Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2017

Қазақстан – ислам инвестициясы үшін қолайлы ел

312 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Исламдық қаржыландыру бойынша жаһандық «Global Islamic Finance Awards» (GIFA) халықаралық сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысып, марапат иелерін құттықтады.

Қазақстан – ислам инвестициясы үшін қолайлы ел

Исламдық қаржыландыру бо­йынша жаһандық GIFA сыйлығын тап­сыру рәсімі биыл Қазақстан астанасында өтіп отыр. Шараны «Ас­тана» халықаралық қаржы орта­лығы ұйымдастырды. Бұл – исламдық қаржы индустриясындағы ең не­гізгі сыйлықтардың бірі. Бұған дейін мұндай шара Оман, Малай­зия, БАӘ, Бахрейн, Индонезия елдерін­де өткен. Осымен жетінші мәрте ұйым­­дастырылып отырған жаһан­дық дең­гейдегі сыйлықты тапсыру рәсімі 2011 жылдан басталды. GIFA сый­лығы 2014 жылы Қазақ­стан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ис­лам қаржыландыруы бойын­ша жа­һан­дық көшбасшы» категория­сы бо­йынша берілген. Айта кетсек, GIFA сыйлығының ең жоға­ры екі категориясы бар, оның бірі – «Ис­лам қаржыландыруы бойынша көш­басшы-мемлекет», бірі – «Ис­лам қаржыландыруы бойынша жа­һан­дық көшбасшы» деп аталады. Биыл­ғы жыл­дың осындай сыйлы­ғын Қазақ­­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Джибути Респуб­ли­ка­сы­ның пре­зи­денті Исмаил Омар Геллеге тапсырды.
Елбасы Джибути Респуб­ли­ка­сының президентін мәртебелі сый­лығымен құттықтай отырып, еліміздің осындай ислам әлеміндегі жаһандық сыйлықты тапсыратын орынға айналуы кездейсоқ еместігін, өйткені Қазақстан ТМД, Орталық Азия елдері арасында исламдық қар­жы­ландыруды заңдық тұрғыда енгі­зіп отырған көшбасшы ел екендігін атап өтті.

Қазақстан Президенті исламдық қаржы әлемдік қаржы жүйесінің жылдам өсіп келе жатқан индус­триясының біріне айналғанына тоқталды.

– Исламдық қаржының әлемдегі жылдық айналымы 2 триллион доллардан асып, соңғы 10 жыл ішінде 3 есе өскенін көрсетті. 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 триллион долларға жетеді деп болжануда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде ис­ламдық қаржы институттарының қыз­меті мұсылман әлемі елдерімен ғана шектелмейтінін айтты.

– Исламдық қаржы институт­тары­ның қызметі Аустралия, Ұлы­британия, Үндістан, АҚШ, Франция және Жапония елдерінде де кеңінен қа­нат жайып келеді. Әлемнің үздік 100 банкінің бірқатары өз құрылым­дарында ислам бөлімшелерін ашты. Қазақстан 2009 жылдан бері ис­ламдық қаржыландыруды енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көш­басшы саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев «Рейтер» агенттігінің мә­­лі­ме­тіне сәйкес, Қазақстан 2015 жы­лы ислам инвестициясы үшін қолай­­лылығы жағынан 5-орынға ие бол­ғанын атап өтті.

– Бұл рейтингте Ислам ынтымақ­тастығы ұйымына мүше 57 ел бар. «Бостон консалтинг групп» компа­ния­сының зерттеу нәтижелеріне сәйкес исламдық қаржыландыру актив­терінің Қазақстандағы әлеуетті көлемі 2025 жылға қарай 23 миллиард долларға жетуі мүмкін. Осыған байланысты, ислам банктері активтерінің көлемі барлық банк секторының 10 пайы­зын құрауы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қазір елі­мізде банкинг, сақтандыру, лизинг салаларында бірнеше исламдық қар­жы институттарының жұмыс істеп жат­қанына назар аударды.

– Менің бастамаммен 2010 жылы Қазақстанда тұңғыш ислам банкі – «Әл-Хилал» банкі құрылды. 2012 жылы Қазақстанның даму банкі алғаш рет «Сукук» ислам облигацияларын шығарды. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 240 миллион Малайзия рингитін құрайтын облигациялар сәтті өтелді. 2018 жылы 300 миллион долларға дейінгі мемлекеттік исламдық құнды қағаз­дар (тәуелсіз сукук) шығару жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы исламдық қар­жы­ның маңызды бағыты ретінде әлеу­мет­тік жобаларды, білім беру және ағар­ту шараларын қаржыландыруды атап өтті.

– Қазақстан үшін Ислам даму банкімен жұмыс істеудің маңызы зор. Ол исламдық қаржы мен банкингі индустриясын дамыту ісінде Қазақстанның басты әрі стратегиялық серіктесінің бірі саналады. Бүгінде Банк тобы тартқан займдар есебінен жалпы құны 500 миллион долларға жуық 23 жоба іске асырылды. 900 миллион долларды құрайтын жаңа 12 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің базасында халықаралық қаржы орталығы құрылатынын атап өтті.

– Онда Нью-Йорк, Лондон, Сингапур және Дубай қаржы орталықтарының үздік тәжірибелері қолданылады. Оның қызметін реттеу шетелдік сот корпусын тарту арқылы ағылшын құқығына негізделетін болады. «Астана» қаржы орталығында құрылатын биржа акционерлерінің бірі – Шанхай биржа қоры (25% үлесі бар). Американың NASDAQ биржасымен бірге мейлінше көп қолданылатын әлемдік сауда плат­формасын енгізу жоспарланып отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғы­ның ресми тілі – ағылшын тілі болады, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орта­лығына халықаралық деңгейдегі қатысушыларды тарту үшін салық жеңілдіктері, сондай-ақ жеңілдетілген виза мен еңбек режімдері ұсынылатынын айтты. Мемлекет басшысы «Астана» халық­аралық қаржы орталығы шетелдік әріп­тес­теріміздің әл-ауқатын арттыра тү­суіне мүмкіндік беретініне сенім біл­дірді.

– Барлық қатысушыларды біздің жобаларымызға белсенді түрде ат­салысуға шақырамын. Жалпы, Қазақ­стан­ның алдында әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөніндегі биік мақсат тұр. Түбегейлі институттық реформалар іске асырылып жатыр. Биыл жаңа технологиялар мен инновацияларды жедел енгізу арқылы экономикамызды үшінші жаңғырту ісіне кірістік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміздің әр­дайым шетелдік инвесторларға қол­дау көрсетуге және олармен тығыз ынты­мақ­тасуға әзір екенін айтты.
– Басты қаржы нарықтарының жаһан­дық қатысушыларының басын қосатын ау­қымды іс-шаралар өткізу халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың тиімді құралының бірі болып санала­ды. Исламдық қаржы саласындағы жа­­һан­­дық сыйлықты тапсыру рәсімі ислам­­дық қаржыландырудың түрлі сала­­сындағы көшбасшыларды іздеп табу­ға бағытталған. Ол исламдық қар­жы инс­­титуттарының қызметін одан әрі да­­мытуға септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Жаһандық сыйлықтың атқарушы органына бұл рәсімді біздің елімізде ұйымдастырғаны үшін ризашылық білдірді.
GIFA аясында 50 категория бойынша сыйлық берілді. Оның ішінде, «Үздік банкир», «Үздік ислам банкі», «Үздік ислам қаржыландыру компаниясы», «Ислам қаржыландыруы бойынша үздік заң компаниясы», «Ислам қаржыландыруы бо­йынша үздік инновациялық өнім» және тағы басқа да аталымдар бар. Биылғы марапаттау рәсімі аясында аймақтық деңгейде исламдық қаржыландыруды дамытқаны үшін Қазақстанның Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа, Татарстан президенті Рустам Минниxановқа, Ресей Орталық банктің төрайымы Эльвира Набиуллинаға да арнайы сыйлықтар табысталды.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»

Суреттер

Президенттің баспасөз қызметінен алынды