13 мамыр күні екі аяқты көлігіне от алдырып, «шу, қарақұйрық!» деп Қазақстанға қарай тайып тұрыпты. Қалтасына бір сөлкебай да салмастан! Бейне бір құда-жекжаттарына қыдырыстап бара жатқандай. Осыдан кейін таңырқамай көр! Дегенмен, «Харлей» мотоциклімен Оңтүстік Кореяны, Моңғолияны, Ресейді басып өтіп, 10 мың шақырымды артта қалдырған жанкештілігіне, көзсіз ерлігіне риза боласың.
Елімізде алғаш аяқ суытқан қаласы – Петропавл. Алдын ала құлақтанып қалған мұндағы байкерлер оның аяқ-қолын жерге тигізбей қарсы алып, бірнеше күн бойы өңірдің тарихи, көрікті жерлерімен таныстырды. Абылайханның, Қарасай және Ағынтай батырлардың зәулім ескерткіштеріне ұзақ қарап, керемет әсерленген көрінеді. Өз елінен тиын-тебенсіз шықты дегені болмаса, қарны тоқ, көңілі көтеріңкі. Аялдаған жерлерінде гитарамен өлең айтып, нәпақасын тауып келген. Ағылшын тіліне қамшы салдырмайды.
– Әттең, уақыт тар. ЭКСПО-ны тамашалауға асығып барамын. Астананы көру – арманым. Қонақжайлықтарыңа ерекше тәнтімін, – дейді ол солтүстікқазақстандықтармен қимай қоштасып тұрып.
35 жастағы жиһанкез елордадан кейін Қырғызстан, Түрікменстан, Пәкістан, Үндістан, Қытай мемлекеттерін араламақ. Үлкен саяхат 4 жылға созылмақ.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы