Ат спорты • 16 Тамыз, 2017

Астана клубы – ел чемпионы

385 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы Талғар ауданындағы ат спорты кешенінде шөген ойынынан Қазақстан чемпионаты өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған бұл турнирге еліміздің мықты деген алты командасы қатыстып, бақ сынады.

Астана клубы – ел чемпионы

Атап айтқанда, Оңтүстік Қа­зақстан, Ақмола облыстық шө­ген федерацияларының командалары, «Аққия», «Әулие­ата» шөген клубтары, «Astana polo club» және «Almaty polo club» ұжымдары біріншілік жүл­делерін сарапқа салды.

Жарыс қорытындысында барлық ойындарында қарсы­лас­тарынан басым болған қос команда – «Astana polo club» және «Almaty polo club» клубтары турнирдің бас жүлдесі үшін майдан салды. Жалпы, бұл екі команда бірнеше халықаралық турнирге қатысып, мол тәжірибе жинақтаған азулы ұжымдар. Еске салар болсақ, «Astana Polo Club» командасы 2016 жылы Аргентинаның Лухан қаласында өткен халықаралық тур­нирде топ жарған. Бұдан бөлек, 2017 жылы Аргентинадағы «Santa Catalina Summer Cup» және «Torneo Summer Polo Match» ха­лықаралық турнирлерінде осы екі команда шетелдік шө­ген­шілерді шаң қаптырған-тұғын. Сондай-ақ, биыл елімізде өткен «Almaty Snow Polo Cup» халықаралық додасында да аталған қос команданың алтын және күміс жүлделерді өзара бөліскені бар.

Міне, осындай сыралғы қар­сыластар арасындағы ойын тар­тысқа толы болды. Матч­ты тама­шалаған жанкүйер қауым да құмардан шығып, шөген саң­лақ­тарына деген қоше­меттерін қиқу салып көрсетіп отырды. 

Сонымен, шешуші ойында шын шеберлігімен көзге түскен «Astana polo club» ұжымы алма­тылық шөгеншілерді 6:4 есебімен жеңіп, 2017 жылғы ел чемпионы атанды. Ал жүлделі үшінші орынды Ақмола облы­сының шө­геншілерінен 2:1 есебімен басым түскен «Әулие­ата» клубы иеленді. Еске салсақ, былтыр тұң­ғыш рет өткен ел чемпионатын осы «Әу­лиеата» шөген клубы жеңіп алған болатын.

«Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бас серіктес жә­не «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры әлеуметтік серіктес бол­ған біріншіліктің жүлде қоры 2 миллион теңгені құрады. Қазақстанның жаңа чемпионы «Astana polo club» клубы 1 миллион теңгенің сертификатына ие болса, күміс жүлдегер атанған «Almaty polo club» командасына 600 мың теңге бұйырды. Қола медаль иесі «Әулиеата» ұжымы 400 мың теңгенің жүлдесіне қанағат етті.

Жарыс нәтижесінде үз­дік шыққан ойыншылар мен сәй­гүліктер арнайы жүлде­лермен марапатталды. Мы­салы, «Almaty polo club» коман­дасының капитаны Қуаныш Мұсабеков «Үздік ойыншы» аталымы бойынша озып шықса, «Үздік поло пони» болып «Мау­сым» атты сәйгүлік танылды.

«Егемен-ақпарат»