Әдебиет • 06 Қыркүйек, 2017

Әсет әлемі

1691 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлы Даланың қай өңірін алсақ та ата-бабаларымыздың іргелі іздерінің, толқымалы тарихының табы жатыр. Биылғы жылы қазақ халқының біртуар дана перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. 

Әсет әлемі

Ертеректе Каспийдің оңтүстігін, Тарбағатай, Тұран өлкесі, кейінде Сырдария бойын жайлаған бабаларымызды Қазыбек би сахараны жоңғар басқыншыларынан азат еткеннен кейін Арқаға бастап көшіріп келгені тарихқа белгілі. Бастапқыда Ұлытау, одан кейін Қарқаралы, Қызыларай өңірін қоныстанған. 

Сарыарқаның ең биік тауы Қызыларай мен Беғазының төңірегінен Ұлытауға дейінгі сайын даламызды түп аталарымыз ежелгі дәуірден бастап мекендегенін дәлелдеген ғұлама Әлкей Марғұлан ғылыми жаңалығын Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп атаған. Ақсораң сеңгірінің заңғар құз-жартастары қарағай, аршалармен, етегі шоқ-шоқ терек, қайыңмен көмкерілген, айналасы көгорай шалғын осы күнге дейін қаз-қалпында сақталған. 
Табиғат-ананың аса шеберлікпен сомдап-зерлеген Ақсораң сеңгірін, оның көз тоймас көркем табиғатын алғаш көргендердің өзі осында туып-өскен әр адамның арманшыл, өршіл, елшіл, сезімтал, суреткер болмауы мүмкін емес деп тамсанады. Осы Қызыларайдың айналасы ат шаптырымдай ғана төңірегінде Алаш идеясына өмірлерін арнаған, тұңғыш шынайы демократиялық қазақ автономиясы – Алашорда мемлекетін құрған Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков пен Жақып Ақбаев сынды алып тұлғалар туған. Ал Әлиханнан бір жыл кейін, яғни 1867 жылы асқақ әнші, бірегей композитор, арынды ақын, сал-серілер легінің соңғы тұяғы Әсет Найманбайұлы дүниеге келген. 

Әсет Найманбайұлы

Дәлірек айтсақ, биылғы жылы 150 жылдық мерейтойы өтіп жатқан, бұлбұл Әсеттің кіндік қаны тамған жер бұрынғы Қарқаралы уезінің Темірші болысына қарайтын 8-ші ауылы. Бұл қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының Қызыларай селолық округіндегі Найманбай бұлағының жанындағы Найманбай қыстағы. Қаракесектің оныншы ұрпағы Әсеттің барлық аталас бауырлары, оның ішінде Шор Қожамберліден тараған ұрпақ бүгінге дейін осы ауданда тұрады. 

Ақынның қысқаша шежіресін тарқатып, нақты туған жерін тәптіштеуге Әсет Найманбайұлының туған жері мен дүниеден өткен жылы туралы деректердің әрқилы болуы ойтүрткі болды. Мысалы, 1936 жылғы «Социалды Қазақстан» газетінің 26 маусымдағы санындағы Балташ Ысқақовтың «Әсет әрі әнші, әрі халық ақыны» атты мақаласында «Әсеттің қай жылы туғаны белгісіз. Туып, өсіп, көбінесе мекен еткен жері Үржар, Мақаншы қалалары» делінген. 1973 жылы шыққан Қазақ совет энциклопедиясының 2-ші томында «Әсет Найманбайұлы 1867 жылы Қарқаралы уезінің Темірші болысына қарасты сегізінші ауылда туған» деп анық жазылған. Ал 2005 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығындағы өмірбаян «Әсет Найманбайұлы (1867, қазіргі Шығ. Қазақстан обл. Үржар ауд. Бақты а. – 23.03. 1922, Қытай, Құлжа қ.) – көрнекті ақын, әнші-композитор» деп басталған. Сол жылғы «Қазақ мәдениеті» анықтамалығында қате деректі сол бетінде қайталаған. Биылғы «Қазақ күнтізбесі» де белгісіз деп жазған. Бұдан былай ғылыми бірізділік үшін 2011 жылы Алматыда шыққан «Қаздауысты Қазбек би» энциклопедиясында келтірілген «Әсет Найманбайұлы (1867, қазіргі Қарағанды обл. Ақтоғай ауд. Қызыларай ауылы – 1923, Қытай, Іле аймағы, «Көкқамыр» жайлауы» деген дұрыс нұсқаны ұстану қажет деп есептейміз.

Әсеттің өмірбаяны мен шығармашылық мұрасына 1928 жылы алғаш назар аударып, зерттей бастаған Ілияс Жансүгіров. Одан кейін 1931 жылы Сәкен Сейфуллин өзінің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты кітабында Әсет­тің Кемпірбаймен арыздасуын мысалға кел­тіреді. 1941 жылы Оспанбай Оспанов «Әсет ақын» деген мақаласын «Социалды Қазақстан» га­зетінде жариялаған. Ал Сәбит Мұқанов Әсет шы­ғар­машылығына 1942 жылдан бастап 1959 жыл­ға дейінгі аралықта бірнеше рет оралған. Әсеттің айтыскер ақындығын Мұхтар Әуезов жо­ғары бағалаған. Ақынның әдеби мұрасын зерт­теуге негіз қалаған Балтабай Адамбаев. 1968 жы­лы «Жазушы» баспасынан Б.Адамбаев пен С.Ордалиев құрастырған «Әсет Найманбаев. Шығармалар» – алғаш жинақ шықты. Оның кең және мазмұнды талдау алғысөзін жазған Бексұлтан Нұржекеев.

Осыдан төрт жыл бұрын Әсеттің ақтоғайлық аталас ұрпағы, ғалым-заңгер Бақытбек Сызды­қов­тың бастамасымен Жазушылар одағы төра­ға­сының бірінші орынбасары, айтулы ақын Ғалым Жайлыбай және белгілі ақын Ғалым Қалибекұлы Қытай еліне арнайы экспедиция жасап, Құлжадағы «Көкқамыр» жайлауына барып, Әсеттің қабіріне зиярат етіп, оның «Қы­зыларайдағы» кіндігі кесілген жерінің топырағын апарып, дұға бағыштап қайтқан болатын. Сол сапар жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетінің 2013 жылғы 26 шілдедегі санында Ғ.Қалибекұлының «Алты Алаш ардақтаған Әсет ақын» атты мөлдіретіп жазылған жолжазбасы жарияланды. 

Әсет теңдессіз әнші ретінде жастайынан, медреседе оқып жүргенде-ақ көзге түскен. Оның 
«...Қазіреттің қасында шәкірт едім, Адастырды осы өлең орта жолдан» дейтіні содан. Атақты Қоянды жәрмеңкелерінде көпке танылған асқақ дауысы қашанда алты қырдан асқан деседі. Әндерін домбыра, сыбызғы, сырнаймен сүйемелдеп айтқан. Әйгілі әнші-композитор Кенен Әзірбаев өз естелігінде Әсет ән айтқанда, тыңдауға құмартқан жұрт бірнеше киіз үйді құлатып, көп үйдің туырлығы, жабығы тілінгенін айта келіп, «Ал өзім көрген әншілердің ішінен Әміре болмаса, Әсетке пар келер ешқайсысы жоқ-ау!» деп тамсанады. Кешегі Жәнібек Кәрменов, бүгінгі Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов және басқа танымал әншілерден Әсет әндерінің асқақтығы мен күрделілігіне тамсанып, оларды айтуға екінің бірі дауысы жетпегендіктен батылдары бармайтындықтарын талай естідік.

Әсет табиғатынан нағыз төкпе, суырыпсалма, айтыскер ақын. Жас Әсет қазақтың әлемде баламасы жоқ, бірегей өнері айтыстың аламанына алғаш рет әйгілі Қоянды жәрмеңкесіндегі өнер думанында қосылған. Көптеген сөз сайыстарының ішінде әзірге жинақтарға іліккені Ырысжан, Кәрібай, Сәмет, Бақтыбай, Қали, Қосымбай, Қызыр, Мәлике және Кемпірбаймен айтыстары. Әсеттің бұлардан басқа да айтыстары мен сөз қақтығыстары болғанына күмәніміз жоқ.

Дегенмен, сауатты, көкірегі ояу өзінің кейбір өлең, қисса-дастандарын жазып та шығарғаны анық. Әсеттің әйелі Тәтежан жесір қалып, 1924 жылы немере бауыры орыс еліне көшіріп алу­ға келеді. Сол жайлы естелігінде: «Әсеттің жаз­ған­да­ры бір қобди еді... бауырым «Көлік кө­термейді» деген соң көршіге қалдырып, қайта келіп аламыз деп тастап кеттік. Қайта көру қайда, біз көрген бейнетті итке бермесін...», – деп өкінеді Тәтежан.

Қазақ еліндегі 1916 жылғы көтерілістерден соң Әсеттің өмірі де патша өкіметінің арнайы бақылауына көшкенін екінің бірі біле бермейді. Кеңес өкіметі де оны әу бастан жақтырған емес. Әсет кеңес өкіметіне қарсы, ұлтшыл, алашордашыл, түрікшіл атанғаны белгілі. Өмір бойы әділдікті, шындықты ту еткен Әсет ол билік жайында «Жаңа штат» деген өлең жазып, жұртқа жайып жіберген. Содан бастап «Әсетті Октябрь отаны ә дегеннен қырына алды» деп жазады әсеттанушы Аманжан Жақыпов. Сол ұзақ өлеңнің мына бір үзіндісі біраз нәрсені айғақтайды:

...Асуға ат шықпаған арба шықты,
Бүркітті қандыбалақ қарға жықты,
Құл – сұлтан, 
Күң ханша болған заман,
Кешегі торғай билеп самұрықты,
Қопада қабан соққан жолбарыстар,
Жалтаңда қоян көрсе, жарға бұқты,
Өңкей құл, өңкей кедей, жалаң аяқ,
Бүлдірді-ау, Россияны аямай-ақ ...

Әсеттің мұрасы мейлінше мол, бұдан да толыға түсері хақ. Оның өмірі мен шығармаларын, әсіресе әндерін музыкалық тұрғыда сауатты талдау, терең зерттеу, зерделеу қажет. Оларды шағын мақалада толық ашу мүмкін емес. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайы ұжымының, оның басшысы Әбен Разуевтің талай жылдан бері атқарып жүрген орасан еңбектерін ризашылықпен атау азаматтық парызымыз. Олар шексіз алғыс пен құрметке лайық жандар. Олар биылғы мерейтойға да ерекше әзірленуде.

Қарағандыда, Ақтоғайда Әсетке қатысты біраз шаралар өткізу жоспарлануда. Бұл абыройлы істер Қытайда, Түркияда жалғасын табуы тиіс деп жорамалдаймыз. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Үкімет шешімі шығып, ауқымды шаралар белгіленеді деген үміттеміз. Олардың ішінде қазақтың ұлы өнерпазы Әсет Найманбайұлының есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында теңдессіз әнші-композитор, төкпе ақынның есімін Астанадан бастап туған, өскен, өнер шашқан өңірлеріндегі мәдени мекемелер мен оқу орындарына, көшелерге беру, жеке мұражайлар ашу, ескерткіштерін орнату, республикалық әнші конкурстарын өткізу «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға лайықты үлес болары сөзсіз. 

Қайырбек СӘДУАҚАСОВ,
Мәдениет қайраткері

Соңғы жаңалықтар