Білім • 01 Қыркүйек, 2017

Рухани жаңғыруда білімнің үлесі үлкен

471 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ертең даласы дарқан, қаласы жыл санап көркейіп, көріктеніп келе жатқан Қазақ елінің барлық өңірлерінде Білім күніне арналған алғашқы қоңырау соғылады. Миллиондаған бала, олардың үмітін үкілеген мыңдаған ата-анасы, жалпы жұрт оған куә болып ұл-қызының қуанышына ортақтасады. 

 

Рухани жаңғыруда білімнің үлесі үлкен

Жұдырықтай жүрегі лүпілдеп, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балғын жүзді ұрпақ алғашқы мұғалімдерінің жетектеуімен сыныптарына кіріп, парталарына отырса, алдағы жылы алтын ұядан қанат қағатын бозбала мен бойжетуге бет түзегендер ізбасарларына қызыға қарап, «Әліппенің» бетін ашқан сәттерін естеріне түсірері хақ. 

Күздің алғашқы күніндегі тарихи сәт ұрпақтар сабақтастығын көрсететін әдемі көрініс десек, үш ұрпақ: ұстаз – оқушы – ата-ана қауышып, келер күннің кемелдігіне өз үлестерін қосуда жұдырықтай жұмылып, азат елдің айбынын асыра беруге талпынады. 

Сананың жаңғыруы осы кезде көрінбей қалмайды. Өйткені, баланы да, ата-ананы да, ұстазды да ортақ мүдде, яғни білім мен тәрбие ұштасып, ұлттық рух бой тіктейді. Биылғы оқу жылының бір ерекшелігі де осыдан байқалуы тиіс. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», деп мұның негізі білімде жатқанын «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп тайға таңба басқандай алдымызға тартты.     

Жаһандық өзгерістер мен әлемдік трендтер мектептегі білім беру мазмұнының жылдам жаңаруын талап етіп отырған тұста, елімізде жаңартылған білім биыл қалай оқу жүйесінде іске асады дегенге келер болсақ, 7 100 мемлекеттік мектепке 2,9 миллионнан астам оқушы, оның ішінде 1 сыныпқа 380 мың бүлдіршін барады екен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 10 500 балаға артық. Білім беру мекемелерінің дайындығы 100 пайызға жуық орындалған. 5 күндік оқуға көшу бас­тауыш мектептерде кезең-кезеңмен жүзеге асып, үй тапсырмасының көлемі қысқаратын көрінеді. Бастауыш білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында әрбір пән бойынша бірыңғай базалық оқулық енгізу көзделген. Ал жоғары сыныптарда жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндерді ағыл­шын тілінде оқытуға дайындау қарастырылу үстін­де. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша мәлі­мет­терге келсек, бұл сала 434 бірлікке ұлғайыпты. 859,7 бала 9844 білім ұясында тәрбиеленуде десек, оның 7053-і мемлекеттік, 2791-і жекеменшік ұйымдар санатында. 

Мемлекет басшысының жоғарыда аталған мақа­ла­сында айтылған міндеттерді жүзеге асыру бойын­ша тағы бір оқу үрдісінің мектептерден орын алаты­нын айта кетуге тиістіміз. Ол 2017-2018 оқу жылында «Қазақстан тарихы», «География» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша білім беру ұйым­дарында «Туған ел» кең ауқымды мақсатқа бағытталған «Туған жер» бағдарламасын іске асыру барысында сабақты мұражайларда, мәдени мекемелерде, тарихи ғимараттарда өткізу үшін жылына 5 сағат бөлініп отыр. Ол сабақтар мектептен тыс жерлерде болатынын еске сала кетелік. Қажетті ғимараттардың болмауы себепті мұндай сабақтарды ұйымдастыра алмайтын ауыл мектептері үшін арнайы бейнематериалдар әзірленеді екен. Бұл бейнематериалдар әзірленуіне қарай білім басқармаларына жіберілетін көрінеді. 

Алда айтқанымыздай, еліміз бойынша мектепке баратын оқушылардың өскендігін байқауға болады. Бұған тағы бір мысал келтірер болсақ, Астана мектептеріне 2010-2011 жылдары 74 мың бала барса, биылғы оқу жылында ол екі есеге артып, 145 мың оқушыны құрапты. Міне, бұл өскен елдің өскін ұрпағының ашылған қадамын, асқақ арманын көрсетеді.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»