Үкімет • 24 Тамыз, 2017

Астанада «Еуразия апталығы» халықаралық форумы басталды

310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Еуразия апталығы» халықаралық форумы басталды. Үш күнге ұласатын шараны Еуразиялық экономикалық одақ елдері ұйымдастыруда. Форумның ашылуына Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қатысып, сөз сөйледі.

Астанада «Еуразия апталығы» халықаралық форумы басталды

Қазақстан Үкіметінің басшысы бұл шараның ауқымы мемлекеттік сектор мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара тығыз байланыстарды нығайтып қана қоймай, интеграциялық үдерістерді одан әрі арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Форумға Қазақстан атынан әр саладағы экспортқа негізделген 80-ге жуық компания өкілдері қатысуда. Бұл өз кезегінде елдегі тың байланыстарды пысықтауға көмектеседі. Бүгінде Қазақстанда ЕАЭО елдерімен бірлескен 8 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Меніңше, мұндай қадамдар кәсіпорындар тарапынан елдің интеграциясын қолдаудың жақсы көрсеткіші. Біз алдағы уақытта да кәсіпорындар тізімін кеңейтуге мүдделіміз», деді Б.Сағынтаев.

Премьер-Министрдің мәлімдеуінше, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ұлттық экономикалары бүгінде интеграция аясындағы жағдайға барынша бейімделіп үлгерді. Мәселен, жыл басынан бері негізгі көрсеткіштер бойынша өсімнің жақсы қарқыны байқалған. Айталық, ЕАЭО ішкі жалпы өнімі бірінші тоқсанда 0,8 пайызды құраған. Осы ретте өнеркәсіп саласындағы қарқынды өсімді айрықша атауға болады. ЕАЭО елдерінің сыртқы сауда көлемі бірінші жартыжылдықта 28 пайызға артқан.

Үкімет басшысының баяндауынша, ЕАЭО-ның үшінші елдермен өзара сауда-саттықты арттырудағы тәжірибесі жалпы экономикалық байланысты кеңейтуде қолайлы жағдай жасап отыр. Қазіргі кезде еркін сауда-саттық туралы келіссөздер Израильмен, Сербиямен және Иранмен жүріп жатыр. Сонымен қатар, Премьер-Министр экономикалық көрсеткіштердің негізгі бағыттарының бірі түрлі кедергілерді жоюға негізделгендігін атап өтті. Осындай бастамалар өңдеуші өнеркәсіптің дамуына қолайлы жағдай жасайды.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»