Қазақстан • 24 Тамыз, 2017

«Астана» қарымта қайтарды

349 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қолымды мезгілінен кеш сермедім», деп өкінген екен хәкім Абай. Сол айтқандай, «Астананың» ішінде де бір қыжыл кетті. Әттең, «Селтикпен» болған алғашқы ойынның абыройсыздау нәтижесі өз алаңында ақырғы демі қалғанша айқасқан «Астананың» еңбегін зая кетірді. Иә, бұрнағы күні УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтигімен» болған қарымта ойында 4:3 есебімен жеңгенімен, жалпы есепте жолдан шығып, о бастағы мақсатқа жете алмады.

«Астана» қарымта қайтарды

Бұл жолы «Астананың» қақпасын Ненад Эрич қорғады. «Селтик» десе қолынан доп суси беретін Александр Мокинді бапкерлердің дем алдыра тұрғаны бір есептен дұрыс та болды.

Алғашқы минуттардан-ақ ойынның алма-кезек шабуылға толы болатыны байқалып қалды. «Селтиктің» алаңның әр тұсынан ат қойған іс-қимылына «Астана» қаймықпай жауап беріп отырды. Ал, сондай бір сәтте Патрик Твумасидің алыстан тепкен добы «Селтиктің» қорғаушыларын селк еткізгендей де болды. Рас, қонақтар да қарап қалмады: сумаң қаққан сұрмергендері екі-үш рет біздің қақпаға төніп келіп, сес көрсетіп кетіп жатты.
Өкінішке қарай, кездесудің 13-минутында біздің орта тұста­ғы ойынның берекесін келті­ріп жүрген хавбегіміз Ласло Кляйн­хайслер жарақат алып қалды. Оның орнына Срджан Граховац алаңға шықты.

Матчтың 27-минутында ке­зекті ша­буылдың бірінде Дми­трий Шомко айып алаңының сыртынан шірене тепкен. Сол кезде қонақтардың қорғаушысы Крис­тофер Айер допты қайта­рамын деп, өз қақпашысын қапы қалдырды. Қатты тебілген доп бағытын күрт өзгертіп, қақ­паның оң жақ бұрышын солқ еткізген болатын.

Арада жеті минуттай уақыт өткенде «Селтиктің» шабуыл­шысы Скотт Синк­лер жерлестеріміздің айып алаңына сол қанаттан бұзып-жарып кірді де, тура «тоғыздықты» дәл кө­здеді. Сөйтіп, командалар үзіліске тең есеп жағдайында кетті.
Үзілістен кейін алаңға Марин Тома­совты алмастырған Абзал Бейсебеков шықты. Бұл өзгерістің ойын барысында аз пайдасын тигізбегенін айта кету керек. 

Матчтың 48-минутында айып алаңына әуелете берілген доп кейін серпілген кезде «Астананың» жартылай қорғаушысы Серікжан Мужиков мергендік танытып, гол санын екіге жеткізді. Іле-шала, Шомкодан пас алған Патрик Твумаси есепті 3:1 қылып өзгерт­ті. Осы голдан кейін «Селтик» шынымен де сасайын деді. «Астана Аренаға» жиылған мың сан көрерменнің қиқуы да жығылғанға соққы болып тигендей. Сасқаны сол емес пе, қонақтардың бапкері Брэндон Роджерс бірінен соң бірі үш ойыншыны алмастырды. Енді, қонақтар тайлы-тұяғы қалмай шабуылға ұмтылған. Міне, осындай сәттің ұрымтал тұсын шебер пайдаланған елорда футболшылары қонақтарды қарсы шабуылмен қапы қалдырды. Твусмаси кездесудің 69-минутында қақпашы Гордоннан айласын асырып, төртінші голды салған еді. Төртінші доп торға түскенде сөнуге айналған үміт оты қайтадан лап етіп, жанкүйер жазған «Астана Аренадан» аспанға ұшып кете жаздаған. Бірақ, қуаныш ұзаққа бармады. Алдымен Оливер Нчам ойынның 82-минутында, одан кейін Гриффитс соңғы минутта екі гол соғып, аптығымызды су сепкендей басты.

Дегенмен, «Астананың» мыңдаған жанкүйерлері алдында намысын аяққа таптатпаған өрлігі ұнады. «Ерлер ыр­ғасып сынасады» деген, өзінен күші басым қарсыласпен ақырына дейін алысып, кеудесін бастырмаған Станимир Стойлов шәкірттері қалай болған күнде де өздерінің һәм күлі қазақ футболының беделін қорғап қалған еді.

Сонымен, «Астана» Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады. Ал алдағы уақытта өнер көрсететін Еуропа лигасы сынына 48 клуб қатысады. «Астананың» Еуропа лигасының топтық кезеңінде қарсыластары жұма күні белгілі болады.

«Астана» (Астана, Қазақстан) – «Селтик» (Глазго, Шотландия) 4:3 (1:1). Бірінші ойын: 0:5.
Голдар: Айер – автогол 27 (1:0), Синклер 34 (1:1), Мужиков 48 (2:1), Твумаси 49 (3:1), Твумаси 69 (4:1), Нчам 82 (4:2), Гриффитс 90 (4:3)
Ескертулер: Постников 70, Шомко 82, Граховац 90+3
«Астана»: Эрич, Шитов, Аничич, Кляйнхайслер (Граховац 13), Мужиков, Томасов (Бейсебеков 46, Тағыберген 81), Маевский, Твумаси, Кабананга, Постников, Шомко
«Селтик»: Гордон, Биттон, Браун, Гриффитс, Синклер (Армстронг 65), Нчам, Лустиг, Айер, Макгрегор (Рогич 46), Форрест (Рэлстон 57), Тирни

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар