Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2017

Тарихы ерен, тамыры терең

479 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына – 95 жыл

Тарихы ерен, тамыры терең

Ембілік мұнайшылар үшін биылғы жыл айтулы оқиғаларға толы болып отыр. «Ембімұнайгаз» АҚ-тың құрылғанына – 95 жыл. Компания өзінің торқалы тойын үлкен жетістіктермен қарсы алып отыр. Биыл компания ірі жоба – Прорва кен алаңында жаңа зауыт – газды кешенді дайындау қондырғысын іске қосты. Қондырғының ерекшелігі сол, Қазақстанда алғаш рет күкірт алу үшін MERICHEM фирмасының LO-CAT патенттелген технологиясы қолданылып отыр. Аталған технология эко­логиялық зиянсыз, улағыш химикаттары жоқ және зиян­ды әсері бар қалдықтарды шығармайды, күкіртсутегін жоюдың тиімділігі жоғарылығын қамтамасыз етеді. Газды дайындаудың барысы толық ароматталған және өндіріс кезінде апатты жағдайларға қарсы бірнеше қорғаныс түрлерін қарастырады. 

Компания өндірісті жан-жақты дамыту және жаңа технологияларды енгізу жұмыстарын кешенді іске асыруда. Өндірісті өркендетіп, әлеуметтік саясатын дәйекті жүргізіп, өңірдің дамуына септігін тигізіп отырған «Ембімұнайгаз» АҚ өзінің 95 жылдық мерекесіне орай көптеген игі шараларды өткізді. 

Ал  мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында өткен салтанатты жиында «қара алтын» өндірісінің кешегісі мен бүгіні сөз болып, осы салаға үлес қосқан қызметкерлер марапатталды. Мерейтойға арналған салтанатты жиынға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру»АҚ бас директоры Қ.Есқазиев, «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұ.Қарабалин, сала ардагерлері және компания қызметкерлері қатысты.Өз құттықтау сөздерінде Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мыңбаев мұнайшылардың ерен еңбегі мен еліміздің дамуына қосып отырған үлестерін айрықша атады. 

«Алғаш рет осы Ембіде ұлт­­тық кадрлар, мұнайшы инженерлер қалыптасты. «Ембі – мұнайшылар ұстаханасы» де­ген сөз бекерге айтылған жоқ. Мыңдаған мұнайшы осы мек­тептен өсіп, қанат қақты. Қан­шама даңқты мұнайшы әулеттері қалыптасты. Бүгінгі буын арда­герлеріміз салып кеткен сара жолды лайықты жалғастырып, өндірісті жаңа технологиялар­мен дамытуға күш салуда», деді өз құттықтау сөзінде «Қаз­МұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Қ.Есқазиев. 

1922 жылы «Ембімұнай» тресі болып құрылған уақыт­тан бері кәсіпорын талай қиын-қыстау кезеңдерден өтіп, бүгін­де ғасырға жуық ғұмыр кешкен алып компанияға айналды. 

Бүгінгі таңда мекеме өркен­деу жолын жалғастырып, бі­­­лік­­­­­ті, кәсіби, тәжірибелі ма­ма­н­­­­дар­­мен толығып отыр. Са­­­­­­­ла­­­ның майын ішкен бес­­­ас­пап­ мұнайшылар кейінгі тол­қын жас кадрларға білгенін үй­­ре­туден жалыққан емес. Ел қазынасына құйылып жат­қан қаражаттан бөлек компания әлеуметтік салаға үле­сін қосып, мәдениет пен өнердің дамуын да назар­дан тыс қалдырған емес. Рес­пуб­лика, қала берді облыс эко­номикасының қарқын алуына, тұрақтануына қол ұшын берген отандық кәсіпорын осылайша ғасырға жуық уақыт бойы тарих парақтарынан ерекше орын алып келеді. 

Мерейлі салтанатты жиында құттықтау лебізін білдірген «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарма төра­ғасы Әнуар Жақсыбеков компа­ния­ның даму жолы еліміздің өр­кен­деуімен тығыз байланысты еке­нін атап айтты. 

