Әдебиет • 25 Тамыз, 2017

Поэзияға оралу немесе бір аппақ бұлт

763 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Алматыдағы Абай даңғы­лынан сәл жоғары, Розыбакиев көшесінің бойында, оң қол жақ­та бір автобус аялдамасы бар. Тәуелсіздік тарихындағы қиын да, күрделі кезең ретінде есте қал­ған тоқсаныншы жылдардың соңында біз осы аялдамадан орта бойлы, ақсары жүзді, ақ көңіл, бала мінезді ақын ағамызды жиі көретінбіз. Ол кешкілік Баспалар үйінен шығып, әлгі аялдамада «Алмагүл» шағын ауданына қарай баратын автобусты күтіп тұрушы еді...

Поэзияға оралу немесе бір аппақ бұлт

* * *

Бірде Тынымбай аға екеуміз көптен бері төсек тартып, сыр­қаттанып жатқан жазушы Қа­лау­бек Тұрсынқұловтың кө­ңі­лін сұрап қайтпақ болып, әлгі аялдамаға жақын маңнан так­си тоқтаттық. Бағытымыз тау бөктеріндегі әл-Фараби даң­ғылы болғандықтан такси жүр­гізуші жігіт Розыбакиев көше­сімен жоғары қарай ызғытып ала жөнелді. Кенет жаңағы аял­дамада автобус күтіп тұрған ақын ағамызды көріп қалған мен:

– Тоқтаңызшы, – дедім оған жалт қарап. – Тағы бір кісіні ала кетейік...

Ол өрге қарай енді екпін ала бас­таған машинаның тежегішін тағы да басуға тура келгеніне қын­жылғандай қабағын шытып, кілт тоқтатты.

– Оу, не болды? – деді Ты­ным­бай аға әуелде шошып қалып.

– Аялдамада Ес-ағаң тұр екен.

– Қай Ес-ағаң?.. – Сонсоң ма­ши­наның терезесінен сыртқа үңіліп қарап: – Ә-ә, Есенбай Дүйсенбайұлы ма? Ойбай-ау, о кісінің жанынан зу етіп өте шық­­қанымыз жарамас, тоқ­та­ғанымыз дұрыс болды, – деп кү­ліп жіберді.

Ес-ағаң таксиге отырған соң, екі ағамыздың әзілі жараса кет­ті.

– Таксиді тоқтатқан мен, – дейді Тынымбай аға Ес-ағаңа тесіле қарап жымиып. – Әйтпесе мына балалар сіздің тұсыңыздан зыр етіп өте шықпақшы еді.

– Ә-ә, – деп Ес-ағаң риза болғандай басын шұлғиды.

–Алдағы күндерде менің осы жақсылығымды ұмытпай, ескере жүріңіз. Мысалы, мен аялдамада тұрсам, сіз таксиде келе жатсаңыз дегенім ғой!.. Тоқтамай өтіп кетіп жүрмеңіз. Жалпы... басқаша бір жолын тауып, сыйлап жіберемін десеңіз де, қарсылығым жоқ.

– Әй, Тынымбай, – деді Ес-­ағаң осы сәтте сылқ-сылқ кү­­ліп, – бүйтіп бастырмалата сөй­леп жатқаныңа қарағанда, осы мәшинені сен емес, мына бала­лардың өзі тоқтатқан-ау, шамасы!

Біз ду күлдік.

–Айналайын, бәріңе де рах­мет, – деді содан соң Ес-ағаң көңілі жадырап. – Мы­на Тынымбай екеуміздің дос­тығымыз сона-а-ау бір жы­лы, Тынымбай ағаларың «Бұлақ» деген әңгімесін жазып жүрген кезде басталған. Сол әңгімені оқыған жұрт осы күнге дейін менен: «Бас кейіпкері шынымен-ақ сіз бе?» деп сұрап жатады. Ал мен болсам: «Автордың өзінен сұрасаңдаршы» деп құтыламын.

– Ә-ә, иә, сіздің өлеңіңізді әң­гі­мемдегі ақын кейіпкердің ау­зына салсам бола ма деп хат жазғаным есіңізде ме?

– Есімде... Оны қалай ұмы­тайын. Ол кезде мен де сенің әң­гімеңдегі Ертілеуге ұқсап, ауылға сыймай жүргенмін... Ты­нымбай секілді талантты жазу­шы «сіздің өлеңдеріңіз менің ке­йіпкерімнің табиғатына сай ке­ліп тұр» деп хат жазса, қалай қуанбайын!

Әне-міне дегенше, «Алма­гүлге» де жетіп қалдық. Ес-ағаң бізге алғыс айтып, Гагарин көшесінің бойынан түсуге оқ­тал­ған кезде такси жүргізуші қа­ра­торы жігіт ерекше ықылас танытып:

– Аға, үйіңіз жақын ба еді? Әйт­песе, тез бұрылып, подъезге дейін жеткізіп салам ғой, – деді елпілдеп.

«Көңіл көңілден су ішеді» де­ген осы-ау, шіркін!

* * *

Қызық әңгіме. «Бұлақты» айтамын да. Жалпы, жазушы Ты­нымбай Нұрмағамбетовтің қаламынан туған әңгімелердің бәрі де тартымды, қызықты, ой­лы болып келетінін қалың оқыр­ман қауым бізден де жақсы біле­тін болса керек. Өйткені, өз ұл­тымыздың болмысын, мінез-құл­қын, жаратылысын барынша терең, табиғи қалпында мөлдіретіп, бірде күлдіріп, бірде жылатып отырып жеткізетін мұндай суреткер санаулы ғана емес пе.

Әйткенмен, оның «Бұлақ» әңгімесіндегі Ертілеудің өзге кейіп­керлерден кө-ө-өп айырма­шылығы бар екені анық. Себебі, ол – ақын. Оның мұңы, оның арманы, оның қуанышы мен қай­ғысы айналасындағылардың күнделікті әш-піші мен тәш-пішіне мүлде ұқсамайды.

Ол, Ертілеуді айтамыз да, ауылдан төрт шақырым жердегі биік төбенің бауырынан қайнап шы­ғып жататын Қарабұлақты біздің Үлкен анамыз деп қас­тер­лейді. Өскен жерін, туған ауы­лын ерекше сүйеді. Сол себепті қыстың көзі қырауда киномеханик досы Қошқарбайға: «Екеуміз Қарабұлақтың басына барып қайтайықшы» деп қолқа салады.

«Жаңа жауған қалың қарды омбылай кешіп» Қарабұ­лақтың басына барғанда «ол шал­қасы­нан жатқан күйі, майда қоңыр үнмен» өлең оқи бастайды:

Жаным менің...

Мынау жарық дүниеде

Өзгермейтін не бар екен,

білдің бе?

Алтын арай күннің де,

Ай қалқытқан түннің де

Тұрғаны ғой мәңгілік.

«Қошқарбай ақынның өлең оқы­­ға­нын бұрын-соңды көр­ген жоқ-ты. Сондықтан ол Ерті­­леудің айдалада жатып өлең оқығанын әуелгіде ерсі­леу қабылдаса да, келе-келе қызы­ғуы, елігуі басым болды.

Жаным менің...

Биік көктен билеп, ойнап

 жауған қар

Қанат қағып қара жерге

 жетеді.

Бірақ бұл да баянсыз:

Көбелек боп келеді,

Көз жасы боп кетеді,

Көрген түстей өтеді.

«Биік көктен билеп, ойнап жауған қар» дейді. Мынау керемет қой! Қандай әдемі айтады. Ә... Мынау, Ертілеу шын ақын екен...».

