Күрес • 23 Тамыз, 2017

Тимур Құлыбаев грек-рим балуандарын құттықтады

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Парижде өтіп жатқан әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен грек-рим күресінен Қазақстан құрамасын құттықтады, деп хабарлады ҰОК баспасөз қызметі.

Тимур Құлыбаев грек-рим балуандарын құттықтады

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті атынан және өз атымнан Сіздерді Парижде күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қол жеткізген жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Сіздер еңбекқорлық, табандылық пен шеберліктің арқасында ұлттық құраманың қоржынына екі күміс медаль салдыңыздар. Алдағы уақытта тағы да әлемнің ірі жарыстарында топ жарып, жанкүйерлерді қуантасыздар деп сенеміз! Сіздерге денсаулық, табыс және жаңа жеңістер тілеймін!», дейді Т.Құлыбаев.

Тимур Құлыбаев бұл соңғы жылдардағы грек-рим, еркін және әйелдер күресі Федерациясының мақсатты әрі белсенді жұмысының, жаттықтырушылар құрамы еңбегінің жемісі екенін атап өтіп, алдағы уақытта өзге де спорт түрлерінен әлем чемпионаттарына қатысатын Қазақстан құрама командаларына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, соңғы алты жылда Қазақстан балуандары алғаш рет әлем чемпионатының финалына шығып, екі күміс медаль еншіледі. ҰОК басшысы әлемнің вице-чемпиондары Демеу Жадыраев пен Мейрамбек Айнағұловқа және грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Нұрым Дүйсеновке алғысын білдірді.