Әдебиет • 28 Тамыз, 2017

Алматыда Қоғамдық маңызы бар әдебиет мәселелеріне арналған басқосу өтті

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату мәселелері бойынша зиялы қауым өкілдерінің кездесуі өтті.

Белгілі жазушы Әлібек Асқаров ұйымдастырған, елімізге танымал қаламгерлер, ғалымдар мен баспагерлер қатысқан жиында «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы Заңына жақында енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары жан-жақты талқыланып, анықтамалар мен түсініктемелер берілді.

Астанадан арнайы келген Мәдениет және спорт министрлігінің Баспа ісі басқармасының басшысы Нұрасыл Тоғызбаев аталмыш қағидаларға қатысты авторлардан бұрын жарық көрмеген шығармаларын сатып алуды анықтау мақсатында 15 адамнан тұратын Сараптама комиссиясы құрылғанын, сол комиссияның ғалымдар мен жазушылар, журналистер мен саясаткерлер, өзге де қаламгерлер ұсынған шығармалардың әрқайсысына жеке-жеке сараптама жүргізіп, қорытынды шығарып отыратынын жеткізді. Ол сараптама қорытындылары сатып алынатын шығармалардың тізімін бекітетін Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның» қарауына ұсынылмақ екен. «Осы бағдарлама бойынша шығатын кітаптар енді бұрынғыдай екі мың емес, бес мың таралыммен шығып, еліміздің алыс түкпіріндегі ауыл кітапханаларына дейін таралатын болады. Тағы бір ескерер жайт, бұрын таралымы 500 данадан аспаған шығармалар да жаңа шығарма ретінде осы бағдарлама аясында жарық көруі мүмкін», – деді Нұрасыл Тоғызбаев. 

Қаламгерлерді толғандыратын басты түйіннің бірі – қаламақы мәселесі болса, енді оны шешу ісі де дұрыс жолға қойылатын болыпты. Екі бірдей комиссия сүзгісінен өтіп, үздік деп танылған шығарманың бір авторлық баспа табағына (40 мың белгіге) 150 мың теңге көлемінде қаламақы төленбек.

Авторлардың әлеуметтік жағдайын шешу үшін жасалып жатқан қадамдардың бірі болып саналатын бағдарламаны жүзеге асыру барысында кітап шығару, тарату жұмыстары үшін баспалар арасында ашық байқау өткізіліп, лайықты баспа таңдалып алынбақ екен.

Сұлтанәлі Балғабаев, Марал Ысқақбай, Тұрысбек Сәукетаев, Исраил Сапарбай сынды бірқатар әдебиет жанашырлары әдебиеттегі ұрпақ сабақтастығы үшін жасалып жатқан бұл қадамға разылықтарын жеткізе отырып, тек жылда жаңа шығарма шығару бастамасы науқанға ұласып кетпесе екен деп тілек білдірісті.

Айта кетсек, бүгінгінің жазушысына жазушы екенін ұмыттырмай, әсіресе жас қаламгерлердің алға ұмтылуға деген ынтасын оятатын бұл бағдарламада жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған, сондай-ақ, кез келген адам өз туындысын ұсына алмақ. Ол үшін ағымдағы жылдың 15 тамызынан 15 қыркүйегіне дейін уәкілетті органға іріктеуге қатысу туралы өтінімі мен құжаттарын жолдаса жеткілікті. 

Қазіргі уақытта жарық көріп жатқан жаңа шығармалар жоқтың қасы десек те, аталмыш бағдарлама – дәл осы олқылықтың орнын толтырып, түрлі қолбайлаумен жарық көрмей жатқан немесе әлі сиясы кеуіп үлгермеген, дәл бүгінгі күн талабы мен үдесінен шыға білген шығармалардың көптеп жарық көруіне көрсетіліп отырған зор қолдау екені анық.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»  

АЛМАТЫ