазақстан мен Ре­сей­дің шекаралас аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы мен туристік кластерін да­мыту мәселелері кеңінен талқыланады.

Жалпы, алқалы жиынға бар­лығы 100-ден аса ғалым қатысып отыр. Форумда биотехнология, нанотехнология, дәстүрлі және баламалы энергияның даму болашағына қатысты бас-аяғы 40-тан аса баян­дама оқылатын болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»