Руханият • 01 Қыркүйек, 2017

Жұмабектің жұлдызы

276 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамзат үшін өлім хақ. Мәңгілік адам жоқ. Десек те, ерте туғандар ретімен – жасарын жасап, көрер қызығын көріп, артында ұрпағын жайып, бала-шағасының алдында төрелесіп кеткен өлімге не жетсін. Содан да шығар, қазақ өлімнен басқаның бәрінің ертесі жақсы деп бекер айтпаған. Бірақ, кімнің айтқаны, кімнің дегені болып жатыр дерсің. Болжаусыз өлім болжауыңды келтірсін бе?! Міне, сондай бір кенеттен, болжаусыз келген ажал ортамыздан аяулы азамат, қазақ руханиятында өзіндік орны бар белгілі қаламгер Жұмабек Кенжалинді кемел жасында, аларынан берері көп шағында келместің кемесіне мінгізді де жіберді. Бұл суыт та суық хабар, әсіресе, қалам ұстаған ағайындардың көңілін жай түскендей етті...

Жұмабектің жұлдызы

Заманымыз бір десек, ал сол уақыт аралығында бірге өмір сүрген адамдар тағдырлас болады емес пе. Мен де Жұмекеңмен тағдырлас адамның бірімін. Университетті лениндік стипендиямен әрі қалалық кеңестің де­пу­таты болып бітірген үлгілі де зейінді түлек бірден ол кездегі әр жас жур­налистің қолы жете бермейтін қа­зақ баспасөзінің қара шаңырағы «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Еге­мен Қазақстанға» тілші болып ке­ліп, бірге қызмет істедік. Сонда ғой, маң­дайы кереқарыс жарқыраған, салдай сыланған, мұнтаздай қыналған, қа­ғылез, ағаларының алдын кеспейтін, ілти­патты Жұмабекті байқап жүрген ре­дакцияның қадірлі азаматы Тәкең (Тәжібай Битаев) тамсанып: «Қазақтың сым­батты да көрікті арысы, сері атанған Сә­кен Сейфуллин дәл осы жігіттей болған шығар» деп отыратын еді, жарықтық. 

Зады, шығармашылық ортаның бір ерекше қасиеті – қай басылымда бір жыл жұмыс істесең де, он жыл жұмыс істесең де сол адамды өзіңе жақын тартып, туысып, туыспасаң да, қиысып туысқандай көре қалғанда қуана, ықыласпен аман-саулық сұрасып жатқаның. Мен де сол Жұмекең әр басылымда – «Халық кеңесінде», «Қа­зақ әдебиетінде», «Ана тілінде», «Ақи­қатта», «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамында басшылық қызмет жасаған жылдары, жиын-той, жиналыстарда көріп қалғанда ақжарқын амандасып, әзіл-қалжыңнан жіберіп, арқа-жарқа болып қалатынбыз. Бір көргенімде қуанып: «Балам Дастан Астанадан пәтер алып, бір кілтін маған беріп қойды. Жол түсіп Астанаға барғанда түсетін үй көп қой, бірақ балаңның үйіне барудың қуа­нышы, әсері басқаша екен»,  деп елжірей айтқаны бар. Жұмекеңді жер қойнына беріп келген соң берілген аста Әлимаға осы сөзін айтқанымда, «сол кілті әлі сөмкесінде тұр», деп көңілі босасын. 

Басқа ұлтты қайдам, қазекеңнің о дүниелік болған адамды мәңгілік ме­ке­ніне ерекше құрметтеп шығарып са­луы – байырғы салтымыз. Бұл – тірі­лерге сын. Бұл – отбасының, ағайын-ту­ғанның парызы. Ал елге, жұртқа, ұлтқа қызмет еткен азаматтарды, тұл­ға­ларды соңғы сапарына шығарып са­лу – елдің де парызы, елге де сын. Қазақ әдебиетінің, руханиятының қара шаңырағы Жазушылар одағында көңіл білдіріп, марқұммен қоштасуға келген халықтың қарасы өте көп болды. Кезекке тұрғандардың есебіне жетпедік. Байқағанымыз, көпшілік ішінен журналистер, қаламгер ағайындар тайлы-таяғы қалмай келіп, бір-біріне көңіл айтып жатты. Ал әулеттің үлкені, аға­­йын-туғанның бетке ұстар азаматы болғандықтан Жұмекеңнің жақсы­лығы өткен, қамқорлығын, шапағатын көргендер егіліп, езіліп жылап тұрды. Қаралы жиында сөйлегендер де әр­қайсысы өз Жұмабегінің қадір-қа­сие­тіне, азаматтық келбетіне, шы­ғар­­машылығына тоқталды. Жазушы­лар одағының төрағасы Нұрлан Ораза­линнің салиқалы сөзі, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев министр Дәурен Абаевтың көңіл айтуын жеткізуі келісті болды. Атақты жерлес ағалары – жазушы Сә­бит Досанов пен сәулетші Әбдісағит Тәті­ғұлов, бүкіл атыраулықтардың аты­­­нан сөз алған қаламгер Мереке Құл­кенов, курстастары, дос ағалары сөй­ле­генде қимас көңілдерін, азаматтығын, адамгершілігін, бауырмалдығын, ізден­гіштігін, ұйымдастыру қабілетін айтып, марқұмды жиналған жұртшылыққа одан әрі жақындата түсті. 

Тас түскен жеріне ауыр деген, әсіре­се, Жұмекеңнің қазасы туған інісіндей, тынысындай болып кеткен қимас ба-уырынан, қарындасы Әлиманың құдай қосқан жары – жақсы күйеу баладан айырылғаны қабырғасына батып, қайғы жұтып тұрған, бойында байсалдылықтың, ұстамдылықтың ұлық мәдениеті бар белгілі көсемсөзші, қоғам қайраткері Сәукеңнің өзінің (Сауытбек Абдрахманов) ішкі күйзелісін толғана, тебірене жеткізген ағалық қимастық сөзін бейжай, көңіл босатпай тыңдау мүмкін емес еді.

– Өмір қиын. Өмір сүру қиын. Өмірде бәрі қиын. Ең оңай нәрсе – өлу. Қандай сұмдық?! Өмірден кетуден қиын ештеңе болмауы тиіс қой! Неткен әділетсіздік! – дей келе, Жұмабектің қадір-қасиетін жеріне жеткізе айтты. «Айналайын-ай, қырық жылғы тіршілікте, бір кездесуде, бір отырыста, бір сапарда бір сөзіңмен, бір ісіңмен, бір көзқарасыңмен «мұнысы қалай?» дегізбей өттің-ау мына дүние­ден», деп бәрімізді егілтті. Әрине, Сәу­­кең Жұмабекті тек күйеу баласы ретінде ғана бағалаған жоқ. Бәрінен бұрын азаматтығын, адамгершілігін, қайраткерлігін, қаламгерлігін аз сөз­бен айқара ашты. Басқа жағын былай қойғанда, «Қазақ газеттерін» же­кешелендірілетін акционерлік қоғам­дар тізіміне енгізіп қойған қаулы­ның тиісті бабын алдыртуға қол жеткізген жанкештілігін, жүзге жуық қызметкерге жанашырлығын айтудың өзі көп жайды аңғартса керек.

Тау халқында «Сенің кім екеніңді көрейін, өліп көрші» деген сөз бар екен. Осы реттен келгенде Жұмабек өзінің кім екенін көрсетіп, мойындатып кетті. Әрине, халықтың осылай сүйіктісі болу әркімнің қолынан келе бер­мес. Жұмекеңнің қазасы жайлы әлеу­меттік желіде курстас досы, қазақ журналистикасының хас шебері, белгілі қаламгер Қайнар Олжай бауырымыз да университетте кілең «бестік» бағаға оқыған досымен қоштасу эссесіне «Өлімінің өзі – «бес» деген тақырып қойып, жан жүрегімен егіле жазыпты. Бұл ақыреттік достықтың үлгісі десек те болғандай. 
«Өлгенін, жерленгенін күтіп жүрмей, талантты қадірлеңдер тірісінде» деп Қадыр ағамыз айтқандай, тек талантты ғана емес, әр пендені бағалап, бір- біріміздің қадірімізге тірімізде жете жүрсек қой, шіркін. Мына бес күндік дүниенің жалған екенін Жұмекеңнің мезгілсіз қазасы тағы да дәлелдеп өтті емес пе...

Жұмабектің жарқыраған жұлдызы жүректерде жана береді. Иманың саламат, мінгенің пырақ болсын, Жұмеке!

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51