Медицина • 16 Тамыз, 2017

Ештен кеш жақсы

1499 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ештен кеш жақсы

Қазақтың беті еңбекке бұрылды
Қазақ халқы бүкіл өмірінде төрт түлік малмен жан баққан. Менің әкем Досымжан Жақыпов Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, 1911 жылы туған, 91 жасында өмірден озды. Ешкімде шаруасы жоқ, бөтен іске кірісіп, араласпайтын. Қара жұмыстың ардагері еді. Құрметті зейнеткерлікке шығысымен ауылдағы тұрғын үйдің жанындағы бар-жоғы 10 сотық жерге жоңышқа егіп, жазда сол жерден қолындағы азын-аулақ малына бір қысқа жететіндей өнімді үш рет шауып жинап алатын. Бұл туралы аудандық газетте мақтап мақала жазғандар бар. Қазақ халқы ерекше халық қой. Мен қазақты еріншек, жалқау дегендермен келіспеймін. Кейде өзімізді өзге ағайындармен салыстырып, арзан күлкіге айналдырып, жағымсыз әдетке бой алдыртатынымыз жанға батады. Оған мысал, арамызда өнертапқыш, жаңалыққа жаны құмар ізденімпаз жастар өте көп. Газет, журнал беттерін ақтарсаң неше түрлі өнертапқыштарды кезіктіресің. Солардың бірі – алматылық Әділхан  Айдарбеков деген азамат. Ол шөп шабатын пневматикалық машина ойлап тапқан. Сол машина жоңышқаны шапқанда бірден орып алып, топыраққа түсірмей кептіріп, жинайтын орынға жібереді. Осы тәсілде жоңышқаның құрамындағы кератин, протеин сияқты малдың ағзасына өте қажетті витаминдер бұзылмай, табиғи қалпында сақталып қалады. Жоңышқаны шауып, жинап алған жерді уақыт өткізбей, бірден суарса, бір жазда 6-7 рет шауып, таза өнім жинауға болады екен. Алайда Әділхан Оспанқұлұлының осы еңбегін жария етіп, өндіріске қоюға еш жерден қолдау таппай, сан соғып жүргеніне біраз болыпты. Қолында билігі бар ақшалы адамдар өнертапқышпен ортақтасқысы келеді. Өнертапқышта 1995 жылдан мемлекеттік тексерістен өткен екі бірдей патенті бар. Оның есебі бо-
йынша республикалық деңгейде 25 мың пневматикалық шөп шабатын машина жасап шығару керек. Осы жұмыс дұрыс жолға қойылса, 60 мың адамды жұмыспен қамтуға болады екен. Өстіп азғантай жерден көп өнім алуға болатындығын өнертапқыш тәптіштеп сендіруде. Бұл іске мемлекеттік тараптан білікті қолдау керек сияқты. 

Мемлекеттік тілді неге менсінбейді?
Географиялық құлашымызды алысқа сермегендіктен, казіргі заманда ағылшын тілін білген өте пайдалы. Бірақ, бірінші сыныптан үш бірдей тілді игеру өте қиын. Балалардың барлығы вундеркинд емес. Қазақ баласына, жалпы қазақстандықтарға мемлекеттік тілімізді бірінші игеруіміз керек. Біздің қазақи менталитетіміз ерекше. Қонақ күту, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші дейтін, сыйластық қасиеттеріміз баршылық. Басқа ұлт өкілдері қазақша сөйлеп тұрса, қалай қазақша сайрап тұр деп таңдай қағамыз. Ол дегеніміз, қазақ жерінің ауасын жұтып, суын ішкен адамның қазақ жеріне, ұлтына деген үлкен құрмет емес пе?! Ал көшеде кезіге қалған екі қазақ бір-бірімен орыс тілінде сөйлесіп тұрса, қарадай қарнымыз ашады. Бұл дегеніміз − өткен ғасырдың қасіреті. Орыс тіліне деген тәуелділіктің басым болғандығы. Ендігі жерде Ата Заңымызда көрсетілгендей, мемлекеттік тіл қазақ тілі деген екенбіз, ендеше сол мемлекеттік тілге ерекше басымдық беруіміз керек. Сонда ғана мемлекеттік тілге деген қажеттілік туындайды. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге талпынған адам мемлекеттік тілді үйренуге ынталанады. Бара-бара барлық іс қағаздары мемлекеттік тілге біртіндеп көшетін болады. 

Жағымсыз әдет жарға жығады
Қоғамда жағымсыз әдеттер өте көп. Солардың бірі – жағымпаздық. Жағым­паз­дар көбейіп, жазылмайтын дерт­ке ай­налып барады. Жағымпаздық жай­лаған мемлекет еш уақытта алға жылжуы мүм­кін емес. Оларды дер кезінде әшкерелеп отыратын сөзі өткір, сыны алмас қылыштай шауып өтетін беделді шығармашылық топ құрылуы керек. Ол топ мемлекеттік тараптан қолдау табатын, айтқаны бұзылмайтын, бұлжымайтын қоғамдағы қалыптасқан іргесі мықты бір ұжым болуы тиіс. Осындайда Оспанхан Әубәкіровтің бір сықағы еске түседі. «Бас­тығыңа жағыну үшін, бастығың не істе­се соны істе, күлсе күл, жыласа жыла, отыр­са отыр, тұрса тұр, т.т. Әгәрәкім бастығың өле қалса, көме сал» депті. Жа­ғым­паздар, жанторсықтар кімдер дейсіз ғой? Олар – білімі таяз, өз күшіне өзі сенбейтін, шамасы келмейтін іске «ынтасы» зор адамдар. Немесе, алғашқы таңдаған мамандығының дәрежесі төмен екендігін сезініп, таланты табиғатында жоқ болса да халыққа танымал болғысы келетін қызметті аңсағандар. Олар – мансапқорлықтың нағыз құлдары. 

Мәдениетке кәсіби мамандар керек
Қазіргі кезде Қазақстандағы барлық облыс, аудандардағы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасында істейтін мемлекеттік қызметкерлердің басым көп­­шілігі қазақ әдебиеті пәнінің мұға­лім­дері болып келетіні рас. Ал өкініш­ке қарай, онда музыка, театр өнері сала­сы­ның қызметкерлері сирек кезігеді. Айтпағым, музыка мамандарын дайындау дегеніміз өте қиын да ұзақ шаруа ғой. Оларды дайындау басқа мамандықтарға қарағанда әлдеқайда қымбатқа түседі. Музыканттардың өзіндік ерекшеліктерін әкімдікте істейтін мемлекеттік қызмет­ке­р­лер көбіне түсіне бермейді. Өйт­кені, әкімдікте қызмет істеп отырған бас­­­шылардың барлығы сегіз қырлы, бір сыр­лы емес қой. Әкімдік қызметкері музыка саласы бойынша қабілетті болуы міндет емес. Дегенмен, жалпы өнерге жа­қындығы бар басшылардың жұмысы әдет­те жақсы жүретіні бұрыннан белгілі. Сон­дықтан, мен мәдениет басқармасы сала­сында жұмыс істеп отырған басшы­ның арнайы музыкалық білімі болуы керек деп есептеймін. Мәдениеті жоғары дәрежеде дамыған мемлекет әр уақытта дамушы мемлекеттердің алдыңғы қатарынан көрінбек. Музыка өнері бүкіл ұлттың, мемлекеттің рухын көтеретін, мемлекет туын аспандататын мықты құралдың бірі. Сондықтан Қазақстандағы музыка мамандарын даярлайтын барлық ірілі-ұсақты оқу орындары түгелімен Мә­дениет жә­не спорт министрлігіне қа­рағаны дұрыс. Себебі, мамандыққа бей­ім­деп оқыту, методикалық іс-тә­жі­ри­бе­лік жұмыстар – барлығы арнайы бағ­дар­ламаларға негізделіп, кәсіби маман­дар­дың бақылауында болғаны жөн. 

Сананы сапа билейді 
Оқу орындарындағы ұстаздардың білімдерін уақытында жетілдіріп отыру, олардың білім беру сапасының іс жүзінде де, қағаз жүзінде де жоғары дәре­же­де уақыт талабына сай болуы да­му­шы елдің игілікті шаруасы. Қазіргі музы­ка­лық мамандық бойынша музыка ас­пап­тарында ойнайтын мамандардың ой­нау шеберліктері жақсы-ау, алайда тео­риялық мамандыққа қосымша алған бі­лім­дері көңіл көншітерлік жағдайда емес. Мысалға, шығарманы оркестрге ыңғайлап түсіру, бір музыка аспабындағы шы­ғарманы екінші аспапқа айналдыру, аран­жировка, т.т. сол сияқты салалардағы білімдері таяз болып жүр. Қазақстандағы жо­ғары білім беретін көптеген мұғалімдік оқу орындарының жанынан, бастауыш мек­тептерде музыка пәні сабағынан бе­ретін шәкірттерге арнайы факультет ашы­лып, жұмыс істеп жатқан жайы бар. Ондағы музыка пәні мамандығын дай­ындау, оқыту талабы мамандыққа сай дәрежеде жоспарланбаған. Сол себепті, аталған музыка пәні бойынша бітірген мамандар музыкалық аспаптарда ойнауды толық игеріп үлгермейді. Мұндағы оқып жүрген музыка мамандарының білі­мі, музыкалық колледждің беретін бі­лімі деңгейінен әлдеқайда төмен. Му­зыкалық аспаптарда ойнай білмеген ма­ман өз дәрежесінде сапалы сабақ бере ал­майтыны анық. Әдетте, бұл пәнге бірін­ші кезекте музыкалық колледжді бітірген мамандар алынады. Кейде мем­лекетімізге пайдасы жоқ мұндай фа­куль­теттерді сақтаудан қаншалықты ұтып, не ұтылып отырмыз деген ой ке­ле­тіні рас. Музыка өнері бойынша білім бе­ре­тін мамандар Құрманғазы атындағы консерваторияда, Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытылып, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылса екен. Елімізде жүргізілетін түрлі деңгейдегі мәдени іс-шаралар сапасы сондай жағдайда ғана жоғары дәрежеде болар еді.

Қадыр ДОСЫМЖАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Семей қаласы Мәдениет және  тілдерді дамыту бөлімі, Ардагерлер кеңесінің төрағасы