Қазақстан • 24 Тамыз, 2017

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі: басымдықтар мен байламдар

1071 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі: басымдықтар мен байламдар

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болғанына сегізінші айға аяқ басты. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осы халықаралық жоғары органдағы Қазақстан жұмысының алғашқы қорытындыларымен бөлісті. Ол Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі басымдықтарының мәнін ашып, қазақстандық дипломаттардың күнделікті жұмысы туралы әңгімеледі, сондай-ақ 2018 жылғы қаңтардағы осы органға еліміздің төрағалық етуіне дайындық туралы айтты.

– Қайрат Құдайбергенұлы, біз­дің БҰҰ ҚК мүшелік мерзі­мі­­міз­­дің төрттен бірінен астамы өт­ті. Осы кезең несімен есте қалды?

– Жұмыстың бастапқы кезеңі өте мазмұнды болды. Біз ғаламшардағы қауіпсіздік пен бейбіт өмір үшін негізгі жауапкершілікті көте­ре­тін органға мүше болу аса зор мін­деттер жүктейтінін, елеулі саяси даяр­лықты, күшті дипломатиялық әлеует­ті, осы замандағы күн тәртібі­нің барлық проблемалық мәселе­лерін мейлінше ұқыптылықпен талдауды қажет ететінін сезіндік. Сондықтан, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне сайлау кезінде де, сондай-ақ тұрақты емес мүшелікке қа­был­данар алдында да ауқымды дайын­дық жұмысын жүргізді. Біз Мемлекет басшысына, елі­міздің Парламент пен Үкімет заңнама желісі, материалдық және кадрмен қамтамасыз етуді қоса алғанда, сыртқы саясат ведомствосына көрсеткен тұрақты қолдауы үшін алғыс айтамыз.

БҰҰ ҚК осы жылғы қаңтардағы алғашқы пікірталастарында біз Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың сая­си мәлімдемесінде тұжырымдалған Қазақстан мүшелігінің басым­дық­тарын ұсындық. Онда негізгі жеті тармақ: ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу; жаһандық со­­ғыс қаупін жою және жер-жер­­дегі қақтығыстарды реттеу; Ор­та­лық Азияның мүдделерін ілгері­лету, өңірлік қауіпсіздік пен ынты­мақ­тастықты нығайту; терроризмге және зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимыл; Африкадағы бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелері; қауіпсіздік пен тұрақты даму арасында ажырамас байланысты қамтамасыз ету; Қауіпсіздік Кеңесін және БҰҰ-ның бүкіл жүйесін ХХІ ғасырдың қауіптері мен сын-қатерлеріне бейімдеу.

2017 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында Қазақстан ашық пікір­таластар мен брифингтерді қоса алғанда Қауіпсіздік Кеңесінің 120-дан астам ресми отырыстарына, сондай-ақ алпысқа жуық бейресми консультацияларына, Е-10 тобы сияқты (Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері бірлестігі) он кездесуіне қатысты. Біздің дипломаттар ҚК құрамында Колумбияда, Гаитиде, Орталық Африкадағы Чад көлі ауданында сапарда болды. Вашингтонда АҚШ-тың прези­ден­тімен, мемлекеттік хатшысымен және конгрессмендерімен кез­десті. Делегациямыз БҰҰ ҚК-нің 
жиырмадан астам қарарын, ҚК төр­ағасының жеті мәлімдемесін және басқа да құжаттарды қабылдауға маз­мұнды үлес қосты.

БҰҰ ҚК отырыстарына дипломаттардан өзге басқа да мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері қатысады. Ақпан айында Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары Азамат Әбдімомынов БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ашық пікірталастарында терроризм проблемасы бойынша сөз сөйледі. 15 наурызда Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова «Қақтығысты оқиғалар кезіндегі адам саудасына қарсы күрес» тақырыбындағы министрліктер деңгейіндегі ашық пікірталастарға қатысты.

Әрбір іс-шараға үлкен дайындық жұмыстары жүргізіледі. Күн тәртібінің барлық мәселелері бо­йынша Қазақстан Республикасының ұстанымын жетік және дәлелді түрде жеткізу, біздің елімізді келесі қадамдарға дайындау, тұтастай ал­ғанда, бейбітшілік пен қауіпсіздік орна­тудағы көзқарасымызды мақ­сат­ты түрде ілгерілете білу қажет.