Ә.Жақсыбеков Ұлы Отан соғысы жылдарында «Ембі­мұнайгаз» қызметін бір минут­қа да тоқтатпағанын, бұл кезең­де мұнай 39 пайызға артық өн­ді­рілгенін баяндады. Отты жыл­дардағы қиыншылықтарға төтеп бере отырып, Комсомол – Мақат, Қошқар – Сағыз мұнай құбырлары салынғанын, Қа­мыс­көлде бу-турбиналы элек­тр­­­стансасы және Гурьев мұ­най өңдеу зауыты бой көтер­генін атап өткен ол соғыс аяқ­талғаннан кейін де кәсіпорын қызметінде кідіріс болмағанын алға тартты. 

– Ембілік геологтар Батыс Қазақстан аумағынан Те­ңіз, Өзен, Маңғышлақ, Прор­ва, Кенбай және тағы да бас­қа көмірсутек шикізаты та­был­ған ірі кен орындарын аш­ты. Қазақ КСР-нің Ғылым ака­де­миясының 1946 жылы құрылған Жайық – Ембі ғылыми-зерттеу базасы кешенді дамуға тың сер­пін берді. Күні бүгінге де­йін мұнай-газ саласы ел эко­номикасының локомотиві саналады. Компания мұндай жетістіктерге қандай жағдайға да қарамастан мақсаткерлігі мен маңдай тер еңбегінің арқа­сында кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған бірінші басшылармен қатар, қарапайым мұнайшылардың көмегімен жетіп отыр, – деді ол. 

Сондай-ақ, ЕМГ басшысы компания тұрақтылығы мұ­­най­шылар династиясында екеніне тоқталды. Қазірде «Ембі­мұнайгазда» жиырмадан астам мұнайшы-еңбекшілер әулеті табысты еңбек етуде. Олардың үш және одан да көп буыны – саналы ғұмырын мұнайшы мамандығымен байланыстырған жандар. Олар­дың кейбірінің жалпы еңбек өтілі 200 жылдан асады. Одан әрі баяндамашы компания дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған жандарды атап өтіп, кәсіпорынның болашақ жос­парларымен де бөлісті. 

– Компанияда тұз үсті және терең тұз асты қабаттарына бар­­лау жүргізу бағытында жү­йе­лі жұмыстар қолға алы­нып келеді. Ұңғыманы тереңдетіп бұрғылау 2018 жылға жоспар­ланып отыр. Сонымен қатар, қосымша кен орындарын ал­мақ ойымыз бар, – дейді Ә.Жақсыбеков. 

Айта кетелік, компания был­тыр 2 млн 832 мың тонна мұнай өндірген. Бұл межеленген көр­сеткіштен 10 мың тоннаға ар­тық. Кәсіп­орын өндіріс шы­­ғында­рын оңтайландыру жә­не ең­­бек тиімділігін арттыру мақ­са­тында бірнеше қа­нат­қақ­ты жобаларды іске қосқан. Ал мұнай қондыр­ғыларын жаңарту арқылы өндіріс көр­сет­кішін тұрақтан­дырып, ең­бекті қорғау және техни­калық қауіпсіздік ережелерін сақтауға қол жеткізіп отыр. 

Соңғы төрт жылда кәсіп­орын республикалық және жергілікті бюджетке салық тү­рінде 625 млрд теңгеден астам қаражатты, Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға 1,7 млрд теңге қар­жыны және осындай соманы демеушілік және қайы­рымдылық шараларына аудар­ған. 

«Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бас­тығы Серік Әбдиев Уаз кен ала­ңында интеллектуалды кен ала­ңы тұжырымдамасы іс­ке қо­сылғанын атап айтты. Он­дағы өнім өндіру мен дайындау жұмыстары (ұң­ғы­мадан мұнай тапсырғанға де­йін) онлайн ережесі бойынша бақы­лау мен технологиялық басқару ке­­шенді құрылғылармен жаб­дықталған. 

Құттықтаулар арасында­ елі­­­міз­­дің мұнай-газ саласын­ дамытуға үлесін қосқан ком­­­па­нияның ардагерлері мен бұ­рынғы басшылары Энер­­гетика министрлігінің мере­келік медалімен, «Қаз­Мұ­найГаз» ҰК» АҚ-тың және «Қаз­МұнайГаз» БӨ» АҚ-тың төс­­белгісімен марапатталды. 
Салтанатты жиын концерт­тік бағдарламаға ұласты. ЕМГ мерейтойына орай «Махамбет-Исатай» орталық алаңында атыраулықтар алдында қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті. 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше