Қазақстан • 24 Тамыз, 2017

Дәурен Абаев: «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша 4 бағыт қамтылған

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Еуразия апталығы» халықаралық форумы басталды. Еліміздің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жайында форумның ашылуынан кейінгі панелдік отырыстардың бірінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев кеңінен баяндады.

Дәурен Абаев: «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша 4 бағыт қамтылған

«Атап айтқанда, біз екі маңызды мәселені алдымызға қойып отырмыз. Біріншіден, өзекті болып отырған мәселе – цифрлы күн тәртібі жайы, бүгінде бұл ЕАЭО аясында да қаралуда. Нақты алғанда, бұл қадамдар елімізге пайдасын келтіруі тиіс. Екіншіден, цифрлы күн тәртібі Қазақстанның цифрлы кеңістігінің дамуын тежегенін қаламаймыз. Осы орайда ол ЕАЭО-ға мүше елдерде цифрландыру әртүрлі деңгейде екенін ұмытпау керектігін, мемлекеттер бірін-бірі күтіп тұра алмайтынын тілге тиек етті. Министр «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында негізінен 4 бағыт қамтылғанына тоқталып, оның біріншісі инфрақұрылымға негізделгенін атап өтті. Ал екінші бағыты – креативті қоғамды дамыту. Бұл тұрғыда цифрлы экономика үшін құзыреттілік пен біліктілікті дамыту, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру ескерілген. «Үшінші бағыт – экономика салаларын цифрландыру. Біз оны барлық секторларға, яғни құқық қорғау органдарынан бастап экономикаға дейін жеткізгіміз келеді. Біз осы бағытта 130-дан астам іс-шараны, жауапты компанияларды, адамдарды және қаржыландыруды айқындадық. Осы іс-шаралардың жүзеге асырылуы еліміздің келбетін айтарлықтай өзгертеді деп ойлаймыз», деді Д.Абаев. Ал төртінші бағыт белсенді жағдайға көшуді көздейтінін, бұл электронды және мобильді үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру қадамдарын қамтып отырғанын айтты.

«Еуразия апталығы» форумы – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жыл сайынғы саммиті. Форумның мақсаты – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық, инвестициялық және экспорттық әлеуетін арттыру. Биылғы форумға ЕАЭО және ТМД мемлекеттерінен бөлек, Оңтүстік-Шығыс Азия және Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, Еуропа және Солтүстік Америка елдерінің өкілдері қатысуға қызығушылық танытқан. Осылайша, шараға әлемнің 42 елінен мемлекеттік билік органдарының, іскерлік топтар мен бизнес қауымдастықтар өкілдері жиналды. Жалпы, шараға екі мыңнан астам адам тіркелген.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»