Сонымен бірге, Сириядағы жағ­дайды реттеу жөніндегі Астана процесінің осы кезеңнің ірі оқи­ғасына айналғанын атап айтқым келеді. Ол Қазақстанның және Пре­зидент Н.Назарбаевтың әділ және сенімді бітімгер ретіндегі беделін айтарлықтай нығайта түсті. Бұл Қа­зақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіндегі қосымша ықпалы мен рөлін қамтамасыз етеді.

– Біздің еліміз өзінің БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігі шең­берінде қандай бағыттардағы жұ­мыс­тарға атсалысып отыр?

– Мен Сириядағы жағдайды реттеу проблемасын еске салып өттім. Палестина-Израиль қақтығысын, Ирактағы, Йемендегі, Ливандағы және т.б. жағдайды қоса алғанда, тұтастай Таяу Шығыс проблемасы ҚК күн тәртібінде тұр. Әсіресе, КХДР-дың баллистикалық зымырандарды ұшыруымен және осы ел жүргізіп отырған ядролық қару­дың сынақтарымен байланыс­ты ядролық қаруды таратпау проблемасы өткір болып отыр.

Дегенмен, БҰҰ ҚК бүгіндегі күн тәртібінің үштен екісіне жуы­ғы Африкадағы қақтығыстарға арналған. Қазақстан мүше болған жарты жылдың ішінде Қауіпсіздік Кеңесі шеңберінде Африка тақы­ры­бы бойынша 80-нен астам оты­рыс­тар мен консультациялар өткізіл­ді. Солардың ішінде Судан және Оң­түстік Судан, Орталық Африка Республикасы, Конго Демокра­тиялық Республикасы, Бурун­ди, Мали, Ливия, Сомали және т.б. сияқты елдердегі ұзақ және тұрақты түрде шиеленісіп отырған қақтығыстар ерекше орын алады. Қауіпсіздік Кеңесінің осы елдердегі жағдайлар бойынша отырыстары айына бірнеше рет шақырылады және ол Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының қарарлары, мәлімдемелері және баспасөз хабарламалары сияқты ресми құжаттарын келісу бойынша ұзақ консультацияларға жал­ғасуы мүмкін. Қазақстанның деле­гациясы БҰҰ ҚК-нің осы мәсе­лелерге арналған барлық отырыс­тарына белсенді түрде қатысады. Африканың және дамушы әлем елдерінің жекелеген проблемалары Орталық Азия өңірі мен Ауған­станның проблемаларына ұқсас. Бұл жерде халықаралық терро­ризмге қарсы күрес, тұрақты даму мақ­саттарына қол жеткізу, гумани­тарлық көмек көрсету, жұмыс орындарын құру, климаттың өзгеруімен күрес және басқа да көптеген мәсе­лелер туралы сөз болып отыр.

Бұдан басқа, Қазақстан делегациясы айына бір-екі реттік кезең­ділікпен өткізілетін ҚК 13 санк­циялық комитетінің әрқайсысына және БҰҰ бітімгершілік миссия­ларының мандаттарын ұзарту туралы қарарлардың мәтіндерін, мони­торингілік топтардың санкциялық режимдері мен мандаттарын әзірлеу жөніндегі консультацияларға тұрақты түрде қатысады.

Бітімгершілік тақырыбын жалғастыра отырып, қазақстандық әскери байқаушылардың БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы референдумге байқау жөніндегі миссиясында қызмет атқарып жатқанын атаған жөн. Африканың басқа да елдерінде қызмет еткен біздің әскерилеріміз бірнеше мәрте БҰҰ миссиялары басшылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. 2018 жылы біздің бітімгершілер бөлімшесін БҰҰ-ның тағы бір миссиясына енгізу мәселесі пысықталуда. Қазіргі кезде мұндай миссияны іріктеу, қазақстандық бөлімшені сертификациялау жұмыстары жүргізілуде және орналастырудың құқықтық мәселелері шешілуде.

– Орталық Азияның мә­се­ле­леріне тоқталсақ. Қазақстан осы өңірдің проблемаларын шешу­ді БҰҰ ҚК алаңында қалай жүр­гі­зеді?
– Мемлекет басшысы Қазақстан дипломатиялық қызметінің 25 жылдығына орай сөйлеген сөзінде атап көрсеткеніндей, біз Орталық Азияда дәстүрлі достықты, тең құ­қықты әріптестікті, өңірдің халық­аралық істердегі рөлін арттыруды, елдеріміздің өсіп-өркендеуін қам­тамасыз ету жолында күш-жігерді біріктіруді толығымен қолдаймыз. Бұл біздің БҰҰ ҚК мүшелі­гімізге де қатысты, онда біз Орта­лық Азия мемлекеттерінің ортақ мүд­делерін ілгерілетуге әрекет етеміз. Кеңес алаңында өңірдің одан әрі ойдағыдай және қауіпсіз да­муы үшін ерекше өзекті болып табылатын мәселелерді алға қоя­мыз. Ондай мәселелердің арасында терроризмге, экстремизмге, ұйым­дасқан қылмысқа, есірткі трафигіне және басқаларға қарсы күресті қоса алғанда, трансұлттық қауіптерге қарсы іс-қимыл да бар.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров ұс­та­нымдарды сәйкестендіру және бауыр­лас елдерді ҚК жұмысының негізгі үрдістерімен таныстыру мақ­сатында БҰҰ жанындағы Орталық Азия мемлекеттерінің тұрақты өкілдері үшін ай сайын Нью-Йорк қаласында брифингтер өткізеді. Менің өзім де Орталық Азия сыртқы саясат ведомстволары басшыларымен кездесулер кезінде оларды ҚК-дегі біздің қызметімізбен таныстыру үшін сәтті пайдаланып қалуға тырысамын. Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің ресми емес кездесулер өткізуді тұрақты дәстүрге айналдырғаны қуанышты жайт.

Ерекше тақырып – Ауған­стан­дағы жағдайды ұзақ мерзімді тұ­рақ­тандыру үшін халықаралық күш­ті жұмылдыру, бұл елдің эко­но­микалық және әлеуметтік жағынан дамуына кешенді әрі тиімді көмек көрсету, бейбіт өмірге және қауіпсіздікке төнетін қауіп­терге қарсы іс-қимыл, Ауған­стан­ның халықаралық және өңірлік әлеуметтік-экономикалық жоба­ларға қатысуы. Қауіпсіздік Кеңе­сінің мүшелерімен, барлық мүдделі елдермен және ұйымдармен осы бағытта ауқымды консультациялық жұмыстар жүргізілуде. БҰҰ ҚК-нің 17 наурызда қабылданған Ауғанстан жөніндегі 2344 қарарына Орталық Азия елдері үшін Ауғанстанның аймағын пайдаланатын террористік ұйымдардан келетін қауіптердің болуын көрсететін өзекті толық­тырулар енгізілді.

– Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің үш комитетіне төра­ға­лық етеді. Бұл жұмыстың мәнісі қандай және біздің қызметіміздің қандай да бір нәтижелері бар ма?

– Қалыптасқан практика бойынша ҚК тұрақты емес мүшелерінің әрқайсысы Кеңестің қандай да бір тақырыптық немесе елдік бағытына арналған қосалқы органдарына төрағалық етеді.
Өңірлік ерекшелігі, барлық мүдделі тараптармен екіжақты берік байланыстары назарға алына отырып, Қазақстанға Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан/Талибан коми­тетіне (1988 комитеті) төраға­лық ету тапсырылған болатын. Қазақ­стан бұдан өзге БҰҰ ҚК басқа екі комитетіне: ДАИШ/Әл-Каида жөніндегі 1267/1989/2253 және Сомали/Эритрея (751/1907 коми­теті) Санкциялық комитетіне төр­ағалық етеді. 

Біздің дипломаттардың міндеті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің осы қосалқы органдарының қызметін рәсімдік реттеу, санкциялық режим­дердің практикалық бағыт­тыл­ығын қолдау болып табылады. Мысалы, комитеттер нақты жеке тұлғалардың санкциялық па­рақ­тарға енгізілуіне жауапты болады, соның негізінде олардың жү­ріп-тұруы шектеледі, қаржы актив­теріне тыйым салынады және т.б. Бұл комитеттердің мәселелері өте күрделі, олар ұзақ уақыт бойында күн тәртібінде тұрады, сондықтан жа­һандық мәселелер болып табылады. Тиісінше, сөз нақты қоры­тындылар туралы болып отырған жоқ. Бірлескен жұмыстың нәтижесі уақыт өткеннен кейін, барлық тараптар осы ұсынымдарды ұстануды бастағаннан кейін ғана белгілі бола бастайды.