Міне, осынау әңгімедегі Қош­­­­қар­бай таңғалып отырған өлеңнің авторы шынында да, жа­ңа ға­на «Алмагүл» шағын ау­да­ны­нан түсіп қалған ақын Есенбай Дүйсенбайұлы болғаны ма. Қандай қызық, ә?!

* * *

Қалекеңнің үйінен қайтып келе жатқан жолда Тынымбай аға­дан «Бұлақ» әңгімесінің қа­лай жазылғанын және ондағы бас кейіпкер Ертілеу ақынның про­тотипі кім екенін сұрадым.

– Е-е, ол біздің Қызылорда жақ­та тұратын бір жігіт еді, – деді жазушы өткен күндерді есіне алып. – Аты-жөні – Балаш­бек Шағыров деген азамат. Көп оқи­тын... Көп білетін. Және оның елден ерекше бір қызық мі­незі бар еді. Маған әңгіме жа­зуға түрткі болған да сонысы болар...

Қызылордадағы радиокомитетте істеп жүрген кезім. Бір күні жұмысқа Балашбек іздеп келіп тұр. Өзі әлденеге ренішті. «Редак­циядағы жігіттерге барып, «Ақ кемені» оқыдыңдар ма? – деп сұрасам, бір де біреуі біл­­мей­ді. Жаңа естігендей көз­де­рін ашып-жұмады», – дейді.

Ойбай-ау, ол – Шыңғыс Айт­матовтың «Ақ кемесі» енді ғана жарыққа шығып жатқан кез емес пе. Атын естігенім болма­са, мен де оны әлі оқымаған едім, ішім қылп ете қалды», – деп жы­миды Тынымбай аға.

Ал менің есіме жазушының «Бұ­лақ» әңгімесіндегі:

«Бұл жолы ол Қошқарбайға жүдеу әрі көңілсіз көрінді.

– Ауданға барып қайттым, – деді ол әңгімесін өзі бастап. –Барғаны бар болсын. Батпақтап көше­де әрі жүрдім, бері жүрдім де, кері қайттым. Әлі «Ақ кеме­ні» ешқайсысы оқымапты. Түсі­несің бе? Ешқайсысы...

Ертілеу әлденеден тауы ша­ғыл­ған кісіше біраз үнсіз тұрды. Қошқарбайдың да басы салбырап кетті. Ол тап қазір Ертілеу бас­қаны емес, өзін кінәлап тұр­ған­дай сезінді.

– Оқымадық-ау деп күйзеліп те отыр­ған ешкім жоқ. Бір-бір стол­да шеттерінен керіліп отыр. Мына қоғам туралы, біз туралы жұрт не деп жатыр? Бұл дүниеде не жаңалық, не жақсылық бар деген ой құлақтарына кіріп те шық­пайды. Солай, бауырым, ауданға бекер-ақ барған екен­мін, таусылып, шаршап қайттым», деген жолдар оралды.

Міне, әңгіме қайда жатыр! Су­реткер өз жерлесінің баяғы бір қызық мінезін арқау ете отырып, жалпы, адамзат, қоғам туралы қандай-қандай терең ойлар түйеді десеңізші.

– Ақынның бейнесін жан-жақ­ты аша түсу үшін оның өлең­дерінен үзінді келтіруім ке­рек болды, – деді Тынымбай аға әңгімесін жалғап. – Әсіресе, Қош­қарбай екеуінің қыстыгүні Қара­бұлақтың басына барып, көктемді, жазды аңсап, өмір, тіршілік туралы толғанатын сәтіндегі асқақ сезімін, шабытын көрсету үшін мен Балашбектің өзінен бастап, жиырма-отызға жуық ақындардың өлеңдерін ақтардым. Сөйтіп, Ес-ағаңның өлеңіне жолықтым ғой. Содан соң, өзіне хат жазып, өлеңіңізді ке­йіпкерімнің аузына салсам бола ма деп рұқсат сұрадым. Кейін білдім, Есенбайдың да сол кезде қиналып, ауылға сыймай, Алматыдағы әдеби ортаны аңсап жүрген кезі екен... Бәлкім, содан да болар, «Бұлақтағы» Ертілеуді әлі күнге дейін Есен­бай деп қабылдайтындар көп-ақ.

