Қазақстан • 24 Тамыз, 2017

«QAZAQSTAN» – жаңа маусым жаңалықтары

647 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа маусымы таныстырылды. 28-тамыздан бастап корпорация құрамына енетін арналар мен радиолардың эфирінде ауқымды өзгеріс орын алмақ. Яғни, ребрендинг жүргізіліп, студиялар жаңартылып, жаңа бағдарламалар эфирге қосылады.

«QAZAQSTAN» – жаңа маусым жаңалықтары

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев жаңа маусым аясында «Қазақстан» корпорациясына енетін барлық ресурстарға қатысты жасалған ребрендингтің айтарлықтай жаңа қадам екенін атап өтіп, ұжым қызметіне сәттілік тіледі. Министрдің айтуынша, алдағы екі-үш жылдың ішінде аналогтік хабар таратуда толығымен цифрлы жүйеге көшу, спутник желісі арқылы телеаудиторияны арттыру, отандық телесериал өнімін көбейту – отандық телеарналардың басты міндеті.

Жаңа маусымдағы жаңғыру туралы «Қазақстан» РТРК Басқарма төрағасы Ерлан Қарин әңгімеледі. Корпорация жетекшісінің айтуынша, ребрендинг барысында «Қазақстан» РТРК медиа активтеріне ортақ, танымал логотип бекітіліп, ренейминг, редизайн жұмыстары жүргізілді. Жаңа логотипті қабылдау барысында көптеген әлемдік телеарналардағы үрдістер сараланып, заманауи трендтер ескерілді. Сондай-ақ графикалық-эстетикалық ерекшеліктерді назарға ала отырып, корпорация құрамындағы арналар мен радиостансалардың біртұтастығын білдіретін арнайы белгі ретінде еліміздің Мемлекеттік Туының түсі негізге алынды. Бұдан былай «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Қазспорт», «Балапан» арналарының логотиптері бір негізде әрі латынша жазылмақ. Бұл корпорацияның технологиялық дамуға ұмтылысын, халықаралық медианарықтағы орнын, үлкен медиаотбасы ресурстарының сабақтастығын білдіреді, деп түсіндірді корпорация жетекшісі. Логотип жобасын танымал қазақстандық режиссер және дизайнер Сәкен Жолдас дайындаған екен.

Сондай-ақ корпорация құрамына енетін 14 аймақтық арналардың атаулары да өзгертілмек. Бұрынғы «Қазақстан – Ақтау», «Қазақстан – Шымкент», «Қазақстан – Қарағанды» сияқты атаулардың орнына енді жекелеген, сол аймаққа үйреншікті атаулар енгізілетін болады. Мысалы, Altay, Mangystau, Ontustik, Saryarqa, Aqjaiyq, Atyrau деп аталатын болды. Ұлттық сананы жаңғырту жөніндегі Елбасы тапсырмасына орай жасалған бұл өзгертулер аймақтық арналарға ішкі теленарықта дербес жұмыс жүргізуге және аудиторияның кеңеюіне бағытталған.

Одан бөлек телеарналардың графикалық безендірілуі, музыкалық-топтамалары және «Қазақстан» ұлттық арнасының ресми дауысы да өзгерді. Жалпы, ребрендингтің басты мақсаты – корпорацияның барлық медиа активтеріне тән, ұлттық дәстүрді әйгілейтін, корпорацияның жаңа әлемдік стандарттарға талпынысын көрсететін біртұтас танымал белгі құру.

Еліміздің көрікті табиғат орындарын насихаттау мақсатында графикалық ID роликтер тартымды шыққанын айта кету керек. Жарнама роликтерінің безендірілуі де маусымдық ерекшеліктерге негізделген. Сонымен бірге аңдатпа, жаңалықтар топтамасы, ауа райы іспетті күнделікті эфирлердің безендірілуінде, дауыс, әуен мен музыкалық көркемделуінде де өзгешелік бар. Саунд-трэктерді дайындаған белгілі композитор Арман Мұқатай.

Жаңа маусымда «Қазақстан» ұлттық арнасы көрермендерін түрлі бағыттағы жобаларымен қуантпақ. Атап айтқана, Жібек жолы бойындағы елдердің жас таланттарының басын қосатын «Жібек жолы жұлдызы», төл өнерді ұлықтайтын «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық мегажобалары, ұлттық эстраданы насихаттайтын «Hit Qazaqstan» музыкалық ән-шеруі жаңа маусымда эфирге енсе, ойын-сауықтық бағдарламаларға қоса қоғамдық, интеллектуалдық бағыттағы бағдарламалардың да саны артады. Бүгінгі заманның сұранысына сай келетін реалити-шоу жанрындағы бағдарламалар көрсетіледі. Кәсіпкерлікті насихаттайтын «Үміткер», табиғаттың тылсым күші мен құдіретін көрсететін «24 сағат табиғат құшағында» экшн реалити-шоуы, отанымыздың көрікті жерлерін таныстыратын «Ел ішінде», отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Ене мен келін», жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін «Ару ана», түрлі мамандықтың сыры мен қырын көрсететін «Сенің орныңда» сынды әлеуметтік, рухани, қоғамдық бағдарламалар қатары көбейеді.

Сонымен қатар, эфирден бірқатар деректі фильмдер топтамасы да орын алады. Оның ішінде, Қазақстанның көпшілікке беймәлім тарихы туралы әңгімелейтін «Киелі Қазақстан», еліміздің әйгілі адамдары жайлы сыр шертетін «Ұлы дала ұлағаты», ақтаңдақтар тарихы туралы «Алаштың аманаты» өз көрерменін таппақ. Сондай-ақ «Қазақстан» телеарнасының сериалдары жылдан жылға көбейіп келе жатқанын, аталған өнімдер көрші елдердің теленарығында сұранысқа ие бола бастағанын айта кеткен ләзім. 2009 жылдан бері телеарна алуан тақырыпты қамтитын 77 телехикая ұсынған екен. Биыл ұлтқа деген ұлы махаббат «Өмір дастаны» тарихи драмасында, тігінші қыздың өмірін бейнелейтін «Іңкәр жүрек» телехикаясының екінші маусымы, ізгілік пен мансап таразыға түскен «Екі жүз», өмірдің өктемдігіне мойымаған «Ана қадірі», түрлі ұлт пен ұлысқа мекен болған «Туған жер», астарлы әзіл арқылы мағыналы ой айта білген «Жаңа қоныстың» екінші маусымы, шынайы махаббат жолындағы тартыстар куәсі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», сенім мен үмітті арқау еткен «Саған сенемін» сияқты көрермендер сұранысына ие сериалдар көші жалғасын таба бермек.

Ребрендинг аясында бұрынғы бағдарламалардың да форматы өзгереді. 28 тамыздан бастап «Қазақстан» ұлттық арнасы «Alma TV», «ID TV» сияқты елдегі ірі кабельдік операторлар арқылы HD форматта хабар тарататын болады.

Ал отандық телекеңістіктегі тұңғыш спорт арнасы саналатын «Қазспорт» биылғы күзде еліміздегі ең танымал спорт түрлерінен, әсіресе, күрес, бокс және дзюдодан өтетін әлем чемпионаттарынан трансляция жасайды. UEFA Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасынан, оның ішінде «Астана» клубының Еурокубоктағы барлық кездесуінен және басқа да ірі спорттық жарыстардан көрсетілім, кәсіби спортшылардың өмірі туралы деректі фильмдер мен арнайы репортаждар, дүбірлі дода ортасынан берілетін «Матч қарсаңында», «Матчтан кейін» бағдарламалары және басқа да жобалар мен телеойындар эфирге шығады.

12 жасқа дейінгі көрермендер аудиториясын қамтитын, еліміздегі алғашқы балалар арнасы «Балапан» келешек ұрпақтың көкжиегін кеңейтуде, қарым-қабілетін арттыруда, отаншылдыққа тәрбиелеуде маңызы зор бағдарламаларды жарыққа шығарып келеді. Балаларға басты базарлық ретінде биыл бұл арнада «Қалқанқұлақ» атты тұңғыш қиял-ғажайып жанрындағы балалар телехикаясы, «Саяхат» реалити-шоуы, «Алан мен Қозықа» анимациялық фильмі, «Балапан жұлдыз» шоу-концерті жарыққа шығатынын айтуға болады.

Корпорация құрамындағы «Қазақ», «Шалқар», «Астана» және «Классик» радио желілері енетін «Қазақ радиолары» компаниясының да жаңалықтары жетерлік. Әуе толқынында «Кезең», «Алашнама», «Әлем әдебиеті», «Қауырсын қалам», «Айтыс», «Жыр-керуен», «Алдаспан», «Сарбаз», «Ақ отау» және басқа да көптеген рухани бағдарламаларды шығарып келе жатқан радиолардың жетекшісі М.Манатбектің айтуынша, енді радионы планшет, компьютер, смартфон сияқты құрылғылар арқылы да тыңдауға болады. Радио ұжымы «Жан жылуы» бағдарламасы арқылы қалталы азаматтар мен мұқтаж жандар арасында дәнекер болып, көптеген қайырымдылық істерді атқарып келеді. Сондай-ақ «Үй тапсырмасы» атты жаңа бағдарлама арқылы оқушылар күнделікті сабаққа әзірлене алады.

Тарихы алғаш рет 1958 жылдың 8 наурызында Алматы студиясында эфирге шыққан қазақ телевизиясынан бастау алатын «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бүгінде 3 республикалық, 14 аймақтық телеарна, 4 радио, 36 интернет-сайттың басын қосқан, еліміздің ақпарат аламанында қорғасындай салмағы бар медиаресурс. 60 жылдық қарсаңындағы биылғы өзгерістердің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттер мен тапсырмалар аясынан табылатынын жеткізген корпорация жетекшісі Е.Қарин әлемдегі өзгерістерге ілесіп келе жатқан еліміздің тыныс-тіршілігін жеткізуде алдымен телеарнаның өзі өзгере білуі керектігін айта келіп: Бүгінгі ұрпаққа қандай дүние көрсетсек, ертең сондай қоғам қалыптасады. Сондықтан, телевизия жаңа қоғамдық құндылықтарды, зор талғамды қалыптастыруда қызмет етіп, интелектуалды ұрпақтың өсуіне ықпал етуі керек. Біз еліміздің киелі атауын иеленген бірден-бір ұжымбыз. Бұл біз үшін ерекше мақтаныш әрі жауапкершілік, деді.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»