Білім • 23 Тамыз, 2017

Сойымыз бір, сөзіміз бір, өзіміз бір

382 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркі дүниесінің жас қалам­­герлері әдебиеттің сөзін тал­қы­­лау үшін гөзел шаһар – Ыстан­бұлда бас қосты. Бұрын­ғы­ша айтқанда саратан айының 14-і мен 18-і аралығында Түркия Рес­пуб­ликасы Мәдениет жә­не ту­ризм министрлігінің қолдауы­мен Еуразия Жазушылар ода­ғы қауымдастығының ұйымда­стыруымен өткен мағыналы бас қосудың жағымды әсері мен рухани тәжірбиемізге тигіз­ген едәуір пайдасын сезініп қайт­тық.

Сойымыз бір, сөзіміз бір, өзіміз бір

Әсіресе, мұндай жиын­дар­­да башқұрт, татар, гага­уыз, құ­мық, чуваш, қырғыз, өз­бек, түрік, қарашай, малқар, хақас милеттерінің жас ақын-жазушыларымен танысып, тамырласудан да артық, бауырмалдық сезім бойды ерекше би­лейді. Жай­шылықта өзге ұлт өкілі бо­лып көрінетін, салқын сезілетін бауыр­ларымыздың ортақ мүдде жолында іш тарта сөз айтуы, жырын оқып, әнін әуе­летуі ұзаққа созылар достықтан дәме­летеді. Алматы әуежайында тұрып, жар­ты әлемді билеген сұлтандардың орда­сына баруды ойлағанда, сен де мына дү­ниеге паң қарағың келіп, танауыңды көтересің. Түркия азаматтарының түркі халықтарының басын жиі қосып, ортақ мәмлелі істерді неге ұдайы талқы­лай­тынын осындайда сезінесің. 
Ататүрік әуежайынан күтіп ал­ған Әлішер есімді өзбек ба­уы­ры­мыздың туристердің елі аталған мемлекеттің ығы-жы­ғы мей­мандарының арасында сон­шалықты жылыұшарай көрін­генін неге жоритынымызды біл­ме­дік. Алғашқы жүздесуіміз ашық аспан астында танысудан басталды. Еуразия жазушылар одағы қа­уымдастығының төрағасы Якуп Өмір­оғлы мұндай жиынның бай маз­мұнына тоқ­талып, келген қонақтар мен жас қаламгерлерге сәттілік тіле­ді. Түрік ақыны Әли Ак­баш, Әзер­байжан классигі Анар, кипрлік Исмайыл Бозкурт, Рамазан Коркмаз, Мұстафа Курт, Камил Акарсу, Хусейн Өзбай, Осман Шевик­сой, Танер Гөшлөтүрік се­кілді сөз жампоздары роман, әңгіме, өлең, драма секцияларына бөлінген жас қаламгерлерге шеберлік сабақтарын өткізді.

Мен роман секциясына жазылдым. Әрине, романист емеспін. Қазір­гі тү­рік әдебиетіндегі ро­манға деген көз­қарасты, түркі жас қаламгерлерінің роман туралы пайымдарын білгім келді. Өйткені роман әдебиеттің жетекші жанры. Әдебиеттің үл­кен сыйлығы көбіне романис­терге берілді. Бір халықтың әде­биеті екінші халықтікінен роман арқылы озып, жаңарып отырды. Біздің лекторымыз бірінші күні Анкара уни­вер­сиетінің про­фес­­соры Мұстафа Курт болды. Қа­зір­гі кезде романға деген көз­­қарастың постмодерндік үлгіде еке­нін айтты. Роман жазатын адам, тек қана ұзақ жаза алатын қаламгер емес, тағдыры мен білімі, айтары мен айтпағы өмір­лік философиямен қа­тар, әдебиеттің де заңдылықтарын мең­­­гер­ген жан болуы тиіс екен. Қа­зір­­гі кездегі роман туралы тү­сі­нік­тің көп өзгергенімен, негізгі қыз­меті өз­гермегенін түсіндірді.

Ал Исмайыл Бозкурт екінші күнгі жиын­да өзінен гөрі жас жазу­шылардың пікірін сұрауды қы­зық көріпті. Фантас­тика, ғұ­мы­рнамалық, ғашықтық роман­дарды енді жаза бастаған жас тү­рік­тер өздері туралы көп айт­қан жоқ. Өйткені айтатын сөз­дері де, өмірлері де мұндай жиында көсіліп сөйлеуге аздық етті. Исмайыл Бозкурт ең алғаш рет роман деген сөзді он жас ша­ма­сында естігенін айтты. «Бір­де автобуспен көрші ауылға бара жатқанымда екі кісі келіп, шопырға: «бізге роман әкелсеңіз» деді. Мен ол қандай зат екен деп ойладым. Кейін шопыр екі кітап әкелгенін көрдім. Сонда роман деген кітап екен ғой деп ойладым. Содан біраз уақыт өткенде өзім де ақша жинап, әлгі шопырға роман әкеп беруін өтіндім. Менің романмен таныстығым осылай басталған», деді. Шын мәнінде роман деген не? Бір адамның ғана тағдыры, бір ғана ғашықтардың хикаясы ма? Оның ар жағында мән-мағынаның, қызметтің жөні қандай? Варгастың роман туралы бір кітап жазуы тегін болмағаны ғой. Қалай десек те бүгін роман жазылып жатыр, оқылып жатыр.

Босфор бұғазына шығып, түнгі Ыстанбұлдың кешінде өлең оқылып, ән айтылды. Сондағы кеменің үстіндегі жас түркілерді көрсеңіз ғой. Бәрі тату. Бәрі дос. Бір-біріне көрсеткен құрметтері, қошеметтері, ықыластары қандай. Анар секілді қарт қаламгерлердің қасына бірінен соң бірі барып, бір ауыз лебізін естігісі келеді. Шіркін дейсің, мына тіршілікте бәріміз бір кеменің үстінде дәл солай кетіп бара жатқан жоқпыз ба? Ендеше тура солай тату-тәтті болып, қарттарымыздың ақылын тура солай тыңдап жүрмейміз бе? Теңіздің төсінде тұрғанда алыстан мұнарта көрінген Сұлтан Ахмет мешітіне қарап, соны тілейсің. Ай-Софияға қарап түркілердің жеңісі мол болса дейсің. Сондағы түрік ақынының ғазалындағыдай: «Сойымыз бір, сөзіміз бір, өзіміз бір» едік. Сол бірлік жасасын!

Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»
Алматы – Ыстанбұл – Алматы