Әдебиет • 28 Тамыз, 2017

Өтірігі жоқ өмір

1925 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

1964 жыл. Көктем. Нарынқолға осы ауылдың перзенті, жазушы Бердібек аға Соқпақбаевтың жолы түскені бар. Жалғыз емес, қасына Алматыдан орта бойлы, біртоға, бейтаныс кісіні ерте келіпті. 

Өтірігі жоқ өмір

Клубта өткен кездесуде қаламгер сөз алып, жерлестерімен жүздескеніне қуанышты екенін айтты. Сөйтті де 30-жылдардағы олардың өмірінен алынған «Балалық шаққа саяхат» кітабының «Тепең-тепең» атты тарауынан үзінді оқып берді. Содан соң: «Қаладан алып келген «Менің атым Қожа» деген бір бума кітабым туған-туысқандарымнан артылмады. Таңертең осындағы «Культмагқа» барып іздестірсем, қойма меңгерушісі қазақша-орысша шыққан шығармаларымның бірде-бір данасы қалмай өтіп кеткенін айтты. Есесіне ол жерде жанымдағы жас талант Қадыр Мырзалиевтің балаларға арналған «Жаңғалақтар» жинағы бар екен. Соны түп қотара сатып алып, сіздерге базарлыққа алып келдім. Автордан қолтаңба жаздырып алыңыздар. Қонаққа осылай құрмет көрсетейік», деді. Сондағы Бекеңнің жанындағы бейтаныс адам Қадыр ақын екен-ау! Арада аз уақыт өтпей-ақ ол ағамыздың қазақ поэзиясының хас тұлпарына айналатынын сол кездегі 5-ші класс оқушылары біздер қайдан білейік...

...Осы жазда Нарынқолға барғанымда, міне, жоғарыдағы оқиғаның есіме түспесі бар ма?! Содан бері арада 53 жыл өтсе де ұмытпаппын. Бәрі де көз алдымда. Ал одан кейінгі кезеңдер ше? Иә, қаламгермен Алматыдағы студенттік шақтағы кездесулер, газет-журналда жұмыс істеп жүргендегі жүздесулер... Өкінішке қарай, олардың бірінде де дәл жоғарыдағыдай әсер жоқ. Неге?

Осы сұраққа жауап іздеп, көк теректер жапырағы сыбдырлаған Нарынқол көшелерінде көп жүрдім. Әне, анау қазіргі жасөспірімдерді еңбекке баулу орталығы болып тұрған бәкене ғимарат бір кездегі болашақ жазушы білім алған орта мектеп. Міне, шөберелері бұл күнде жем қоймасына айналдырған Рамазан атаның мына тоқал тамында КазПИ-ді бітіріп келген Бердібек аға отбасымен пәтерде тұрған. Ал кейін қабырғасы құлап, төмпешік болып қалған мына жердегі клубта қаламгер жерлестерімен кездесу өткізген. 

Осыларды бүгінгі ауыл тұрғындары біле ме? Сұрасаңыз, жазушының аты-жөнінен хабардар екенін айтады. Ал өміріне, туған жермен арадағы байланысына келгенде бастарын шайқайды. Оған ешкімді кінәлай алмайсың. Өйтуге хақымыз да жоқ. Себебі, біз де солардың ар жақ, бер жағындамыз. Жазушының шығармаларын жақсы білгенімізбен, өзі, ортасы туралы түсінігіміз аз. Сонда мұны, яғни сөз етіп отырған тақырыпқа байланыс­ты бос кеңістікті немен, қалай толтыруға болады? Жазу-сызу төңірегінде жүрген біз ізденбесек, қимылдамасақ, онда... Осындай ойлармен ақыры Алматыда тұратын Бердібек аға Соқпақбаевтың жары, қаламгердің Самал атты қызының анасы, белгілі педагог, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қызметкер Бәшен апа БАЙМҰРАТОВАҒА жолығып, әңгімелесуді жөн деп таптық.  

– Апай, негізгі әңгімеге кі­ріспес бұрын өзіңіз жөнінде аз-кем мағлұмат алсақ деп едік. Қай жерде, қандай отба­сында өмір­ге келдіңіз. Сіз оқы­­ған мек­теп, алғашқы ең­бек жо­лы­ңыз... Бұл жөнінде не айтасыз?

– Мен өзім Шығыс Қазақстан өңіріненмін, қарағым. Сондағы Ұлан ауданының Байжан елді мекенінде дүниеге келіппін. Әкем пошта тасушы-тын. Өмір­ден ерте кетті. Шешем кең­седе еден жуушы болатын. 1941 жылы соғыс басталғанда 6-сынып оқушысы екенім есімде. Арада екі жыл өт­кен­де мектеп жабылды да бәрі­міз қара жұмысқа жегілдік. Мен аудандық бас­па­ханада әріп теруші болдым. Сөйтіп жүргенде 1945 жылы «Жеңіс!» деген жылы хабар жетіп, майданнан бізге туыс Шағила Құсанова апамыздың оралмасы бар ма?! Кейін ғылым докторы атанып, КазГу-де ұзақ жыл оқытушылық қызмет атқарған ол кісі Алматыға аттанарда: «Ауыл балалары оқуы керек. Бұларға қара жұмыс істе­ту қиянат емес пе?!» деп жергілікті басшылармен жаға­ласып жүріп, төрт қызды өзі­мен бірге алып кететінін айтты. Солардың біреуі анамның одеял­дан тігіп берген пальтосын киіп жолға шыққан мен едім. Ол кезде Өскеменнен Алматыға аттанудың өзі бір азап. Арып-ашып жеттік қой әйтеуір. Содан неше түрлі сынақ тапсырып жү­ріп, Мәншүк Мәметова атын­дағы қыздар педагогикалық учи­лищесіне оқуға іліккен жайы­мыз бар. 

– Бұл арнаулы орта оқу ор­ны Қызылордада емес пе еді?

– Жоқ. 50-жылдардың аяғын­да ғой сол жаққа көшкені. Алға­шында Алматыда, қазіргі мына «Гауһар» зергерлік бұйым­дар дү­ке­нінің орнында болатын. 

– КазПи-ге жақын деңіз...

– Иә. Бердібек ағаң ол кез­де, міне, сонда оқып жүр екен. Біле­тінім, институт басшы­лары­ның оларды бізге топ-тобымен өндірістік тәжірибеден өткізуге жіберетіндігі. Солардың ішінен Серік Қирабаев, Тұрсынбек Жабаев, Мұқаш Сәр­секеев және Бер­дібек Соқпақбаев бағ­дар­ламадағы көрсетілген тақы­рыптарды игеруге ерекше ын­талылық танытатын. КазПи-дің ІІ-ІІІ курс студенттері олармен училище қыздары біздер осындай тәжірибелік сабақ өткізу, мереке қарсаңындағы түрлі ойын-сауық кештерін ұйым­дас­тыру сияқты іс-шараларда танысып-біліс­кен едік. Бәрі шетінен ақкөңіл, ең­бекқор әрі талантты жігіттер болатын. 

– Талант демекші, көз алды­­­ңызға елестетіп немесе есіңізге түсіріп көріңізші. Бола­шақта мықты сыншы, атақты ақын, көр­некті прозаик болатын жоға­­рыдағы ағала­­рымыздың студент кезде­ріндегі әдеби ортада таны­­луы қалай еді? Баспасөз бет­терінде көрінуі ше?

– Педучилище қыздары біз­дердің білетініміз, олар оқып жүріп шығармашылықпен айна­лысты. Оны бұл жігіттердің КазПи-дегі әдебиет үйірмесінде өз өлеңдерін оқып, жазған әңгі­мелерін талқылауға ұсы­ну­лары­нан, Алматыдағы ақын-жазу­шыларды кездесуге ша­қырып, түр­лі пікіралысулар өткізулерінен байқайтынбыз. Сон­дай кештерде профессор Қажым Жұмалиев бірде «Қа­зақ әдебиетінде», келесі жолы «Лениншіл жаста» немесе «Қазақстан пионерінде» шық­­қан студенттер Серік Қи­рабаев, Мыңбай Рәшев, Мұқаш Сәр­секеевтің рецензия, өлең, ма­қалаларын атап айтып, шә­кірттерін көтермелеп отыратын. Өстіп жүргенде Бердібек Соқ­пақ­баевтың да «Социалистік Қазақстан» газетінде сын ма­қаласы шығып, жұрттың гу ете түс­кені бар. «Редакцияға хат» айдарымен берілген ол материал «Ұры біреу, ұрлық нешеу?» деп аталады. Онда Бекең өзі аударған С.Михалковтың өлең­дерін студент әріптесі Қа­был Боранбаевтың сәл өзгертіп пайдаланғанын, сөйтіп бала­лар басылымдарының бі­рін­де жарияланып кеткен бұл тәржіманы ел енді кімнің ең­бегі деп ұғатынына жауап іздей­тінін жазыпты. Ол кездегі КазПи, ондағы тіл және әдебиет факультеті студенттерінің өз ма­мандықтарына деген ұмтылысы, өршіл талапқа толы өмірі, міне, осындай болатын. Біз өзімізбен қатар жүрген бұл жігіттерді жоғарыдағыдай қасиеттері үшін қатты сыйлап, ерекше құрмет тұттық. Оларды жақсы көріп, айтқан сөздеріне қалтқысыз сендік. Солардың бірі Бердібек ағаларың 8 наурыз мерекесінде маған өз сезімін білдіріп, сүйіс­пеншілігін айтқанда, азаматты жерге қаратқым келмеді. Сөйтіп, ол институтты, мен педу­чилищені аяқтаған 1948 жылдың күзінде қол ұстасып Нарынқолға аттандық. 

– Онда қанша жыл тұр­дыңыздар? Мұны сұрап отыр­ғаным... 1951-1952 жылдары репрес­сия­ның үшінші толқыны басталғаны белгілі. Сонда Қазақ­стандағы біраз зиялы қауым өкілінің басына қара бұлт үйі­рілген. Оған атақты тарихшы Е.Бекмаханов та душар болып, Алматыдан 350 шақырым жердегі Нарынқолға қатардағы мұғалімдік қызметке жіберілгені бар. Егер де сіздер ол кезде сонда болсаңыздар, ардақты азамат­тың жо­ға­рыдағыдай жағдайға байланысты алыс ауыл­­да өткіз­ген өмірінен не білесіздер деген ой ғой біздікі.

– Түсіндім. Нарынқолға біз алғашқы алты жылдың ішінде екі рет барып, Алматыға екі рет қайта көшіп келген жайымыз бар. Бірінші жағдай, яғни 1948-1950 жылдары аталмыш ауданның Қостөбе деген ауылында тұрдық. Соғыстың аяқталғанына үш-төрт жыл ғана болып, жұрт әлі есін жия алмай жатқан кез ғой. Сол себепті ел де, жер де өте жүдеу-тін. Кейін бәрі реттелер деп ерлі-зайып­ты екеуміз сондағы бас­тауыш мектепте кезектесе сабақ беруге кіріскенбіз. Бірақ араласатын орта, тұрмыстық жағдай онша болмады. Оның үстіне осы жерде өмірге келген Қуаныш атты ұлымыз ше­тінеп кетіп, қатты қиналдық. Өстіп жүргенде 1949 жылы Бекеңнің өлеңдері «Жастар даусы» ұжымдық жинағында жарық көріпті деп естідік. Ал келесі жылы «Бұлақ» атты жеке кітабы шығатын болыпты. Мұны естіген ағаларыңда тағат қалмады. Сол жағдаймен 1950 жылы Алматыға қайта оралған едік. Өкінішке қарай, жыл өтпей жатып мұнда да тірлік кешу қиынға айналды. Пәтер жоқ. Отын-су удай қымбат. Алатын жалақымыз мардымсыз. Сөйтіп, кешегі ауылдағы өмірімізбен жылап көрісетіндей жағдайға жеткен соң 1951 жылы тағы да Нарынқолға оралуға тура келді. Бұл жолы біз аудан орталығындағы орта мектептің өзіне орналасып, Бекеңе жақын болып келетін Шәріп Жусанбаев пен Рама­зан Жауынбаев ақсақалдардың отбасын паналадық. Жарықтық ауыл адамдары кең ғой. Рамазан ата ауласындағы ескі тамын жөн­деп беріп осында тұрыңдар десе, Шәріп қария өздері не ішіп, не жесе, бізге де соны ортақтастырып отырды. Осын­дай көмек, жәрдемнен кейін мектептен алған айлығымыз да бойымызға жұғып, ел қатарына қосыла бастадық. 

Осылай жүріп жатқанымызда бір күні Бекең үйге асығып келді де сенбінің кешіне қонақ шақырғанын, ол кісінің осында түнеп, жексенбіде де біздің үйде болатынын айтты. Сөйтті де: «Бұл ағай мектебімізге жаңадан келген мұғалім. Бірге отырып тоқсандық сабақ жоспарын жасаймыз», деді. Басқа ештеңе деген жоқ. 

Мейман белгіленген күні үйі­мізге келді. Қала­лықтарша киінген, жылы жүзді, сыпайы кісі екен. Өз басым көрген бетте-ақ бұл бейтаныс қонақты мұнда, түкпірдегі мынадай бұйығы елді мекенде жұмыс істейтін адамға қимадым. Өңінен үлкен ортаны көрген, жоғары мәдениетке ие, парасатты жан екені бірден көрініп тұрды. Амандасып, шай ішуге отырғанда, одан жатар-жатқанша созылған әңгі­мелерде Бекең қонақтың атын атамай «Аға!» деп құр­меттеді де отырды. Ертесінде екеуі күні бойы жазудан бас көтермей, сабақ жоспарын жасады. 

Содан екі ай өткен соң... Иә, екі айдан кейін мек­тептегі мұғалімдер ол кісіні Алматыға қайтадан шақырып алып кетіпті деп жатты. «Сен білесің бе? – деді жоғарыдағы әңгіменің ізі суыған бір кеште Бекең маған тұнжырай қарап отырып, әнеу күнгі келген қонақты айтам да... Ол кісі – қазақтың атақ­ты тарихшысы Ермұқан Бекма­ханов. Арызқойлар ардақты ағаны қоғамға жат элемент деп күстаналапты. Еш жерден жұмыс бергізбей, әуре-сарсаңға салыпты. Содан бассауғалап шалғай өңір, қиыр шет бізге келіп еді. Бірақ шекаралы ауданда тұруға рұқсат жоқ деп қайта­дан кері алып кетті. Ендігі жағдайы не болады? Түсініксіз. 

Осыдан соң Нарынқолға біз де көп тұрақтамадық. Жергілікті биліктің суық көзқарасына ұшы­рауымызға байланыс­ты Ал­­матыға қайта қоныс ауда­руымызға тура келді. Бұл жағ­дайды арада 51 жыл өткенде академик Серік Қирабаев өзінің «Жастықтың сағынышты күндері» атты естелігінде өте дәл, нақты әрі түсінікті түрде айтқан. 

– Сонымен, сіздер Алматыға қайта оралды­ңыздар. Ал одан былайғы өмірлеріңіз... Бе­кеңнің жұмысы... Шығар­ма­шылығы... Айтпақшы, Ер­мұқан аға Бек­махановты кейін көріп, кезде­судің сәті түс­ті ме? Өйткені, сол кездері бәрі­ңіз бір қалада тұрып, тірлік кештіңіздер ғой.

– Алматыға біз қызым Самал екеуміз жазға таман келдік. Бекең оған дейін «Қазақфильмге» қызметке орналасып, ғалым досы Серік Қирабаевтың үйінде тұрды. Отбасымыз түгенделген соң КазПи-дегі жатақхана комендантымен келісіп, бір-екі ай сонда амалдадық та, күзге таман Кіші станицадағы Никамал деген апайдың пәтерін жалдадық. Атақты биші Шара Жиенқұлова бар емес пе. Міне, әлгі үй сол кісінің әкесінің патша заманынан бері тұрған мекенжайының бір бөлігі болатын. Мен сол жерден қала шетіндегі ауыл мектебіне барып еңбек етіп жүрдім. Өйткені, жұмыстың табылу реті солай болды. 

Бекең бұл кезде елге танылып қалған қаламгерлер қата­рында еді. Оны жұртқа белгілі еткен сол кездегі көзіқарақты үлкен-кішінің бәрінің кітап пен газет-журналға деген керемет ынтызарлығы болатын. Соның арқасында айналасы бес-алты жылдың ішінде «Жастар даусы» ұжымдық жинағы мен «Бұлақ», «Алыс­тағы ауылда», «Он алты жасар чемпион», «Ба­қыт жолы» кітаптары жарық көрген авторды ел жақсы білді.

Бір күні Бекең үйге өте көңіл­ді оралды. «Паркті кесіп өтіп келе жатсам, – деді ап­тығып. – Ермұқан аға ше? Бекма­ханов! Міне, сол кісіге жолығып қалдым. Бір-бірімізді көріп қатты қуандық. Сібірдегі айдаудан оралыпты. Өңі жүдеу. Еш жер жұмысқа алмаған. Соны айтып жоғарғы жаққа хат жазған екен, «Күтіңіз. Же­ке қабылдап, әңгімелесеміз», депті. Жалғызсырап жүргенін байқадым да елге қонақ болып қайтуға шақырдым. Оған ғалым келісті», деді.

Содан олар Нарынқолға аттанып, он күндей елде болғаны есімде. Ал Кегенге келіп, Қарқарада жүргендерінде обкомнан телефон шалынады. Ол Ермұқан ағаның жоғары жаққа жазған хатына байланысты іздеу екен. «Бекмахановты Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Пономаренко жолдас қабылдайды. Таңертең Алматыда болсын», деген пәрменнен кейін аудандағыларда жан қала ма? Асып-сасып жүріп түстен кейін оларды жүк мәшинесіне отырғызып, таң ата бере қалаға жеткізген ғой. 

Бұл 1954 жылғы жағдай. Содан екі жылдан соң Бекең Мәс­кеудегі әдебиетшілердің жо­ғары курсында оқитын болды да отбасымызбен сонда көштік. Сол кезде біз тұрған Тверь буль­варындағы үйге Ермұқан ағаның бір-екі рет келіп, хал-жағдайымызды білгені бар. Бекеңе айтқан әңгімелерінен аңғарғаным, репрес­сиядан кейін ғалымның партиялығы мен ғылыми атағы әлі қалпына келтірілмепті. Ол кісі Мәскеуде, міне, соған байланысты ізденіп жүр екен. Содан кейін атақты тарихшымен арада байланысымыз болған жоқ. 1966 жылы бақилыққа аттанғанда қалың халық қатарында қоштасуға барып, қайтпас сапарға шығарып салдық қой.

– Енді сіз мына сұраққа жауап беріңізші. «Он алты жасар чемпион» повесінен кейін жазушы Бердібек Соқ­пақбаевты елге, бүкіл одақтас респуб­лика­ларға танытқан шығар­масы ол автордың «Ме­нің атым Қожа» туындысы ғой. Бұл еңбек өмірге қалай келді? Сол кездегі оқыр­­мандар, әдеби орта оны қалай қабылдады? Естуімізше, атал­мыш по­весть баспадан маша­қатпен басылып, автор біраз әуре-сарсаңға түскен сияқты.

– Жоғарыда мен отбасымызбен Мәскеуде тұрдық деп айттым ғой. Міне, сонда жүр­генде: «Жазушылар одағы үй бергелі жатыр екен», деген хабарды естіген Бекең мені Алматыға жіберді. Қайта-қайта айтқан сөзі: «Ғабит Мүсіреповке кір. Жағдайымызды жасырма», деу болды. Солай еттім де. Нәтижесінде бізге қала шетіндегі СМУ-15 деген жерден екі бөлмелі пәтер тиді. Қуа­нышымызда шек жоқ. Мәс­кеудегі оқуынан келген Бекең, міне, осында, «Журавский, 13» деп аталатын көшедегі үйімізде отырып, бітуге таяу қалған жаңа шығармасын аяқтады да баспаға берді. «Өзім туралы повесть» атты бұл туындының ол жерден қалай шығып кет­кенін білмеймін, бірақ кітап оқырмандар қолына тигенде қатты айғай-шу басталды. Өйткені, біздегі балалар туралы бұған дейінгі дүниелерде жас жеткіншектердің бәрі шетінен тәртіпті, тәрбиелі, тіл алғыш әрі белсенді еді. Ал бала болған соң олар­дың іс-әрекеттерінде кездеспей тұрмайтын қиқарлық, жалқаулық, нашар оқып, сабақ­тан үлгермей қалу­шылық сияқ­ты қылықтар ол кездегі әңгіме, повес­терде көп көрсетіле бермейтін. Жазушы Бердібек Соқ­пақбаев өзінің кішкентай кейіпкері Қожа арқылы бұл схематизмді бұзды. Сондықтан, көптеген педагогтер оған тосыр­қай қарап, сыншылар ұшқары пікірлер айтып жатты. 

Қазақи әдеби орта осылай дуылдасып жатқанда, Бекең бұл кітабын «Менің атым Қожа» атауымен орысша шығаруға бел байлады. Өкінішке қарай, бас­па көп кешікпей оны өзіне қайтарып бермесі бар ма? Сөйтсе, рецензент: «Мектептегі барлық баланы хулиган (пікір иесі дәл осылай жазған – ред.) еткілеріңіз келсе, бұл кітапты тезірек басып шығарыңыздар»,  деп мысқылдапты. Бірақ... иә, бірақ парадокс дейміз бе, не дейміз?! Автордың аталмыш кітабына Мәскеу қырын қабақ танытпады. 1958 жылы «Детгиз» оны қуанышпен қабылдап, көп тиражбен басып жіберді. Келесі жылы орталық жеделдетіп тағы шығарды. Сол сол-ақ екен, ол молдова, латыш, литван, украин, өзбек, беларусь, эстон тілдеріне аударылып жарық көре бастады. 1963 жылы «Қазақфильм» осы шығарма негізінде кино түсірді. 1967 жылы Францияның Канн қаласындағы халықаралық фестивальда ол бас бәйгені жеңіп алды. Сөйтіп, соған дейінгі кеңестік қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын мінез-құлыққа ие, атап айтқанда, өзіндік қуанышы мен мұңы, керек десеңіз тосын тағдыры бар, тентек, қиқар, бірақ ақылды, ақкөңіл, адал Қожаға өз қандас­тарымыз үрке қарап жатқанда, өзге жұрт оны жатырқамады. Қай жерде де туысқан республикалар оқырмандары «ол жүріп өткен көшеде ит үріп, қаз қаңқылдап қала беретін» кішкентай кейіп­керді қуана қарсы алумен болды. Сөйтіп, қазақтың қарадомалақ ұлы сол кездегі кең-байтақ Кеңес Одағын еркін аралап, одан әлем елдеріне асып кете барды. Бұл повесть туралы мен білетін нәрсе осы, қарағым.

– Автордың келесі бір керемет туындысы «Балалық шаққа саяхатта» Тұрдыбек атты кейіп­кер бар. Оның про­тотипі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туған інісі ғой. Кітапқа өмірдің нақ өзінен алынған, тағдыры шығармада еш қоспасыз баян­далған бұл бейне сізге де өте жақын дер едік. Өйткені, өзіңіз Қостөбеге келін болып түскенде ол сонда еді дейді біздің ауылдағы көнекөздер. Сұрайық де­гені­міз, Тұрдыбектің сол кез­дегі, одан бергі тағдыры. Қан­­дай жұмыс істеп, қайда тұр­ғандығы. Отбасы... Бұл жө­нінде сіз не білесіз? 

– «Балалық шаққа саяхат» Бекеңнің бізбен тұрғанда, баспанаға енді қолымыз жетіп, көңілімізді демдегенде тапжылмай отырып жазған, сөйтіп оның қалай, қашан біткеніне өзіміз куәгер болған соңғы шығарма. Одан кейін ағаларың бізден кетті. Басқа отбасын құрды. Қай­­теміз, жағдай солай болды. Айтайын дегенім ол емес, жа­ңа өзің сұраған шығармадағы Тұр­дыбек, оның өзім білетін тағдыры. 

Иә, 1948 жылы мен Қостөбеге келін болып түскенде Тұрдыбек сонда екен. Бекеңнің Башай деген жеңгесінің үйінде қолбала болып жүріпті. Сол кездері ешкім оны 16-17-дегі жеткіншек деп айтпас еді. Бойы аласа, әлжуаз-тын. Жалтақ, қорғаншақ болып өсіпті. Дереу өз қолымызға алдық. Мені өте жақсы көрді. Жанымнан қалмай, көмектескісі, жәрдемдескісі келіп тұратын. Бірақ Бекең ағасы секілді шақар. Мінезі құдды таулы өңірдің құбылмалы ауа райы секілді еді. Соған шыдап Қостөбеде жүргенде, Нарынқолға келгенде қасымыздан қалдырмай, ел қатарына қостық қой. Алматыға көшкенімізде Текестегі МТС-та тракторшы еді. Еңбек демалысында қалаға келіп тұратын. Бекеңнің бізді тастап, басқа отбасын құрғанын естігенде қатты қапаланды. Ағасына ренжіп, көрместей болып кетті. Сол кездегі Талдықорған облысының Киров ауданына көшіп барды да шопандық кәсіппен шұғылданды. 70-жылдары маған мектеп бітірген қызын жіберіпті. Оқуға түссе, ешкімді танымайтын қалада қиналмасын, бас-көз болып жүрсін деген ойы болса керек. Содан ол қыз біздің үйде жүріп оқыды. Институтты бітірген соң ауы­лы­на қайтқан. Арада көп жыл өткен соң сол ма, жоқ басқа қыз ба, әйтеуір біреуі Тұрдыбектің қатты ауы­рып жатқанын хабарлады. Бардық. Талдықорғанның іргесіндегі Мұқаншы ауылында тұрады екен. Бізді көріп, көтеріліп қалды. Содан жанында біраз болып, қалаға қайтқанбыз. Екі жетіден кейін бақилыққа аттан­ғанын естідік. Тұрдыбектің жағдайы, міне, осындай. 

− Бердібек аға өмірде қандай адам еді, апа? Ұрпақ­тары туралы не айтасыз? Өзіңіздің ол кісіден кейінгі өміріңіз. Сосын... иә, сосын әңгімемізді жазу­шының рухани мұрасына қатысты жеке ой-пікіріңізбен қорытындыласақ дейміз. 

– Ол – табиғаты адал, өмірге ғашық, ақкөңіл, жарқын жан еді. Өте әділ-тін. Өз басына жетерлік батырлығы мен шақарлығын да айтпай кете алмаймын. Мұндай мінезі біреуден жәбір-жапа көрген адамдарға ара түсіп, оларды қорғағанда ерекше бай­қалатын. Шіренгендерге шыдамаушы еді. Ондайларға тік сөйлейтін. Аңқау, айтқан сөзге тез сенгіш ол есеппен өмір сүруді ойламады. Өте тиянақты, үнемшіл, қанағатшыл жан болды. Үсті-басын таза ұстайтын. 

Ұрпақтарына келер болсам, өздерің білетін қызым Самал ғой. Ол кішкентай күнінен кітап оқу мен сурет салуға үйір болды. Жазуға да икемді екені байқалатын. КазГу-дің журналистика факультетіне түсуді армандады. Бірақ оған шамам жетпеді. Университеттің химия факультетіне түсті. Оған ол алғашында көңілі соқпай, қатты қиналып жүрді. Дегенмен, бойында әкесінің еңбекқорлығы мен табандылығы бар емес пе, тырмысып жүріп аталмыш факультетті өте жақсы деген бағаға бітіріп шықты. Осылай болғанымен, кейін жазуға бір­жола бет бұрып, орыс тілді басылымдарда жұмыс істеді. Аудармамен шұғылданып, көптеген қаламгерлеріміздің, оның ішінде әкесінің де біраз туын­дыларын тәржімалады. Солардың арасынан өз басым қызымның қазақ ертегілерін аударуға сіңірген еңбегін ерекше бағалаймын. Сөз ыңғайына қарай айта кетейін, Бекең екінші отбасынан қос ұл көрді. Біреуі әбден ержетіп, азамат болған кезінде қайтыс болып кетті. Олардың анасы қаладағы №9 дәріханада көп жыл жұмыс істеген Бибігүл деген кісі. Қазір зейнетте болуы керек. 

Ал енді өзіме келсем, 1957 жылдан бастап Алма­тыдағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында қызмет істедім. Сол мекемедегі еңбек еткен 40 жылға жуық уақыт ішінде талай қиын, күрделі мәселелермен бетпе-бет келген жағдайлар болды. Мұны қазір өзіме берілген есеп, өзгеге сабақ, тағылым деп еске алып отырмын. Мәселен, Алматыдағы 60-70-жылдардағы қазақ балабақшасының жағ­дайын құдай енді қайтіп бас­қа бермесін. Неге дейсің ғой?.. Республика астанасында сол кездері мектеп жасына дейінгі 290 мекеме болса, соның бәрі орысша-тын. Бұдан өткен қорлық бола ма, жоқ па? Мәселені нақты зерттеуге, бұлтартпас дерек-дәйектер тауып, дәлелді анықтама әзір­леуге сол кездегі ел басшысы Дінмұхамед Қонаев тарапынан біздің институтқа тапсырма берілді. Жанымызды салып кірістік. Бәрін мұқият дайындап, белгілеген мерзімде оны Оқу министрінің алдына қойдық. Артынша ол Үкіметке жіберілді. Сөйтіп 1961 жылы алғашқы №16 қазақ балабақшасын ашуға қол жеткізген болатынбыз. Одан соң өз қаракөздерімізге арналған №204 эксперименталды тірек балабақшасы өмірге келді. Сол уақытта Оқу министрі болған Кенжәлі Айманов ғажап адам еді. Бастаған ісімізді үзіп алмауды ойлап, педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының жетекші қызметкері маған «Қазақ бала­бақшаларының жағдайы туралы» республикалық конференция өткізуді тапсырды. Ми­нис­трдің өзі келіп қатысқан 1969 жылғы бұл жиын жалғыз Ал­маты емес, аймақтардағы жағ­дайға да айтарлықтай қозғау сал­ды. 

Жә... Айта берсе, бұл тақы­рыптың жыры көп. Ойым аталмыш проблеманы шешудегі сол кездегі жібіген тоң мен қозғалған сеңнен хабардар ету ғой. Осыдан кейін мен педагогикалық ғы­лыми-зерттеу институтында кандидаттық диссертация қорғадым. Сонда көптеген методологиялық оқулықтар мен тәрбие жұмысына байланысты бағдарламаларды өмірге әкеліп, 1997 жылы зейнетке шықтым. Іс­теген ісімнің қайтарымы ретінде ұжымым кезінде КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі атағын әперіп, Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапаттады. Соның бәріне шүкіршілік айтып жүріп жатқан жайым­ бар, қарағым.

 

Бәшен апай бұдан кейін бізге мына мәселелерді айтты. Ол кісіні Бекең шығармаларының кейінгі кездегі жағдайы алаң­датады екен. Соның біріншісі, әуесқойлардың «Менің атым Қожа» повесі негізінде қайталап кино түсіруі. «Бұл дұрыс емес, − дейді әңгіме иесі. − 1963 жылы ондай фильм жасалып, алтын қорға енді ғой. Ал кейінгі киноленталар кімге, неге қажет? Ол жазушы Бердібек Соқпақбаевтың классикалық туындысын жұлмалап, кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың шедеврлік еңбегіне көлеңке түсіру деп ойлаймын». 

Апайдың екінші айтқан пікірі де ойланатын нәрсе. Еліміз егемендігінің елең-алаң кезі деп айтар 1990 жылғы сәуірде «Жұлдыз» журналында Бердібек ағамыздың «Ергежейлілер еліне саяхат» атты повесі жарияланған. Оған жазған алғысөзінде автор бұл шығарманың 1978 жылы осы басылымда жолы болмағанын, оның оқырмандармен қауы­шуына енді ғана мүмкіндік туғанын айтқан. «Елдің керемет қызығушылығын тудырған сол дүние осыдан 27 жыл бұрын «Жұлдызда» жарияланды да қалды, − дейді Бәшен апай. – Ол жазушының одан бергі 80, 90 жылдық мерейтойларына орай шығарылған кітаптарының ешқайсысына кіргі­зілмеді. Соның салдары­нан «Ергежейлілер еліне саяхат» бүгінде ұмытылуға таяу. Бар гәп мынада. Баспа қыз­мет­керлері ізденбейді. Олар бұрын­нан белгілі, әлденеше рет шыққан шығармалардың дайын диапозитивін алуға құмар. Ал қаламгердің жаңа, тың туындыларын тауып, оны компьютерге теріп, корректорлық оқудан өткізуді шығын немесе артық тірлік көреді. Баспалар автордың еңбегінен пайда тауып отыр ғой. Әйтпесе, шығармас еді. Ендеше, олар жоспарлаған дүниелерін неге қаламгердің жоғарыдағыдай туындыларымен жаңартып, байытпасқа?»

Әңгімелескен 

Жанболат АУПБАЙ

АЛМАТЫ

Суреттерде:  педагог Б.Баймұратова; жазушы Б.Соқпақбаев. 80-жылдар