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Қазақстанның төрағалығымен Со­мали және Эритрея жөніндегі Санк­циялық комитет жұмысының ай­тарлықтай жанданғанын мойындайды. Африка Мүйізі өңіріндегі ең елеулі қауіптерінің бірінен сана­латын «Әл-Шабааб» және «ДАИШ» террористік топтарының бүл­діргіш қызметі мәселелері Ко­митеттің нақты назарында. Бұған гуманитарлық дағдарысты (құрғақшылық және ашаршылық), пираттық шабуылдарды және ағаш көмірінің заңсыз саудасын қосуға болады. Осы және басқа да пробле­малар ҚК-дегі қазақстандық делега­цияның назарынан тыс қалмайды.

– 2018 жылғы қаңтарда Қа­зақ­стан БҰҰ ҚК төрағалық ететін бо­лад­ы. Осы лауазымда еліміздің қан­дай жұмыс жүргізетіні белгілі ме?

– Қауіпсіздік Кеңесіндегі мемлекеттер оның жұмысына ағылшын тілінің әліпбиі тәртібімен кезектесіп басшылық жасайды. Төрағалық күнтізбелік бір айға созылады. 
Біз Кеңес отырыстарына және бейресми консультацияларға төр­ағ­алық ететін боламыз. Төраға БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне кір­мейтін мүше мемлекеттері үшін Кеңес жұмысының ай сайынғы бағдарламасы туралы брифинг өткізеді. Ол сонымен бірге мүше мемлекеттермен, БҰҰ-ның негізгі органдарының және арнайы меке­мелерінің басшыларымен, өңір­лік және басқа да топтардың төр­ағаларымен екіжақты кездесулер ұйымдастырады. Төрағалықтың функциясына ҚК мүшелерінің келісімімен, оның ішінде БҰҰ органдары басшыларының бейресми кездесулерінде Кеңес атынан мә­лімдеме жасау кіреді. Төраға бейресми консультациялардың барысында және ҚК құжатының мәтіні бойынша Қауіпсіздік Кеңесі келісімге қол жеткізген әрбір жағдайда аяқталған талқылаулардың қорытындылары бойынша баспасөз өкілдерінің алдында Кеңес атынан мәлімдемелер мен түсіндірмелер жасайды. ҚК төрағасы БАҚ өкілдеріне шы­ғып, өзекті тақырып бойынша түсін­дірмелер жасағанда сіздер халық­аралық телеарналардан оны қадағалай аласыздар.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің төрағасы қызметінде БҰҰ Хатшылығының жәрдемімен Қау­іп­сіздік кеңесінің күнделікті үз­дік­сіз жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.
Осы жылдың қыркүйегінде, дәстүр бойынша, БҰҰ Бас Ассамб­леясының жаңа сессиясы бас­талады. Нью-Йорктегі саяси пікір­таластар алаңындағы консульта­ция­лардың қорытындылары бойын­ша біз төрағалықтың нақты бағдар­ламасын құра аламыз деп ойлаймын. 2018 жылдың қаңтарындағы сая­си жағдайларға да, біздің алды­мызда төрағалық еткендердің жұ­мысына да көп нәрсе байланысты болады.

Осы кезеңдегі негізгі іс-ша­ра ретінде біздің Мемлекет бас­шы­­сының қатысуымен өтетін халық­аралық бейбітшілік және қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейдегі БҰҰ ҚК ашық пікірталастарын шақыру идеясын пысықтаудамыз. Оның сыртында, Орталық Азия және Ауғанстан бойынша министрлер деңгейіндегі пікірталастарды, сондай-ақ елшілер деңгейіндегі Таяу Шығыс жөніндегі тоқсандық пікірталастарды жоспарлап отырмыз.

– Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ саммитінде Еуразиядағы біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздік құруды қолдады, Украина дағ­дарысын, Мәскеу мен Анкара­ның қатынастарын реттеуге атса­лысты, елімізде Иранның ядро­лық бағдарламасы бойынша келіс­сөздер және Астана процесі өтті. Қазақстанның әлемдегі білік­ті медиатор ретіндегі рөлі өсу үс­тінде деп айтуға бола ма?

– Шынында да, 25 жыл ішінде қазақстандық дипломатияның біліктілігі мен дәрежесі айтарлықтай артты. Сіз Қазақстан Президентінің халықаралық аренадағы бірқатар маңызды бастамалары мен нақты күш-жігерін әділ атап өттіңіз. Бұған АӨСШК шақыруды және 2010 жыл­ғы сәуірдегі Қырғызстандағы сая­си дағдарысты реттеуді қоса ал­ғанда Мемлекет басшысы тікелей ара­­ласқан басқа да көптеген мы­сал­дарды қосуға болады. БҰҰ Қауіп­­­сіздік Кеңесіндегі мүшелік бары­­сын­да алынған тәжірибе біздің елі­міз­­дің бітімгершілік әлеуетін бұ­рын­­ғыдан да күшейтетініне сенім­дімін.
Қазақстанның өз мүддесі бей­біт, тұрақты және дамыған орта құрудан тұрады. Біз ірі еуразиялық мемлекетпіз. Жаһандық геосая­си алауыз­дықтарды, ядролық қару­ды та­ратпау немесе санкция саясаты туралы айтпағанда, өңірлік дағда­рыстардың кез келгенінің біз­дің еліміз үшін салдарлары бола­ды. Біз немқұрайлы бола алмай­мыз, сондықтан тиімді араағай­ын­дық үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бұл нақты қақтығыстық жағдайларға да, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздіктің ұзақ мерзімді институттарын құруға да қатысты.

Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ және басқа да құрылымдарға табысты төрағалық етуімен әлемге кеңінен танымал болды. Медиатор ретіндегі жаңа рөлдері үшін ай­тар­лықтай тәжірибе жинақталды.

– Кейбір сарапшылар Ас­та­наның Азияның Жене­васына айналу әлеуеті бар дейді. Сіз осы пікірге қосыласыз ба?

– Бізге Астанадан осы заманның күрделі проблемаларын реттеудегі ілгерілеулер туралы барынша көп жақсы жаңалықтар шығуы үшін бұдан былай да көбірек жұмыс іс­теуге тура келеді.
Әрбір бейбіт процестің немесе көпжақты форумның (ЕҚЫҰ, АӨІСШК, ШЫҰ және т.б. сияқ­ты) өз тарихы, өз ерекшелігі жә­не өзін­дік рәсімдік қағидалары бар. Біз іс-шараны қабылдаушы мем­ле­кет ретінде бірінші тарап­тан келіс­сөздерге арналған инфра­құ­ры­лымды – үй-жайларды, аудар­ма­шыларды, ақпараттық қамта­масыз етуді және өзге де қажетті атри­буттарды ұсынамыз. Алайда, байқасаңыз, бұдан басқа, Астанада қарым-қатынас жасаудың батыстық та, шығыстық та нормаларын қамти­тын өзіндік, оның ішінде, бейрес­ми пікір алысу мәдениеті қалып­та­сады. Келіссөздерге келуге келісім берген тұлға, жазылмаған қағида­лар­мен де келіседі де, олардың ара­сын­да: өзара құрметтеу, икем­ділік, мәмі­леге келуге даярлық, эмоция­лық ұс­там­дылық деп бөліп айтуға болады.

Осыған байланысты Сирия қа­рулы оппозициясының делегациясы басшыларының өздерінің Астана процесіне бір келіссөз  үстелі басында оппоненттерімен бірге, Қазақстан басшысына және біздің елімізге деген құрметі үшін қатысқаны туралы айтқандарымен бөліспей тұра алмаймын.

– Қазақстанның БҰҰ ҚК-ге мүшелігі Мемлекет басшысының Ұйым алаңында айтқан бітім­гершілік бастамаларын ілге­рі­летуге көмектесе ме?

