ЭКСПО-2017 • 04 Қыркүйек, 2017

ЭКСПО-2017 көрмесі мәреге таяды

1448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел үмітін үкілеген ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты жабылуына да санаулы ғана күн қалды. Нақтысында, алты күннен соң бұл айтулы шараны да аяқтағалы отырмыз.

ЭКСПО-2017 көрмесі мәреге таяды

Еске салсақ, белгіленген үш ай мерзімінде ЭКС­ПО-2017 көрмесіне шамамен 2 миллион адам келеді деп жоспарланған болатын. Дегенмен, бұл болжам екі айға жуық уақытта-ақ жү­зеге асты. Нақтысында, 4 тамыз күні халықаралық мамандандырылған көрме екі миллионыншы келушіні қарсы алып үлгерді. Ал 25 тамызда ЭКСПО-2017 көр­месіне үш миллионыншы ке­луші тіркелді. Көрмені тама­шалаушылардың басым бө­лігі Қазақстанның Ұлттық павильоны – «Нұр Әлемге» ай­рықша қызығушылық та­нытқан. Нәтижесінде, тамызда ЭКСПО-2017 көр­ме­сі­нің басты нысанына келу­ші­лер саны миллионнан асып түсті. 

Ресми дерекке сүйенсек, ЭКСПО-2017 көрмесіне келу­шілердің 15 пайы­­зын шетел­дік қонақтар құрайды, оның басым бөлігі ресей­лік келу­ші­лер. Бұл жө­нінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ төрағасы Ахметжан Есімов мәлім­деді. 

– Жоспарланған межеге жеттік, ЭКСПО-2017 көр­ме­сі­нің басты мақ­сат­тарының бірі туристік саланың қар­қынды дамуына ықпал ету болатын. Болжам орындал­ды. Жұмыс орындары кө­бейіп, табыс көлемі артты. Әсіресе, шағын және ор­та бизнес саласында мультиплекативтік әсер жақ­сы байқалды. Ел­ордалық қонақ­үйлердегі мей­­мандар саны екі есе көбей­ді. Дәл осын­­дай көрсет­кіш мейрамха­налар мен қо­ғам­дық тамақтану орындарында да байқа­лады, – дейді Ұлттық компания басшысы.

Сондай-ақ, Ахметжан Есімов жа­қында ЭКСПО-2017 көрмесі нысан­дарын пайдалану жоспары бекітіл­генін жеткізді. Көрме жұмысы аяқтал­ғаннан кейін, ЭКСПО аумағында про­фи­лактикалық жұмыстар жүргізіліп, негізгі нысандардың жұмысы басталады.

Жаһандық энергетикалық төң­керіс­тің озық технологиялары паш етілген тарихи алаң  – «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі үш ай бойына талай жақсы­лық­тың жаршысы болды. Тіпті адамзат үшін әрі мол, әрі арзан энергетика кө­зін ашатын төңкеріс ЭКСПО-2017 көр­месінің па­вильондарындағы озық жобалар мен жаңа технологиялар тү­рінде Астанадан бастау алды деуге болады. Қаншама елдің ұлттық күн­дері өзкізіліп, қала қонақтары мен тұрғын­дары ерекше елдердің рухани-мәдени шараларынан сусындады. 

Ұлттық күндердің өткізілуі алдағы алты күнде де жалғасын таппақ. Мә­селен, 5 қыркүйек – Өзбекстанның, 6 қыркүйек – Біріккен Араб Әмірліктерінің, 
7 қыркүйек – Польшаның, 8 қыркүйек Ресей Федерациясының ұлт­тық күндері шеру тартады. Ал 9 қыркүйек күні ұлттық күн сахнасында соңғы концерттік бағдарламалардың бірін Халықаралық көрмелер бюросы ұйымдастырады. 10 қыркүйек күні конгресс-орталықта көрменің ресми жабылу салтанаты өткізіліп, концерттік бөлімі амфитеатр­да жалғасады.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»