Технология • 24 Тамыз, 2017

Жеңіл өнеркәсіп: ізденістер мен іркілістер

11238 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеусіз. Жергілікті тұрғындардың, әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту болып табылады. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныс та жоғары – азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орынды иеленеді. Сондықтан, қарапайым жұрттың қамын ойлаған ел экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсібі саласын дамытуға айрықша басымдық беруге тиіс.

Жеңіл өнеркәсіп: ізденістер мен іркілістер

Әлеуметтік-экономикалық ма­ңы­зы зор бұл саланы да­мы­туға әлемнің көптеген елде­рі әлдеқашан түбегейлі бетбұ­рыс жасаған. Мә­се­лен, же­ңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Ита­­лия, Германия, Қытай, Пор­­ту­­галия, Түркия сияқты дамы­­­ған елдерде 12-20 пайызды құ­райды. Қытай, Үндіс­тан, Түр­кия, тіпті іргедегі Қырғыз­стан мен Өз­бекстан мемле­кеттері табысының қомақты бөлігін жеңіл өнеркәсіп тауар­ларының экспортынан түсіру­де. Соңғы жылдары қырғыз елінің ішкі жалпы өніміндегі жеңіл өнер­кәсіп үлесі 30 пайыз­дан асты. Ал қазіргі таңда Қазақ­стандағы қайта өң­деу өнер­кә­сібі саласындағы жеңіл өнер­­кәсіптің үлесі 1,2 пайызды құ­райды. 

Өткенді дұрыс таразы­лап алмай, алдағы күнде жүйе­лі жетістікке жету қиын. Ел­дің ертеңгі экономикалық бағдар­ламаларын белгілейтін бүгінгі «топ менеджерлер» топырақ шашудан жалықпай келе жатқан кешегі кеңес дәуірінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жарты әлемді аузына қаратқаны ақиқат. Сол уақытта Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің тоқы­ма, тігін, аяқ киім, тері-ұлпан өнер­кәсібі салаларында 1 мыңнан астам іргелі кәсіпорындар жұмыс істеді. Олардың ішінде мыңдаған қаза­қ­стандықтардың өмір мектебі – сүйікті еңбек ұжымына айналған Алматы мақта-мата комбинатын (АХБК), «Жетісу», Жамбыл аяқ киім кәсіпорындарын, «Боль­ше­вичка» тігін комбинатын, М.Мәметова атын­дағы тігін фабрикасын, Қоста­най, Семей мауыты-шұға комбинат­тарын ерекше атауға болады. Тағы бір айрықша еске салатын бір мәсе­­ле, сол уақытта Қазақ КСР же­ңіл өнеркәсібінің табысы ел бюджетінің 25 пайызын қам­тамасыз етіп тұрған болатын.

Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің соңғы ширек ғасыр көлеміндегі тіршілігін саралайтын болсақ, республикамыздың өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі үлесі 1990 жылы 15,8 пайызды құраса, 2000 жылы 2,3 пайызға дейін қысқарып, 2011 жылы 0,1 пайызға дейін құлдыраған. Қазақстан жеңіл өнеркәсібі саласында тек 2016 жылы ғана жұмыс істеп тұрған 79 кәсіпорынның 27 пайызы жұмысын тоқтатқан екен. Жыл ішінде еліміздің тоқыма өнеркәсібіндегі 12 кәсіпорын (33 пайыз), киім тігу өнеркәсібіндегі 8 кәсіпорын (22 пайыз), тері бұйымдарын шығаратын 1 кәсіпорын жабылған. 
Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің осыншама тұралауының басты себебі не? Мамандардың да, дуалы ауыз сарап­шы­лардың да бірауызды пікірі бойынша, еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласын тұншықтырып отырған – импорт. Яғ­ни отандық рыноктың шетелдік тауар­лар­ға, импортқа тәуелділігі. Арнайы жүр­гі­зіл­ген зерттеулердің қоры­тындысы бой­ынша, еліміздегі жеңіл өнер­кәсіп тауарларына деген жыл сай­ын­ғы сұраныс 5-6 миллиард АҚШ доллар көлемінде болады екен. Осы тау­ар­лардың 97 пайызы импорт есебінен жабылады. 

Кезінде жеңіл өнеркәсіп са­ла­сындағы ірі де іргелі кәсіп­орын­дарды қасақана тұралатып, олар­дың жабдықтары мен ғи­мараттарын көлденең көк атты­лар­дың қанжығасына байлап берген бір жауапты басшы «Осын­шама мұ­най тұрғанда, бізге киім тігу неменеге керек» деп «көрегенсіген» еді. «Жаманның айтқаны емес, сандырағы келедінің» кері келді. Мәселен, 2016 жылы еліміз бойынша тұ­ты­нылған сырт­қы киімнің 97 пайызы, аяқ киімнің 96 пайызы, мата-мақта бұйымдарының 60 пайызы шетелдерден әкелінеді. 2017 жылдың бірінші жар­тыжылдығының қорытындысы бой­ын­ша, елімізге жалпы көлемі 144,3 милли­он долларды құрай­тын импорттық ки­ім-кешек әкелінді. Олардың 80 пай­ызы Қытай, Түркия, Бангладеш, Ита­лия және Өзбекстан елдерінен жет­кі­зіл­ген тауарлар көрінеді. Мәселен, осы мерзімде Қытайдан әкелінген киім-кешек өткен жыл­дың сәйкес мер­зімі­мен са­лыс­тырғанда 9 пайызға өсіп, Бангладештен жеткізілген тауарлар 45 пайызға өсіп, 22 миллион долларға же­тіпті. Бір ғана Алматы қаласына жет­кізілетін импорттық киім-кешектер жер­гілікті кәсіпорындар шығаратын өнім­­дерден 18 есе асып түсті. Халық тұ­ты­натын қолғаптардың 93 пайызы, шұ­лық өнімдерінің 73 пайызы Қытайдан жет­кізіліп тұр. 

Дүркін-дүркін болса да, Қазақстан Үкіметі ел эконо­ми­ка­сындағы жеңіл өнеркәсіптің үле­сін арттыру қажеттігін тілге ти­ек етіп қояды. Өткен жылы бұл өзекті мәселені еліміздің Пар­ла­менті де қарады. Парламент Мәжілісінде «Өңдеу өнеркәсібін, экспортқа өнім шығару мүмкіндігі бар кәсіпорындарды дамыту. Ұлттық «Made in Kazakhstan» брендін дамыту» тақырыбында арнайы отырыс өткізіліп, қор­да­­ланған проблемаларды тал­қы­лады. Инвестициялар және да­му министрлігі жеңіл өнер­кә­сіпті дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған кешенді жос­па­рын бекітіп, жеңіл өнер­кәсіп өнімдерінің әлеуметтік тиім­ділігін арттыра отырып, олардың бә­секелестік қабілетін көтеру тетіктерін бел­гіледі. Өкінішке қарай, тұралаған же­ңіл өнеркәсіп саласының бойына қан жүгіртіп, төрт аяғына тұрғызу мақ­са­тындағы бұл қадамдардың бәрі қау­­қар­сыз болды. «Баяғы жартас − сол жартас» күйінде қалып, жеңіл өнеркәсіп оңалар емес.

Қазіргі таңда еліміздің жеңіл өнер­кә­сібі саласында жұмыс істеп тұр деген саусақпен санар­лық кәсіп­орын­дар­дың басым көп­шілігі бәсеке­лес­тік­ке қабілет­сіз. Бұл реттегі бас­ты мә­се­ле – баға. Отандық кәсіп­орын­­дар шығарған өнім­дердің баға­сы айға секіретіндей, «ас­пан­дап» тұрады. Мәселен, Қар­жы министрлігіне қарасты Мем­ле­кет­­­тік кірістер комитетінің мә­лі­­­меті бойынша, елімізге Қы­тай­­­дан әкелінген шұлықтың әр жұбы – 27 теңгеден болса, жергілікті өнеркәсіп тоқыған әрбір шұлық­тың құны – 120 теңгеден, Қытай­дан әкелінген әрбір костюм – 4,5 мың теңгеден болса, өзіміздің кәсіпорындарда тігілген дәл осындай костюмдердің құны − 40 мың теңгеден асып түседі. Бұл жерде бә­секелестік туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. 

Сондықтан жергілікті жеңіл өнер­кәсіп саласының жұмыс іс­теп тұрған санау­лы кәсіп­орын­­дары рыноктағы ашық бә­­се­­келестікке ұмтылмайды. Олар «ауырдың үстімен, же­ңіл­­д­ің астымен» деген­дей жол тау­ып, әртүрлі формалық ки­ім­дерді тігу жөніндегі бюд­жет­­­тік тапсырыстарға бейім­дел­ген. Жеңіл өнеркәсіп сала­сын дамыту мақсатында өткен жылы ғана құрылған Қазақстан Ре­с­­публикасы Жеңіл өнеркәсібі өн­ді­рі­сі­нің одағы да өзінің қыз­ме­­тінде осы ба­ғытты басшы­лық­­қа алып, арнайы киім­дер мен әскери киім-кешектер өнді­рі­сінде қазақстандық шикі­зат­­тың үлесін арттыруға ғана ден қой­­ған. 
Шикізат демекші, еліміздің жеңіл өнеркәсібінің еңсесін езіп тұрған күрделі мәселенің түйткілдері де осы шикізаттан туындап отыр. Төрт түліктің құт­ты меке­ні болған Қазақстанда тері мен жүн өңдейтін бірде-бір кә­сіп­орын жоқ. Мал­­­дың терісі мен жү­нінің белгілі бір бө­­лігі ғана таза шикізат күйінде шетелдер­ге жө­нелтіледі. Көптеген ауылдарда сұ­ра­ныс­тың жоқтығынан малдың те­рісі мен жүні күресінге тастала­ды не­месе от­қа жағылады. Осы­ның салда­ры­нан жеңіл өне­р­кәсіп саласындағы са­наулы кәсіп­орын­дар­дың өзі шетелдің ши­кі­затына тәуелді болып отыр. Олар өнім өн­діруге қажетті ши­кі­заттың 85 пайызын сырттан әкеледі. 

Қорыта айтқанда, Қазақстан жеңіл өнер­кәсібінің қазіргі ахуалы өте алаңд­атар­лық жағдайда. Инвестициялар жә­не даму мини­стрлігінің соңғы деректері бойын­ша, отандық тоқыма жә­не тігін өнеркәсібі ішкі рынок сұ­ра­­ны­сының 8 пайызын, аяқ киім өнер­кә­сібі ішкі сұра­ныс­тың 1 пайызын ға­на жабады. Оның өзі жоғарыда айтқ­а­ны­мыздай, құқық қорғау органдары мен әскерилердің және ве­дом­стволық құрылымдардың тап­сырысы бойынша тігілетін ар­найы киімдер мен аяқ киімдер болып отыр. Ал халықтың же­ңіл өнеркәсіп тауарларына деген жалпы сұранысы импорт есебінен жабылады. Бұл орайда, импорттық тауарлардың халық­тың денсаулығына тигі­зе­тін кері әсері туралы да айт­пай кету қисынсыз болар еді. Қазақстан ры­ногына жеткі­зі­летін импорттық ки­ім-кешек пен аяқ киімдердің 80 пайызы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері­нен әкелінеді. Ал бұл елдерде шығар­ы­латын өнімнің шығынын азай­ту ма­қ­са­тында табиғи ши­кі­заттың орны­на хи­миялық қо­спаларды көптеп қол­да­на­тын­дығы жасырын емес. 

Тығырықтан шығар жол қай­сы? Ол – өзгенің қаңсығын таң­сық қыла бермей, отандық ки­ім-кешек және аяқ киім өнді­рі­сін дамыту. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп са­ласын қарқынды дамытуға қа­жет­ті мүмкіндіктер жет­кілікті. Ең бас­тысы, бұл сала­ға мемлекет та­ра­пы­нан нақты бет­бұрыс жасалып, шы-
на­йы қол­­дау көрсетілуі керек. «Орта жә­­­не шағын бизнес субъектілері же­ңіл өнеркәсіпті дамытуға тиіс» деген жат­танды сөзден арылуымыз керек. Ешқан­дай жекеменшік кәсіпкер алып­са­тарлық саудадағыдай бірден табыс бере қоймайтын жеңіл өнеркәсіп (тері өң­деу, жіп иіру, ки­ім және аяқ киім тігу) өн­ді­рі­сін дамытуға қаржы салмайды. Сон­­дықтан, мемлекет отан­дық жеңіл өнер­кәсіп саласын тығы­рық­тан шығару үшін бұл салаға арз­ан шикізат, заманауи құ­рал-жабдықтар мен жаңа технологиялар әке­луі керек. Бір кезде Қазақстан жеңіл өнеркәсібін жаһанға танытқан Алматы мақта-мата комбинаты, «Жетісу» аяқ киім фабрикасы сияқты отандық бренд­терді жандандыру күн тәр­тібіндегі басты мәселеге айналуы тиіс. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар