Жаңалықтар ағымы
Өмірдің біз ойлағандай еместігіне ұзақ уақыт пайымдаулар жасауға болады және ұлы ғұламалар осы тақырып аясында көптеген нақыл сөздерін қалдырған. Біз – маңызды әрі еленбейтін, жоспарланған және кездейсоқ, қуанышты және өкінішке орай, қайғылы оқиғалар ағымында өмір сүріп жатырмыз. Және басымызға іс түскенде бізге арқасүйер қолдау қажет екені шындық. Атап айтқанда, әлеуметтік қорғау жүйесі мемлекет тарапынан осындай қолдауды қамтамасыз етуге және кепілдік беруге арналған. Қазақстанда ол үш деңгейлі түрде ұсынылады.
Біріншісі, базалық – жұмыс істейтіндігіне, зейнеткерлікке шығатынына немесе әлі балабақшаға барып жүргеніне қарамастан, шектеусіз, елдегі барлық азаматтарды қамтиды. Әлеуметтік қорғаудың бірінші деңгейіне, мысалы, белгіленген жасқа жеткен базалық зейнетақылар, мүгедектігі бойынша немесе асыраушысынан айырылуына қатысты төленетін мемлекеттік жәрдемақылар жатады. Базалық төлемдердің мөлшері алушының еңбекақысына байланысты болмайды.
Екінші, қосымша деңгейде басқа ережелер қолданылады. Мұнда төлемдердің мөлшеріне міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аудырымдардан түсетін табыс мөлшері ықпал етеді. Яғни, екінші деңгей жұмыс жасайтын азаматтарды қамтиды. Ол ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін біріктіреді.
Үшінші деңгей – ерікті, ол азаматтың өз қалауына қарай қалыптастыратын кез келген төлемдерден тұрады. Мысалы, осы деңгейге ерікті жарналар есебінен зейнетақы төлемдері, жазатайым оқиғалардан ерікті сақтандыру және әлеуметтік қорғаудың сол сияқты басқа да түрлері кіреді.
Екінші деңгейде, Қазақстанда 2005 жылдан бері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс жасайды.
Өткен жылдар мен жинақталған тәжірибе нақты бір жағдайларда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлемдер төлеуді жүзеге асыра отырып, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қажеттілігін растағандығын айтуға мүмкіндік берді. Мысалы, экономикадағы дағдарысты жайттарға байланысты кәсіпорындардағы жұмыскерлер санының қысқаруы немесе компаниялардың жабылуы, ал қызметкерлердің жұмыссыз қалуы секілді жағдайлар көпшілігімізге таныс. Осындайда тұрақты табысынан айырылған жағдайда адам жалғыз өзі қалмай, оның жоғалтқан табысының бір бөлігін өтейтін МӘСҚ алынған әлеуметтік төлемдер азаматтарға сенімді қолдау – көмек қолы болып табылады.
Бұл жерде МӘСҚ төленетін әлеуметтік төлемдер мүгедектігіне немесе асыраушысынан айырылуына берілетін жәрдемақылар секілді бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларды толықтыратынын атап өткен жөн.
Сонымен, МӘСҚ төленетін төлемдерге ресми жұмыс өтіліне ие және ол үшін жұмыс беруші МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар аударған азаматтар құқылы. Сондықтан төлем мөлшері де аударымдар төленген табысқа, сондай-ақ, олардың төлену ұзақтығына тікелей байланысты болады.
Сонымен бірге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да әлеуметтік сақтандырусыз қалмайды. Осы санатқа жататын жеке кәсіпкерлер, адвокаттар, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар өздері МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар аудара отырып, әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы.
МӘСҚ қолдауы Қазақстанда тұрақты тұратын және жұмыс істейтін шетелдік азаматтарға да қолданылады, өйткені, олардың жұмыс берушілері олар үшін әлеуметтік аударымдар төлейді. Себебі, шетелдік жұмыскерлерде де қосымша қолдауды қажет ететін әлеуметтік қатерлер туындауы мүмкін.
Тек зейнеткерлік жасқа жеткен – ерлер 63 жаста және әйелдер 58 жаста бұл жүйеге қатыса алмайды. Олар үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар аударылмайды.
Алты әлеуметтік тәуекел
МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер заңнамамен көзделген жағдайларда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына төленеді.
Біріншіден, бұл еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайлары және мұнда төлем медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу арқылы белгіленген жалпы еңбек ету қабілетін жоғалту деңгейіне байланыс-ты. Мұндай жағдайларда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлем алушы жұмыс істеуін тоқтатқандығына немесе табыс алуын жалғастыруына байланыссыз жүзеге асырылады.
Келесі, бұл ауыр өмірлік жағдай – отбасының асыраушысыз қалуы. Бұл жағдайда асырауда болған отбасының барлық мүшелері МӘСҚ-дан ай сайынғы әлеуметтік төлемдерді алады. Мұндай құқыққа сот хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болған деп таныған асыраушының отбасы мүшелері ие болады.
Сондай-ақ, жұмысынан айырылған азаматтар да МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер алады. Алайда, мынадай басты жағдайды ескеру қажет: жұмысынан айырылған жағдайда алдымен жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Тек осыдан кейін ғана жұмыскерге жұмыс іздеген уақытта жоғалтқан табысының бөлігін өтейтін әлеуметтік төлем тағайындалуы мүмкін.
Бұдан бөлек, жүкті әйелдер (декреттік демалыстағы), бұл ретте ауыр босанған жағдайда төлем артады; жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған адамдар; бір жасқа дейінгі балаға күтім жасайтын ата-аналар (бала күтіміне байланысты демалыстағылар) МӘСҚ-дан әлеуметтік төлем алушылар болып табылады, бұл жағдайда төлемдердің мөлшері жоғалтқан табыстың 40%-ын құрауы мүмкін.
Осылайша, жоғарыда аталған алты әлеуметтік тәуекел бар. Егер төлемдер жүйесін жан-жақты қарастыратын болсақ, онда алты жағдайдың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар.
Мысалы, еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем еңбек ету қабілетінен айырылудың барлық кезеңіне тағайындалады. Оған қоса, сарапшылар белгілеген жалпы еңбек қабілеттілігінен айырылу деңгейі де маңызды мәнге ие.
Егер асыраушысынан айырылуы жағдайына берілетін әлеуметтік төлем туралы айтар болсақ, онда ол қайтыс болған ата-ананың балаларына кәмелет жасқа жеткенге дейін төленеді. Алайда, егер балалар күндізгі оқу орнының студенттері болып табылса, онда олар МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерді 23 жасқа жеткенге дейін алатын болады.
Жұмысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлемдердің де өз ерекшеліктері бар. Төлемдердің бұл түрін алу мерзімі – бір айдан бастап төрт айға дейін және ол жұмысшының міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Өткен жылы төлемдер мерзімі штаттардың қысқартылуы, мекеменің таратылуы немесе өндіріс көлемдерінің төмендеуі бойынша жұмыстан босатылу жағдайларында алты айға дейін ұлғайтылды және бұл мерзімнің ұзартылуы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 36 және одан да көп ай қатысу өтіліне ие жұмыскерлерге ғана қолданылды. Бірақ, әлеуметтік төлемнің бұл түрі егер адам жұмыссыз ретінде есептен шығарылса тоқтатылуы мүмкін.
Бүгінгі күні ана мен балаға қолдау көрсету жүйесі арқылы тууды жоғарылату және балалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасалынуда. МӘСҚ-дан берілетін барлық төлемдердің 93%-дан астамы – бұл декреттік демалысқа және бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалысқа шығатын әйелдерге көрсетілетін көмек.
МӘСҚ-дан жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем бір рет төленеді және ананың декреттік демалысының барлық күндерін қамтиды. Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу жағдайында адам декреттік демалыс және бала күтімі бойынша демалысқа байланысты МӘСҚ-дан төленетін барлық тиісті төлемдерді алады.
Сондай-ақ, МӘСҚ-дан берілетін қосымша қолдаудан өзге жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналар дүниеге бала келгенде бюджет қаржысы есебінен баланың тууына бірреттік мемлекеттік жәрдемақы да алады.
Сонымен қатар, МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерді алу құқығын және олардың мөлшерін реттейтін факторларға да жеке тоқтала кеткен жөн. Бірінші кезекте әлеуметтік төлемнің мөлшері ай сайын түсетін әлеуметтік аударымдардың сомасына және нақты адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты болады. МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдарды уақтылы және толық төлеудің маңызы зор. Сондықтан, әрбір қызметкер өзі үшін төленген әлеуметтік аударымдарды тұрақты бақылап отыруы және жұмыс берушіден аударымдардың уақтылы және толық төленуін талап етуі қажет.
Сонымен бірге, МӘСҚ-дан тағайындалатын әлеуметтік төлемдерге сақтандыру жағдайына дейін ресми түрде жұмыс істеген және олар үшін әлеуметтік аударымдар төленген азаматтар ғана үміттене алатындығын ескерген жөн.
Осыған байланысты елде азаматтарды жұмысқа тұрғызу үшін мемлекеттік қолдау көрсетудің ауқымды спектрі қамтамасыз етілетіндігін атап өткен жөн. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ең алдымен, еңбек нарығында талап етілетін мамандықтарға, кәсіпкерлік пен компьютерлік сауаттылық негіздеріне оқыту жүргізілуде. Жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылуда, кәсіпкерлікпен шұғылдануды қалайтындар үшін шағын несиелендіру мүмкіндіктері де ұсынылуда.
Әлеуметтік қолдаудың экономикалық негізі
МӘСҚ резервтерінің қалай қалыптасатынын айтқанда, әлеуметтік аударымдар жұмыскердің еңбекақысынан ұсталынбайтындығын, олардың жұмыс берушінің қаржысы есебінен төленетіндігін атап өту қажет. Яғни, жұмыскер өзінің жеке қаражаттарын жұмсамайды. Жүйе жұмыс беруші өз қызметкерлерін әлеуметтік тәуекелдерден өзі сақтандыруға міндетті болатындай етіп құрылған.
Бүгінгі таңда әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі табыстың 5%-ын құрайды. Егер цифрлар көмегіне жүгінер болсақ, онда үстіміздегі жылдың 1 шілдесіндегі деректер бойынша әлеуметтік аударымдар 6,6 млн адамға төленген. Салыстыру үшін, 2005 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі өзінің алғаш қызметін бастаған уақытта әлеуметтік аударымдар тек 4,1 млн адамға төленген.
Әлеуметтік аударымдар қатаң түрде мақсатты тағайындалуы бойынша – еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілігі және босануы бойынша немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алумен байланысты, сондай-ақ, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жағдайларға әлеуметтік төлемдер төлеуге жұмсалады.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген сәттен бастап (2005 жылдан) 3,5 млн-нан астам адамға МӘСҚ-дан жалпы сомасы 825 млрд теңгеден астам әлеуметтік төлемдер төленген.
Нарық жағдайында жұмыс жасайтын қаржы институты ретінде МӘСҚ бір орында тұрған жоқ, ол одан әрі дамуда және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын әртүрлі қаржы құралдарының көмегімен Ұлттық банктің құнды қағаздарына оларды орналастыру арқылы әлеуметтік аударымдардың сақталуын қамтамасыз етеді. 2017 жылдың 1 шілдесіне МӘСҚ активтері ең төменгі несие тәуекелімен мемлекеттік құнды қағаздарға инвестицияланған, оның ішінде 62%-ын Қаржы министрлігінің қазынашылық облигациялары, 27%-ын Қазақстан Республикасы Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноталары, 10%-ын Қазақстан Республикасы Ұлттық банк-тің депозиттері мен кері РЕПО операциялары құрайды.
Әлеуметтік төлемдердің сатып алу қабілеттіліктерін қолдау мақсатында макроэкономикалық шамалардың өзгерістерін, оның ішінде құнсыздануларды ескере отырып, МӘСҚ активтерінің есебінен әр жыл сайын еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылуы бойынша төлемдердің мөлшері өсіп отыратынын атап өту қажет. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7%-ға арттырылды.
Қайда жүгіну қажет?
Бұл МӘСҚ-дан қолдау алуды көздейтін азаматтардан барынша жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Әлеуметтік төлемдерді алу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне өтінішпен жүгіну қажет. Оған қоса халыққа қызмет көрсету ыңғайлы болу үшін бір уақытта бірден екі өтінішті беру мүмкіндігі қарастырылған: бюджет қаржысы есебінен мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға және еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы секілді төлемдер бойынша МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерді тағайындауға. Ал бала тууына байланысты бюджеттен бірреттік жәрдемақыны алуға құжаттарды бере отырып, бірден 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерді алуға құжаттар тапсыруға болады.
Жүктілігіне және босануына әлеуметтік төлемді тағайындау үшін жүктілік және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алғаннан кейін мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне өтініш беруге болады.
Қызметтерді көрсету жүйесін жетілдіру және барлық қажетті құжаттарды жылдам әрі дұрыс ресімдеу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында тұрақты әрі жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, еңбек ету қабілетінен айырылуы деңгейін анықтау үшін медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне жүгінгенде, мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақының, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен арнаулы мемлекеттік жәрдемақының және МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдердің тағайындалуына адам біруақытта бірнеше өтініштерді жаза алады. Осылайша, әртүрлі әлеуметтік қызметтердің бірнеше кеңселеріне барудың қажеттігі болмай қалады.
Жұмысынан айырылған адам Халықты жұмыспен қамту орталығының бөліміне жұмыссыз ретінде тіркелу үшін жүгінген кезде сол жерде ақша қаражаттарын аудару үшін банктік есепшот нөмірі туралы мәліметтерді міндетті түрде қосымша бере отырып, МӘСҚ-дан жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемнің тағайындалуына да өтініш жаза алады.
Ақпараттық технологиялардың дамуымен мемлекет жыл өткен сайын мемлекеттік қызметтерді алуға, оның ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру саласына жүгіну тәртібін жетілдіруде. Сондықтан қызметтердің көптеген түрлерін «Электронды үкімет» порталы арқылы алуға болады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен мекемелердің ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажетті құжаттарды сұрау мүмкіндігі де қарастырылған. Егер жұмыссыз ретінде тіркеу туралы мәліметтер болса, онда электронды-сандық қолтаңба болған жағдайда, «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы МӘСҚ-дан жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемді тағайындауға өтініш беруге болады. Сондай-ақ, веб-портал арқылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табыс көзінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдерді ресімдей алады.
Барлық қызметтерді үйден шықпастан ресімдеуге болатын, азаматтарға қашықтықтан қызмет көрсетудің осындай әдістерін енгізу МӘСҚ қызметін жетілдірудің басты артықшылықтарының бірі болып отыр.
Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі Қазақстанның заманауи әлеуметтік-экономикалық қатынастарының маңызды әрі қажетті элементіне айналды. Оның өзге сақтандыру түрлерінен басты айырмашылығы материалдық қамтамасыз етілмеуден қорғау ретінде ұсынылуы және әлеуметтік әділеттілік принципі бойынша құрылған. Себебі, әлеуметтік сақтандырумен күнелтудің негізгі көзі еңбекақысы немеөсе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысы болып табылатын, жеке еңбегі есебінен өмір сүретін адамдар ғана қамтылған. МӘСҚ жұмыс істейтін халыққа қолдау көрсетуге арналған және әлеуметтік аударымдар – бұл болуы мүмкін әлеуметтік тәуекелдерден сақтандырудың кепілі болып табылады.
Сәуле ДҮЙСЕНОВА,
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры»
АҚ президенті