* * *

Енді менің есіме жазушының «Бұлақ» әңгімесіндегі Ертілеу ақын­ның Қошқарбайға қарап: «Мен өз өлеңімнің даусын естуге іңкәр болдым. Сондықтан да, мен сені ертіп, ауылдан әдейі ұзап кеттім. Аспан, қыламықтап жау­ған қар, сонан соң Үлкен ана­мыз тыңдады. Мың да бір рахмет. Тынысым кеңіп, рақат­танып қалдым. Ақын үшін өлең оқудың не екенін сен біл­мейсің-ау... Білмейсің ғой... – Ерті­леудің даусы дірілдеп кетті. – Мен бақытсыз емеспін. Өзім сүй­ген пәннен сабақ беремін. Шәкірттерімді де жақсы көре­мін. Бұдан артық мен үшін не ке­рек? Тек өлеңім...» дегені орал­ды.

Иә, бұл тек сөз ғана емес, ауыл­дағы ішқұса боп жүрген ақынның жан сыры. Ол оны әбден қиналған кезде өзін қатты сыйлайтын, өсек тасымайтын, бірақ, мынау дүниеде поэзия атты сұлу әлемнің бар екенінен мүл­де бейхабар, «Бұрын не­ге өлең оқымағанмын. Ақын­дардың өлең оқығанын неге тың­дамағанмын», деп қайран қалып отырған Қошқарбайға ғана айтады.

Бұл өзі, жалпы, ақындарға тән, жо-жоқ, тек ақындарға емес-ау, бүкіл әдебиетші қауым­ға тән мұң болса керек.

* * *

Таяуда теледидардан журналист, тележүргізуші Владимир Поз­нердің италиялық даңқты кин­о­режиссер Федерико Фел­ли­нидің замандасынан сұхбат алып отырғанын көрдім. Жур­налист: «Италиядағы қазіргі фильм­дер неге Феллинидің фильмдеріндей әлемге әйгілі емес?» деп сауал қойды.

Сонда даңқты режиссердің замандасы: «Поэзияның дәуірі өтіп кетті. Бұл өте өкінішті нәр­се. Алдағы бір замандарда адам­зат баласы ол дәуірге қай­та оралуға тиісті...» деп жауап қатты.

* * *

Рас, қазір әлем әдебиеті ойланып тұр. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жал­ғыз­дық» романынан кейін оқыр­манды таңғалдыратындай дүние жазыла қоймаған секілді...

Баяғыда ауылдан Алма­ты­дағы әдеби ортаға жетуге асық­­қан ақын ағалар қазір ке­зек-кезегімен О дүниеге аттанып жатқан жолаушылардай әсер қалдырады. Олардың нақ орта­сында біздің Ес-ағаң – бір кездері бозторғай ақын атанған Есенбай Дүйсенбайұлы да бар...

Жақында ғана «Қазақ әде­биеті» газетінде оның «Бір ап­пақ бұлт жүретін төбемде кіл...» деген ортақ тақырыппен өмірінің соңғы жылдарында жазған бір топ өлеңдері жарық көрді. Міне, сонда:

Өң мен түстей өмірден,

Көшсек, бізді кім жоқтар?

Күн тұтылып көңілде,

Күрсінеді түнгі оттар, – деп толғаныпты ақын.

Қандай тамаша сурет…

* * *

Ал, біздің көзімізге оттай басылатын баяғы аялдама әлі де сол орнында. Кезек-кезегімен автобустар келіп тоқтап, жолаушылар сапырылысып, бірі мініп, бірі түсіп жатады. Тек біздің Ес-ағаң ғана көрінбейді...

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар