Әдебиет • 05 Қыркүйек, 2017

«Егемен Қазақстан» Төлен Әбдікті құттықтады

897 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін «Егемен Қазақстан» газеті ұжымы көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдікті редакцияға шақырып, мерейлі 75 жасқа толуымен арнайы құттықтады.

«Егемен Қазақстан» Төлен Әбдікті құттықтады

Қабырғалы қаламгердің шығармашылық әрі өмірдегі ұстанымдары мен үлгілі істерін кеңінен тілге тиек еткен «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі: «Бізге Төлен ағамен бір кеңседе отырып жұмыс істеу, тіпті шығармашылық байланыс орнату бақыты да бұйырды. Әр кітабын астын сызып оқыдық. Шығармалары түрік тіліне аударылғанда ерекше сұранысқа ие болғанын, қазақ қаламгерінің әлемдік деңгейдегі туындыларын оқыған жұрттың таңданысын да көріп едік. Сол үшін де түркі әлемі жазушылары арасында «жыл адамы» атандыңыз. Алда оқырманға берер дүниелеріңіз арта берсін» деген тілекпен абзал ағаның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Әдеби талқы сипатында өткен әсерлі кездесу жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлының Төлен Әбдік шығармасы төңірегіндегі тың ойларымен өрілді. «Төлен, шыға шапқан жүйрік болғанымен, оның шығармаларының мойындалуы, анығы қабылдануы кештеу болды. Бірге оқып, бірге жүріп, тіпті бір бөлмеде тұрып әдебиеттің талай-талай әңгімесін таңға жалғаған жақын дос ретінде оның шығармашылығын бір кісідей білемін деп айта аламын» деп сөз бастаған Қажекең Төлен шығармашылығының ішкі қуатына, оны қабылдауға өз кезінде әдеби ортаның өзі дайын болмағанын нақты мысалдар келтіре отыра әңгімеледі.

Осы ойдың ұшығын ары қарай жалғаған белгілі журналист Жанболат Аупбаев: «Рас, сол жетпісінші жылдары тың тақырыпты өзгеше баяндаған Төлен ағаның кей шығармаларын қабылдау қиын болды. Оған оқырмандар кінәлі емес, қоғам кінәлі. Ол кезде сықиған схематизм болды. Балалардың бәрі шетінен тәртіпті, үлгілі сипатталатын әдебиетке Б.Соқпақбаев сомдаған Қожа нағыз бұзық болып көрінді. Сол үшін де повесть өз уақытында шықпай, кейін Мәскеудің көзі түсіп, ары қарай жолы ашылғаны соның дәлелі. Төлен аға да сондай схематизмді бұзған жазушы», деді.

Қаламгердің «Тозақ оттары жымыңдайды», «Тұғыр мен ғұмыр» шығармаларын арқау ете сөз сөйлеген әріптесіміз Сүлеймен Мәмет аз жазса да саз жазған жазушының талғампаздығын әңгімеге тұздық етті. Ақын інісі Қорғанбек Аманжол жазушы ағасына арнаған жырын оқыды.

Кездесу соңында сөз алған мерейлі күн иесі Төлен Әбдік қазіргі әдебиет жайында әңгіме өрбітті. Жас ақын-жазушылардың қадамын үнемі қадағалап отыратынын, жақында Сәкен Сыбанбайдың бірнеше әңгімесін оқығанын айтты. «Бүгінгі заманды іштен көре білетіні, озық идеяларды көтере алатыны тәнті етті. Сауатты жазады екен», деп ризашылығын білдірді.

«Жақсы ақындар да аз емес, жақында Әскерхан Ақтай деген жігіттің өлеңін оқыдым.

Есенсің бе, ескі жұрт?,
Есейткен бізді есті ғып.
Қылта қырды қымтайды,
Қырғауыл қанат кешкі бұлт», дейді. Оқыған бойда жатталып қалды. Міне, керемет сурет емес пе?. Енді бұлар, осындай сәтті, дара жолдармен ғана қалып қоймай, тұтас, үлкен, концептуалды дүниелер тудыруы керек. Аман болса ол да болады. Мен әдебиетке әрқашан өте үлкен сенім, жарқын үмітпен қараймын. Әлі көресіңдер, Еуропаның үлкен әдебиетімен иық тіресер күн де келеді. Әдебиетке үлкен идеялар керек. Халық аман болса, мықты әдебиет тудырмай отыра алмайды», деп түйіндеді сөзін.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»