– Осы жылдың қаңтарында Н.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінде ұсынған саяси мәлім­де­месі, мәні бойынша, Президент көтерген ауқымды бастамаларды іске асыру жөніндегі бағдарламаны көрсетеді.
Мемлекет басшысының жаһан­дық пайымының түпкі мәні – әлемді соғыс қаупінен құтқару және оның себептерін жою. Осы мақсатты негізге ала отырып, біз Қауіпсіздік Ке­ңесінің әрбір күнделікті отырысына дайындаламыз. Болып жат­қан қақтығыстарды тек бей­біт құралдармен ғана рет­теу қажет. Осы заманғы соғыс­тарда жеңім­паз­дар болмайды. Ерте ме, кеш пе, уағ­да­ластықтар қақты­ғыс­тар­дың бір­ден бір қорытындысына айналады.

Тағы бір маңызды басымдық – ядролық қарусыз әлем құру – біз мұны да БҰҰ алаңында дәйекті түр­де ілгерілететін боламыз. 2015 жылғы желтоқсанда Бас Ассамблея Н.Назарбаев бастамашы болған «Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға бірдей декларацияны» қабылдады. 29 тамызда тарихи оқиға – Өскеменде МАГАТЭ төмен байытылған уранның халықаралық банкінің ашылуы болады. «Әлем оны атомды қауіпсіз және бейбіт мақсатта пайдаланудың аса маңызды шарасы ретінде бағалауға тиіс. Енді атом энергетикасын дамытқысы келетін елдер үшін уранды өздерінің байытуының қажеттігі болмайды», – деп атап өтті Н.Назарбаев осыдан екі жыл бұрын БҰҰ-ның Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде. Жаһандық антиядролық қозғалысты нығайту үшін біз жақын күндері Астанада ғалымдардың «Пагуош қозғалысының» мерейтойлық конференциясын өткіземіз.
Біздің Президентіміздің БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында көтерген терроризмге қарсы бірқатар бастамалары ҚК-те кең қолдауға ие болды және практикада да іске асырылуда. Әрі халықаралық терроризмге қарсы күресте РФ пен АҚШ ұстанымдарының жақындай түсуіне ықпал етті деп сеніммен айтуға болады.

Тұтастай алғанда, БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңесіне мүшелік Мемлекет бас­шысының бітімгершілік баста­маларын ілгерілету үшін біре­гей бастамаға айналды. Бұл әлем­нің басқа мемлекеттерімен өзара іс-қимылдың сапалық жаңа деңгейі және қақтығыстардың алдын алу мен бейбітшілікті сақтау сала­сындағы ұлттық басымдықтар туралы мәлімдеу мүмкіндігі. Біздің осы тұрғыдағы барлық негізгі жұмы­сымыз әлі алда.

– Бүгінде БҰҰ-ны, атап айт­қанда, Қауіпсіздік Кеңесін рефор­малау туралы көп айтылып жүр. Осы мәселе бойынша Қа­зақ­станның ұстанымы қандай?

– Қазақстан Қауіпсіздік Ке­ңе­сі өзінің қазіргі түрінде біздің әлемі­міздің ақиқаттарын көрсе­те алмайтыны туралы БҰҰ мүше елдердің көпшілігінің пікірімен келіседі. Әртүрлі ұстанымдарды үйлестірудің күрделілігіне қарамастан, Қауіп­сіздік Кеңесінің жаңа конфигура­циясы қандай болмасын, ол өзі­не БҰҰ-ның Жарғысымен жүк­тел­­ген міндеттерді орындауға мүд­делі. Сондай-ақ, халықаралық бей­біт­­шілік пен қауіпсіздік үшін бас­ты жауап­кершілікті көтере отырып, бел­сенді түрде және тиімді жұмыс істеуге тиістігі туралы жал­пы түсініктің бар екенін қанағат­танарлық сезіммен атап өтеміз. Бұл ретте реформа консенсус негізінде жүзеге асырылуға және ұйымға мүше барлық мемлекеттердің талаптарына жауап беруге тиіс.

Сондықтан Қазақстан Кеңестің сандық және сапалық құрамын кеңей­туден, оның жұмыс істеу әдіс­терін жетілдіруден, Бас Ассамблея мен ҚК арасындағы өзара байланыстарды нығайтудан тұратын Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға жүйелі және жан-жақты тәсілдің қажеттігін қолдайды. Бұл Қауіп­сіз­дік Кеңесі жұмысының ашықтығын арттыруға, оның әлемнің мүдделі өңірлерінің мақсат-мұраттары мен үміттерін ескеруге негізделген шешімдерінің тиімділігін танытуға мүмкіндік берер еді.
Сонымен бірге, ҚК және тұ­тас­тай БҰҰ реформалау жөніндегі ке­ліс­сөздердегі прогресстің бас­таманы өз қолдарында ұстауды қалайтын ҚК тұрақты мүшелері бес­тігіне тәуелді екендігі фактісін жа­сыра алмаймыз. 

Біз Ұйымның тиімділігін арт­тыруға бағытталған реформалар­ды дәйектілікпен жүргізіп келе жатқан БҰҰ Бас хатшысы А.Гу­тер­ришті қолдаймыз. Сөз менеджмент саласындағы, даму саласындағы реформалар туралы, сондай-ақ бейбітшілік және қауіп­сіздік архитектурасының рефор­масы туралы болып отыр. БҰҰ жаңа Бас хатшысы Астана­да екі рет болып үлгіргені және Қа­зақ­стан Президентімен кездесіп, одан Ұйымның басым транс­па­рент­тілігіне және есептілігіне қол жет­кізу және оның жұмысының нәти­желілігін арттыру үшін БҰҰ қыз­метінің аспектілері бойынша бағалы кеңестер мен ұсыныстар алғаны есте қаларлық оқиға болды.

– Қазақстан үшін Қауіпсіздік Ке­ңесінде болу қандай ұзақ мер­зімді тиімділік береді?

– БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңе­сі – бұл біздің бейбітшілік пен қауіп­сіздік пайымымызды ілгеріле­туге мүмкіндік беретін шешуші жа­һандық алаң. Егер біз ҚК басқа мүше­лерімен бірлесіп өзіміз ойла­ған бастамаларды іске асыруға қол жеткізе алсақ, онда ұзақ мерзімді жос­парда біз және барлық әлемдік ұлттар­дың неғұрлым тиімді қоғам­дастығын құруға үміттене аламыз.

Бұдан басқа, БҰҰ ҚК мүше­лік Қазақстанның әлемдік ауқым­дағы рөлін арттырады, елдің халық­аралық келіссөздерде жаһандық процестердің тұрақты және жауапты қатысушысы ретіндегі позициясын нығайтады.

«Осы заманның түйінді проблемаларын шешуге қатысу біздің алдымызда көптеген елдермен және өңірлермен қатынастарымызды дамыту үшін мүмкіндіктер ашады», – деді Мемлекет басшысы бір жыл бұрын Қазақстанның кандидатурасы бойынша дауыс беру аяқталғаннан кейін. Шынында да, таяудағы уақытқа дейін біздің халықаралық байланыстарымыз негізінен Еуропа, Азия және Солтүстік Американың негізгі елдерімен шектеліп келді. Бүгінде біз іс жүзінде бүкіл әлем елдерімен диалог жүргізудеміз. Тек соңғы екі айдың ішінде ғана Астанаға Фиджи премьер-министрі, ресми сапармен келген Кот-д’Ивуар, Доминикан Республикасы, Эритрея, Боливия сияқты алыс болып көрінетін елдердің сыртқы істер министрлерін қабылдадық. Қыркүйектің басында елордамызға Гондурас пен Гватемаладан әріптестеріміз келеді.

Латын Америкасының бір­қатар елдерімен визасыз режімге қол жет­кіздік. Астанадағы ЭКСПО көр­месіне бұған дейін қазақстандықтар атауларын естімеуі де мүмкін ел­дер қатысуда. Біздің сыртқы қаты­нас­тар географиямыздың айтар­лықтай кеңеюі Тұңғыш Прези­дент – Елбасы тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында-ақ жария еткен көпвекторлылықтың заңды жал­ға­сы болып табылады.

Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы да Орталық Азия проблемаларын, бірінші кезекте өңірлік қауіпсіздік, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес проблемаларын шешуге, шұғыл экономикалық, экологиялық және гуманитарлық проблемаларға әлемдік қоғамдастықтың назарын аударады және ресурстарын тартады.

Бұдан басқа, БҰҰ ҚК-де болу біз­дің дипломаттар үшін зор және ба­ға жетпес тәжірибе. Әрі, дип­ло­­­матиялық қызметтің ғана емес, бү­кіл мемлекеттік аппараттың кә­сіп­тік деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Әңгімелескен  Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»