Қазақстан • 24 Тамыз, 2017

Тұңғыш Премьер-Министр - Ұзақбай Қараманұлы

1065 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бұл естелік еліміздің құрылыс ісінің аса көрнекті майталман қайраткері, халық құрметіне бөленген азаматтарымыздың бірі, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі болып қызмет атқарған Ұзақбай Қараманұлы туралы болмақ.

Тұңғыш Премьер-Министр - Ұзақбай Қараманұлы

Құрылыс деген өзі күрмеуі қиын ор­та. Оны бастау да, аяқ­тау да қиын. Басын бас-тап, аяғына дейін жеткізген жанды үл­кен маман деп атауға болады. Өйткені, мұндай күрделі іс­те бастан-аяқ бақылау жаса­лып, жан­ашырлық болмаса, оның қиюы кетеді. Мысалы, аты әлемге әйгілі Антонио Гау­­ди­­дің атақты жұмысы Саг­­рада-­Фамилиа (Temple Expiatori de la Sagrada Família) ке­ші­рім шіркеуінің құрылысы ХІХ ғасырдың соңынан бас­тап әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ұлы сәулетшінің қия­лы мен ойынан шық­қан бұл та­рих ескерткіш қаншама өз­ге­рістерге ұшырады. Бүгінгі кү­­ні тіп­ті оны тоқтату туралы да ұсыныстар тү­су­де, өйткені ав­тордың бастапқы ойы­­ның өрнегі жойылған. Міне, бұл ға­ламдық ауқымдағы бір мысал. Ал күнделікті өмі­рімізде басы қызу басталып, аяғы сиыр­­­құйымшақтанып кететін қан­­шама жобалар бар. Осындай мүш­кіл халге жеткізбей, қолы­на алған жұмысты ая­ғына жет­­кі­­зу кез келген маманның қо­­лы­нан келе бермейді. Осы тұрғыда Ұзекеңді өз саласы бо­йынша білімділік деңгейі мол, түсінік дәрежесі биік тұлға деп білемін. Ол құ­рылыс мамандарының ішінен өзінің еңбекқорлығымен, басқару шеберлігімен бәрінен оқ бойы озық шы­ғып, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі болды.  
Премьер-Министр – ағыл­шын тілінен аударғанда «бірін­ші министр» деген сөз, біз­діңше Үкімет басшысы. Қазақ­станның бергі тарихындағы Үкі­мет басқарушы органда­ры әртүрлі аталды: Алаш үкіме­ті, Революциялық комитет (рев­ком), Халық комиссарла­ры кеңесі (Совнарком), Министр­лер кеңесі. Бүгінгі Үкімет басшысы лауазымында болған азаматтарымыздың тізімі отыз­ға жетіпті, олардың ішінде Алаш үкіметін басқарған Әли­хан Бөкейхановтан бастап Сә­кен Сейфуллин, Нұртас Оңда­сынов, Жұмабек Тәшенов, Дін­мұхамед Қонаев, Бәйкен Әші­мов, Нұрсұлтан Назарбаев сияқ­ты қазақтың марқасқа аза­­мат­тары бар. Елбасымыз Жо­­­ғарғы Кеңеспен ақыл­даса оты­рып, Кеңес өкіметі мен тә­уелсіздігіміздің тоғысында осы лауа­зымды талай күрделі іс­тің ыстығы мен суығына шың­­далған, өндіріс пен ел ша­руашылығының қыр-сырын біле­тін Ұзақбай Қарамановқа міндеттеп, сенім артты.

Ұзекеңнің ұстамдылығын ерекше атап өт­кім келеді. Кез келген даулы мә­­­се­лені ай­қай-шыңсыз, құрылыс пен жо­балау салаларын үйлесімді тү­йіс­тіретін шешімдер та­уып отыратын. Құ­рылыстың бү­ге-шігесіне дейін бі­летін са­уаттылығының арқасында еш­бір мәсе­лені уысынан шы­ғармай, оң ше­шімін айтатын. Со­ның арқасында ол басқарған өн­діріс орындары көптеген жақ­сы жетіс­тіктерге жетіп отырды.
Ұзекеңмен қызметтес бол­ған­дар да, ол кісінің алдына ба­рып, қандай да бір істің күр­­меуіне шешім алғандар да оның терең білімін, ашық көз­­­қарасын мойындап айтып жү­ретін. 

Білімді құрылыс маман­дарының аздығынан өткен ғасырдың 60-70-жылдарына дейін Үкімет басшылығында құрылыс кураторлары болып басқа өндіріс өкілдері қыз­мет атқарды. Осы жылдары елі­мізде құрылыс ісі қарқынды бас­тау алған еді. 
Ірі панелді үй құрылысы зауы­ттары салынып, олар да­­ми бастады, соның нәти­­жесін­де еліміздің бар­лық қа­ла­лары мен елді мекен­де­рінде шағын-аудандар бой түзеді. Жаңатас, Қаратау, Рудный, Арқалық, Хромтау, Лениногор (Риддер) сынды өндірістік қалалар да жаңара түсті. Осы кезеңде құрылыс саласына ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Социалистік Еңбек Ері, білікті металлург, өз сала­сындағы тәжірибелі басшы Ар­тем Мисакович Вартанян же­текшілік етті. 

Мен сол жылдары Тұрғын үй-аза­маттық құрылыс басшысы, ҚазКСР Мем­құрылысы төр­алқасының мүшесі бол­ған уақытымда Артем Миса­ковичтің біздің салаға байланысты өткізген жиналыстарына жиі қатысып тұратынмын. Тұрғын үйлер серияларын таң­дау, ірі панелді үй құрылысы за­уыт­тарын салу және дамы­ту, ірі панелді үйлерді қайта өңдеу сияқты мәселелер қарас­тырылатын. А. Вартанян – өз саласының ас­қан білгірі еді, батыл ше­шім­дерді қа­был­дауымен ерек­ше­леніп тұратын. Алай­да, негі­зінде өзі құрылысшы бол­ма­­ғасын, бұл саланың мамандары басшы­лыққа өз пі­кірін толығымен жет­кізе ал­май жататын уақыттар да болатын. Сон­дықтан да сол кезеңде жобалау­шы­лар мен құрылысшылар қауымы оның іскерлігі мен білімін қанша мо­йын­да­са да, іштей құрылыс маманының жетек­шілік етуін қалайтын. Әрине, Вартанян бас­шылыққа кездейсоқ келе қалған адам емес, құрылыс индустриясына жетек­шілік еткен жылдары көптеген келелі істерді атқарып кетті. Дегенмен, сол кез­дері Үкімет басына құ­­ры­­лысшы, сәулет­шілікті түсінетін маман келеді деген ой басы­мызға келмейтін. 

Келді. Келгенде де еліміз тәуел­сіз­­­­дік­ке енді қол жеткізіп, билікті өз қо­лы­на ала бастаған күрделі жылдары өзі­нің орнын тап басып дәл келді. Бұл құрылыс инженері Ұзақбай Қараманов еді. Көптеген жылдар құрылыс мамандары тіпті төраға орынбасарлығына да тағайындалмаған болса, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылдың 17 мамырында қабылдаған қаулысы бойын­ша бекітілген Министрлер Ке­ңесінің құ­рамында төраға Ұзе­кеңмен бірге оның же­ті орынбасарының үшеуі құры­лыс мамандарынан таға­йын­далғаны біз үшін аса жа­­ғым­ды жаңалық болды. Құрылыс саласының өкілдері Эрик Гукасов, Октябрь Желтиков, Николай Макиев­ский және Ұзекең егемен елдің алғашқы қадамы­ның нық болуына бірлесе тер төкті. Та­лай реформалық жобалардың не­гізі осы кезеңде бастау алды. 

Тарихымызда қарапайым құрылыс жетекшісінен министрге жеткен талай майталман азаматтар болған. Мастер, про­раб кезінде құрылыс алаң­­да­рында нивелирі мен тео­долитін арқалап, күн сайын бір қабаттан екінші қабатқа көте­рілуді ауырсынбай шың­далған жас инженер министр болғанда да ми­­нистр­дің порт­фелі мен креслосын ауыр­сынбайды. Сол себепті де Ұзе­­­кең­нің аумалы-төк­пе­лі за­ман­да Премьер-Министр болып тағайындалуы кездейсоқ емес. Осындай деңгейге жеткен азаматтардың ішін­де құ­ры­лыс ісінің ірі мамандары Асқар Құлыбаев, Евгений Ёжиков-Ба­баханов, Амалбек Тшанов, Тайыр Мансұровтар қиын-қыстау замандарда облыс басшылықтарында болып, іргелі істердің басы-қасында болды. 

Ұзекең салған премьер-ми­нистр­ліктің сара жолын жал­ғастырушылардың бірі – құ­рылыс инженері маманы Павлодар үй құрылысы ком­бинатының мастерлігінен еліміздің Премьер-Министр­лігіне (2003-2007 жылдар) дейінгі жолды жүріп өткен, қазіргі Шығыс Қазақстан об­лысының әкімі Даниал Ах­метов.
Өзі құрылысшы болғасын ба, әлде елі­міздің құрылыс ин­дустриясын да­мы­тудағы ең­бегімізді елегені ме, Ұзе­­кең жобалаушыларға да ерекше жан­ашырлық танытып жүретін. Ке­ңес өкі­меті жылдарындағы жоспарлы шаруа­шылық тәртібі кезінде кәсіп­орындардың қыз­­меткерлеріне автобус­тар мен жүк кө­ліктері, жеңіл көліктер ғана бөлініп оты­ратын. 

Мен білетін Ұзекеңнің адам­гер­ші­лік ұстанымында досқа адалдық, жол­­дасқа де­ген сенімділік қашанда биік дәрежесінен түскен емес. Ұзекеңнің жас­тық шағын­дағы тай жарысы кезі­нен бас­­тап елағасы жасына келгенше жақын араласқан, бүгінде марқұм бол­ған Ас­қар Әлмұхамбетов деген азамат болды. Ол ертеректе Мәскеудің Одақ бойынша өте белгілі, беделді «Тяж­­электропромпроект» жобалау инс­­ти­тутының Алматы қаласындағы фи­лиа­лын­да көп жылдар бойы директор болып қызмет атқарған. Өзі бір сымбатты, ақ­көңіл, мінезге бай, адамгершілігі мол, білімді азамат еді. Қайта құру, нарық экономикасына көшуге бет алған тұста, еш дайындықсыз  ұжым басшыларын сайлау науқаны басталған. Сол науқан Асқар үшін сәтті болмай, ол филиал директорлығына өтпей қалды. Ұзекең маған Асқарды жұмысқа алу жөнінде ұсыныс жасап, ол «Казгорстройпроект» бас жобалау институтына жұмысқа келіп, менің орынбасарым ретінде бір­не­ше жыл қызметтес болдық. Мен Ұзе­кеңнің жұмысқа, қызметтес ортаға адалдығын білетінмін, онымен бірге жол­дастыққа деген азаматтығының биік­тігін де байқадым.

Ұзекең Үкімет басшысы болар ал­­дын­­да оның Абай даңғылы мен Бай­сейітова көшелерінің маңайындағы құ­рылыс басшылары тұратын үйлерден төрт бөлмелі сайлы пәтері болатын. Премьер-Министр қызметіне ауысқан кез­де лауазымына сай басқа жерден үй берілді. Сол се­бепті тұрып  жатқан үйін көп­тен бері аралас-құралас ке­ле жатқан  жолдасы Асқар Әл­мұхам­бе­товке заңдастырып қал­дыру жолын қарастырды. Ол кісі, әрине, үйсіз бол­ған жоқ, шағын ауданда ірі панелді үй­лердің бірінде тұратын. Бұл өткен ғасырдың 50-жылдары жобаланып-салынған үйлердің бірі болатын. Ол үйлердің сипатын қара сөзбен керегінде қан шығармай-ақ жан шығаратын майталман классик жазушымыз Әбіш Кекілбаев керемет айтып кетіп еді. 90-жылдардың бас жағында болған Қазақстан сәулет­шілерінің кезекті бір съезінде сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары болып қызмет ететін жазушы Әбекең Горбачевтің жа­риялылық бағытының сәулетшілердің қызметіндегі көрінісін дәл тапқан болатын. Жалпылай айтқанда, ол кісі жариялылық дегенді біреулер енді түсініп жатса, сәулетшілер көршілердің түнгі тірліктерін бір-біріне жариялауға кедергі келтірмейтіндей етіп, араларына жұқа қабырға салып, баяғыда-ақ жүзеге асырып қой­ған, деп съездің делегаттарына Мәдениет министр­лігінің атынан жол болсын құттықтауын айта отырып, бізге сынын да жеріне жеткізіп айта білді. 

Ондай  үйді кеңейту мүм­кіндігі жо­ғын біле отырып, Ұзе­кең өз пәтерін Ас­­­қар­­ға  заң­дастырып  беру  үшін бі­раз кө­­ңілін бөлді. Ұзекең бас директор ре­­тінде мені де ша­­қы­рып, осы істі заң­ды түр­де аяғына дейін жет­кізуге сеп­тік етуімді сұрады. Көп­теп-көмектеп жүріп, бәрі сәтті шешілді. Асекеңнің қо­ныс­­тойында  болдық. Сол күні қолға алған іс­тің ризашылықпен  біткеніне  Ұзекең мен  Ұл­дай жеңгеміздің келісті-келісті   айтыл­ған ниеттерінен білініп отырды. Ба­ла­сына, туысына емес, жолдасына бер­гізгені де үлкен адамшылық қасиет. 

Ұзекеңнің халықпен араласуда суық­­ты­ғынан гөрі жылуы көп. Үлкен крес­лоға ие болып, оның буына уланып, кеу­десіне нан пісетін басшылар да жиі кез­десіп жатады. Францияның атақты фи­лософы Монтескье: «Көптеген ға­сырлар тәжірибесі көрсеткендей, қо­лында билі­­гі бар адам қылмыс жасау­ға бейім тұрады...» деген сөзі бар. Бұл билік етуді би­леп-төстеу деп түсінетін кей­­бір азаматтарға тән болар. Ұзекең өз бойындағы ата-­анасынан дарыған асыл қа­сиеттерімен осындай басшылар­дан айырма­шылығы жер мен көктей. Ол жан-жағына жылу дарытып, айналасына игі жақсыларды топ­тас­тыра білді. Бұл оның отба­сының да жылуы мен ауыз­біршілігін арттырып келе­ді.

Білімді, парасатты Ұлдай жең­геміз де азаматын ардақтап, отба­сына ұйытқы болатын асыл жан. Бүгінде Ұзекеңмен бір­ге үш ұлын жетілдіріп, немерелерінің қызығына бөле­ніп отырған жайы бар. 

Ертеректе ата-бабаларымыз қасиетті қазақ жерін, киелі елін қорғау үшін шаңырақ ие­сі, атұстар ұрпақтың келуін бір жаратушыға сиынып, тілеу­мен бол­ған. Тарихымыздан белгілі желкілдеген қол бас­таған Жанқожа батырдың ұрпағы болып келетін Ыңғай атасы дүниеге төр­тінші болып қыз немересі келгенде, ба­ласы Қараман мен келіні Айсұлуға іштей өкпелеп, атына мініп алыс жолға аттанып кетіпті. Алла тағаланың жазуы шығар әлде Ыңғай ақсақалдың тілегі қабыл болды ма, бесінші немересі болып керегінде еліне бел болар, ерліктерге дайын, шекесі торсықтай атұстар ер бала дүниеге келеді. Бұл – атасын ұзақ күттіріп, отбасында тұңғыш ұл болып үлкен қуаныш алып келген, кейін бүтін қазақ халқы ұзақ күткен тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі Ұзақ­бай Қараманұлы еді. Бірін­шілік жай ғана реттілікті білдіріп қоймайды, ол зор жа­уапкершілікті, ерен еңбекті жүк­тейтін озат жұмысты да білдіреді. Бұл тұрғыдан Ұзақ­­бай Қарамановты нағыз Бі­рінші министр деп айта аламыз, оған елдің құрметі де куә бо­ла алады.

Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик