Қазақстан • 24 Тамыз, 2017

Қазақ-поляк ынтымақтастығының деңгейі жоғары

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Польшаның сауда-саттық қатынасы Орталық Азиядағы өзге мемелекеттермен салыстырғанда 80 пайызға жоғары. Екі ел арасында бүгінде 24 халықаралық келісімге қол қойылып, 15 ірі жобаның келісімшарты қаралу үстінде. Бұл келісімдердің жемісті жүзеге асырылуына Қазақстан Президентінің өткен жылғы Польша еліне сапарының ықпалы зор. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа арналған баспасөз мәслихатында айтылды.

Қазақ-поляк ынтымақтастығының деңгейі жоғары

Баспасөз мәслихатына еліміздің Инвестициялар және даму минис­трлігінің Инвестициялар жөніндегі коми­теті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиева, Польша Рес­­пуб­­ликасының Кәсіпкерлікті дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нина Добжыньская, ЭКСПО-2017 көрме­сіндегі Польша секциясының бас комис­сары Анджей Стэфаньский мен Польшаның Қазақстандағы Елшілігінің өкілі Томаш Запальский қатысты. 

Қыркүйектің 6-7 күндері «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрме­сінде Польшаның Ұлттық күні өтеді деп белгіленген. Соған орай Қазақстан-Польша бизнес-форумын өткізу де жос­парланған. Бұл жалпы Қазақстан-Польша кәсіпкерлерінің екінші форумы. Біріншісі былтыр Варшавада Қазақстан Президентінің Польшаға мемле­кеттік сапарының аясында өткен бола­тын. Ол форум­ның нәтижесі екі­жақты сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық ынтымақтастықты айтар­лықтай жан­дандыруға мол мүмкіндік ашты. 
Польша Даму министрлігінің мәлі­метінше, 2017 жылдың алғашқы жарты­жылдығында екіжақты тауар айналымы 601,9 млн еуроны құрап, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 75 пайызға ұлғайған. Қазақстандық экспорт 90 пайызға артып, 389,1 млн еуроны, ал Польша импорты 54,5 пайызға өсіп, 212,8 млн еуроны құраған. 

Брифингке қатысушылар форумды ұйымдастыру жаңа экономикалық ынтымақтастықтың бағыттарын талқылауға, соның ішінде бірлескен жобаларды дамыту жағдайы, сондай-ақ, іскерлік байланыстарды одан әрі кеңейту, экономикалық өзара әрекеттестіктің деңгейін кеңейтіп, Қазақстанға поляк инвестицияларын көптеп тартуға мүмкіндік беретінін баса айтты. 

Польша Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне де белсене қатысуда. «Бола­шақ энергиясы» атты поляк павильоны заманауи көмір технологиялары, өндірудің жасыл технологиялары, электр энергиясы мен биомассаны өндіру, сондай-ақ, энергетикалық нарықты цифрландыру түрінде ұсынылған. Айтқандай, алдағы ЭКСПО-2022-ні өткізу құқығына поляктің Лодзь қаласы үміткер. Астананың сәтті тәжірибесін ескере отырып, бас комиссар А.Стэфаньский болашақта қазақстандық және польшалық тараптар арасында ЭКСПО көрмесін өткізу бойынша кеңестер ұйымдастыруды жос­парлап отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, 7 қыркүйекте ЭКСПО-2017 көрмесі барысында Польша президентінің қатысуымен Польша Ұлттық күніне арналған салтанатты шаралар өткізу көзделген. «Астана Балет» театрында гала-концерт, Польша Үлкен театрының қойылымы мен басқа да шаралар өткізу жоспарлануда.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»