05 Қыркүйек, 2017

Артық мақтау – жанға қас

993 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі қоғамда мадақ һәм мақ­тау көп. Басқасын былай қойып, тек әлеуметтік желіні алыңыз­шы. Жа­сы бар, жасамысы бар тіп­ті, елағалық дәргейге жеткен аза­маттардың өзі бірін-бірі там­сана-таңдана мақтайды-ау, шіркін. Осылардың қайсысы шын, қайсысы жасанды, бақай есепке құрылған мадақ-мақтау екенін ажыратып тү­сіну қиын. Кейбір мерейтой немесе шығармашылық кешке, жа­ңа туындысының тұсаукесеріне бара қалсаңыз, ол адамның атына айтыл­ған қолпаш сөзден басыңыз айналып, көзіңіз қарауытады.

 

Артық мақтау – жанға қас

Әрине, пенде баласын мақтап-мадақтаған дұрыс. Мақтанды сүй­мей­тін жан баласы жоқ. Дана Абай атамыздың өзі «...адам баласы мақтан­нан аман болмағы – қиын іс» дейді. Бірақ соның бәрі орнымен, мәдениетті, байыпты, шынайы айтылса-нешік. Мақтауға жалған араласқан соң-ақ оның мағынасы жоғалады. Сөйтіп, адам жалғандыққа бой алдырады да, жақсы мен жаманды ажыратып, бағалай алмайтын күйге тап болады.

Бұл тақырыпты арнайы зерттеп, қалам тартқандар аз. Десе де, қазақтың танымал қаламгерлерінің бірі Тұрсын­жан Шапай «Шын жүрек – бір жү­рек» атты әдеби-зерттеу еңбегінде, мақ­тан және мадақтың бүгінгі қазақ қоғамындағы әлеуметтік сипатын айта келіп: «Ауылдық деңгейдегі мақтанды Алаштың деңгейіне көтеруге болмайды, сол сияқты, жалпыұлттық дүниені ауылдың тар қолтығына тықпалауға тағы болмайды. Осы екі мақтангөйліктің орнын ауыстыру арқылы ойды тұсауға, бойды шырмауға, көзді байлауға ұрынып жүрміз» депті.

Ал Абай атамыз болса, мақтан дейтін дүниені үлкендік және мақтан­шақтық деп екіге бөледі де, үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ, бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың ісі, олар өзін жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Мақтаншақтық – бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, деп жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді, дейді жарықтық дана қарт.

Сонымен бірге ғұлама атамыз мақтансүйгіш пенделерді рухани, әлеуметтік тұрғыдан төмендегідей үш топқа жіктеген екен:

Біріншісі – жатқа мақтанарлық мақтан іздейтіндер. Ол – надан, надан да болса адам.

Екіншісі – өз елінің ішінде мақ­танарлық мақтан іздейтіндер. Оның надандығы толық, адамдығы толық емес.

Үшіншісі – өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейтіндер. Ол – наданның наданы, дейді.

Біз сөз етіп отырған тақырыпты діни-пәлсапалық тұрғыдан біршама зерттеген ресейлік әлеумет­тану­шылардың бірі мақтан сүю – өзін-өзі толық сезінбеуден туатын пенденің жаратылысындағы кемшін тұсы дегенді алға тарта отырып, мақтаннан құтылудың жолы – адам ретінде толық жетілу дейді. Өз пікірін дәлелдеу үшін ол көне кітаптан оқыған мына бір қиссаны келтіреді.

 Ертеде тақуа діндар қарияны жап-жас шәкірт іздеп келді. Ол тақуадан толық жетілудің жолын сұрайды. Тақуа айтады: – Сен бүгін түнде бейіт басына бар да, таң атқанша өлгендерді мақта! Олар саған не дейді, соны маған айтарсың!

Жігіт тапсырманы бүлтіксіз орындайды. Таңертең ерте ұстазына келіп «өліктер ешқандай тіл қатпағанын» айтады. Тақуа айтады: – Онда сен бүгін тағы бар, таң атқанша өліктерді жаманда, мүмкін тіл қатар, – дейді. Шәкірт оны да орындайды. Таңертең ұстазына келіп «өліктердің ләм-мим демегенін» айтады. – Балам, – дейді шал. – Сен бұл дүниеде жетілген адамдардың қатарында болғың келсе, тура өліктер сияқты мақтаса да, даттаса да мізбақпайтын болғанда ғана жетесің!

Жоғарыдағы әңгіменің ғибраты неде? Мақтан бар жерде адам баласы рухани жетілмейді. Рухани жетілмеген адам – қай тараптан болсын рухты, кемел дүние тудыра алмайды. Яғни адамды рухани мүгедектік, арылмас дертке шалдықтыратын дүние ол – мақтау. Әр нәрсенің шегі болатын сияқты мақтау мен мадақтың да шегі бар. Артық мақтау – жанға қас.

Мақтансүйгіштік – ол өзін байсалды тұлға ретінде толық сезіне алмайтын, жетілмей қалған иллюзиясын толтырудың басқа тәсілін таппаған пенделерге тән дүние. Бізге Алла Тағаланың әмір-үкімін жеткізуші Мұхамед пайғамбардан жеткен өсиеттің бірінде: «Жаратушының ең жек көретін нәрсесі – мақтан үшін жасалған амалдар» дейді. Демек, Жаратушы қаламаған дүниеге біздің құмар болмағымыз өкінішті емес пе?!

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»