Білім • 01 Қыркүйек, 2017

Шығыс өңірінде төрт мектеп есігін айқара ашады

236 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылының басталуына өңірдегі білім ордалары қаншалықты дайын? Биыл қанша мектеп ашылады? Оқулықтар жеткілікті ме? Облыстық білім басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, 1 қыркүйекте өңірдегі 663 тәрбие ошағына 184 мыңнан астам оқушы сабаққа барады, оның 21 мыңға жуығы алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.

Шығыс өңірінде төрт мектеп есігін айқара ашады

Үш ауысымды білім ордалары болмайды

Қазіргі уақытта облыстағы алты жүз алпыс үш білім ошағының 288-і (43,4 %) бір ауысыммен, 374-і (56, 4 %) екі ауысыммен, тек 1 мектеп қана үш 
ауысыммен оқып жатыр екен. 2016-2017 оқу жылында аймақтағы 4 мектеп үш ауысыммен оқыған болатын. Бүгінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстағы үш ауысымды білім ордаларын жою үшін төрт мектептің құрылысы жүргі­зі­ліп жатыр, оның үшеуі (екеуі – Семейде, біреуі – Аягөз қаласында) 1 қыркүйекте есіктерін айқара ашатын болады. Аягөз қаласында қазір 600 орындық мектеп салынуда. Оның құрылысы келесі жылы аяқталады. Осы мектеп іске қосылған кезде өңірдегі үш ауысымдағы мектептер мәселесі толығымен жойылады», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжанов.

Бұл үш білім ордасынан бөлек Өскеменде Назарбаев интеллектуалды мектебі жаңа ғимаратқа көшіріліп, өз жұмысын бастады. Ал оның бұрынғы ғимараты №47 қазақ мектебі ретінде пайдалануға беріліп, 800-дей оқушыны қабылдамақ. Осылайша Жібек маталар ықшам ауданындағы қазақ мектептеріне зәрулік мәселесі шешімін тапты. 

Бүгінде өңірде 23 531 мұғалім еңбек етіп жатқанымен, 294 педагог жетіспейді. Әсіресе, ағылшын тілі, математика және физика пәндерінің ұстаздарына зәрулік байқалады. Осы ретте облыста жас мамандарды мектепке тарту жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Былтырғы оқу жылында өңірдегі білім ордаларына 528 жас маман жұмысқа орналасыпты (50 пайызы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен). Оның 522-сі ауылды, 306-сы қаланы таңдаған. Биыл 800 жас маманды жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр.

Облыс мектептеріндегі оқулық мәселесі де оңды шешілген. 2017 жылы жаңа оқулықтар сатып алу және мектеп кітапханасын толықтыру мақсатында облыстық және жергілікті қала, аудан бюджеттерінен 1 762,8 млн теңге қаржы бөлініпті. Бұл қаражатқа 791 361 дана оқулық сатып алынған көрінеді. Биылғы оқу жылындағы бір жаңалық – еліміздегі өзге білім ошақтарымен қоса өңірдегі мектептердің 2, 5, 7 сынып оқушыларының Назарбаев зияткерлік мектебі үлгісімен оқытуға көшетіндігі. Осы ретте білім ордаларына 736 112 дана оқулық сатып алыныпты. Биыл 193 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық және жергілікті бюджеттерден 2,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде 99 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталып, 94-інде кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. 

20 автобус сатып алынады

Өзекті мәселелердің бірі мектебі жоқ ауылдардағы оқушыларды басқа елді мекендерге тасымалдау десек, бүгінде бұл мәселенің түйіні біртіндеп тарқатылып келе жатыр деуге болады. Облыстың 384 елді мекенінде тұратын 5601 оқушы тасымалданып оқытылуға тиіс болса, соның 4338-ін тасымалдау мәселесі шешімін тапқан. Бұл мақсатта 193 автобус қызмет көрсетеді. Қалған 256 оқушы әзірге туыстарының үйінде тұрып, оқып жатқан көрінеді. Осы өзекті мәселені шешу үшін облыстық бюджеттен 537,9 миллион теңге қаржы бөлініп, жуықта 20 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Өскемендегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернатына да арнайы автобус сатып алу үшін 51,5 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. 

Білім және ғылым министрлігі орта білім беру ұйымдарына арналған бірың­ғай форма туралы арнайы қаулы қабылдағаны белгілі. Сол қаулыға сәйкес «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына еліміздегі мектеп формасын отандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемін ұлғайту мәселесіне атсалысу тапсырылған еді. Жақында Өскеменде өңірдегі кәсіпорындар арнайы көрме ұйымдастырып, мектеп оқушыларына арналған киім формаларын жұртшылық назарына ұсынды. «Біздің облыстың 650-ден астам мектебіндегі 170 мың­ға жуық оқушыны киіндіру үшін шығысқазақстандықтар 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсайды екен. Бір өкініштісі, мектеп формасының 90 пайызы шетелдікі, өңірдің үлесіне тиетіні – 10 пайыз», дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий. Оның айтуынша, өңірдегі кәсіпкерлер мек­теп формасын тігумен тек өткен жыл­дан бастап шындап шұғылдана бас­таған. Олардың киімдерінің сапа­сы шетелдік киімдерден кем емес. И.Шацкий отандық өндірушілердің өнімін тұтыну жергілікті бюджеттің бүй­ірін толтырып қана қоймайтынын, бұл тігілген киімнің сапасын бақылап, тиі­сті талап-тілектерді ескеруге де мүм­кін­­дік беретінін айтады. 

200 грант бөлінді

Облыстың білім саласындағы ерекше атап өтер жаңалықтың бірі – өңірдегі жоғары оқу орындарына 200 гранттың бөлінгендігі. Нұргелді Әбжановтың айтуынша, бұл гранттар облыста мектеп бітірген түлектерді қолдау мақсатында ғана емес, олардың шет елге кетуін азайту үшін берілген. Мәселен, былтыр Шығыс Қазақстаннан 1800 мектеп бітіруші шет елге оқуға кетсе, биыл бұл көрсеткіш 890-ды құрап, екі есеге дейін азайыпты. 
Өңірде үш тілді (қазақ, орыс, ағыл­шын) оқыту бағдарламасының да жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл мақсатта биыл облыстық бюджеттен 497 миллион теңге қаржы қарастырылған. «Бағдарламаның мақсаты – үш тілді оқытатын мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Қазір бағдарламаның екінші кезеңіне өтіп жатырмыз. Мұғалімдердің білім дәрежесі жоғары, орташа және төмен деп үш деңгейге бөлінген. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша, ағылшын тілін жоғары деңгейде білетін мұғалімдердің білім деңгейі 4 пайызға өсті. Ал ағылшын тілін төмен деңгейде меңгерген мұғалімдер қазір орта деңгейге көшті. Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі ұстаздардың тіл білу деңгейі жылдан жылға жоғарылап келеді», дейді Н.Әбжанов.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы