ЭКСПО-2017 • 07 Қыркүйек, 2017

ЭКСПО-2017. Қатар мен Қазақстанның бизнесмендері кездесу өткізді

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Қатар мемлекетінің павильонында бизнес іс-шара өтті. Оған Kahramaa компаниясының, Qatar University оқу орнының өкілдері, сондай-ақ, қазақстандық бизнесмендер қатысты.

ЭКСПО-2017. Қатар мен Қазақстанның бизнесмендері кездесу өткізді

Іс-шара барысында табиғи ресурстарды сақтау саласындағы міндеттер көрсетілді. Ал жиында сөз алған спикерлер Қатардағы жаңартылатын энергия көздерінің қолданыстағы және жоспарланып отырған жобалары және табиғи ресурстарды сақтау жобалары туралы ой бөлісті.

Kahramaa өкілдері елдегі энергияны үнемдеу және су ресурстарын сақтау саласындағы жұмыс нәтижелерін ұсынды. Мәселен, 2015 жылдан бастап Қатар су тұтынуды 35%-ға, ал электрді 20%-ға қысқартты.

Табиғи ресурстарды сақтау туралы мемлекеттің жаңа заңына сәйкес Kahramaa бірқатар технологияларды әзірлеп жатыр. Олардың арасында ғимараттарды энергиямен қамтамасыз етуге арналған күн энергиясын пайдалану жобасы, сумен жылыту саласындағы әзірлемелер бар.  Сонымен қатар, нормативтік-құқықтық акті су жылытқыштар, тоңазытқыштар мен мұздатқыштар, кір жуатын машиналар үшін электр энергиясы өнімділігінің ең төменгі стандартын енгізуде.

Қатар университеті іс-шара барысында футбол стадионының жоспарын таныстыруды да ұмытпады.

Айта кетерлігі, бұл елде 2022 жылы футболдан әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Құрылыстың ерекшелігі салқындатудың инновациялық жүйесінде. Онда арнайы технология салқын желді симуляциялау және салқындатқыш арқасында футболшылар мен көрермендердің қолайлы температураны стадионда ұстап тұруға мүмкіндік береді. Қатарда жазды күні ауа райы ыстық болады. Сондықтан әлем біріншілігі алғаш рет қыс мезгілінде өткізілу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта Қатар университетінің ғалымдары стадионда салқындатқыш жүйесін орнату бойынша қызмет етіп жатыр. Жиын барысында аталған университтің профессоры, доктор Сауд Гхани құрылысшылардың қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын әңгімелеп берді.  Университет 35-40 градус ыстықта құрылысшылардың киетін каскасы 15 градусқа дейін салқындайтын технологияны ашты.

Айта кетерлік тағы бір жайт, 2022 жылы өтетін әлем чемпионатына бұрын-соңды болмаған қаржы жұмсалу жоспарланып отыр.

Сауд Кхани сөз соңында әлем чемпионатына Қазақстанның да қатысқанын қалайтынын айтты.

Кездесу барысында қазақстандық бизнесмендер табиғи ресурстарды сақтау саласында әріптестердің ұсыныстарына қызығушылық танытты.

Қазақстан мен Қатар бір-бірі үшін маңызды экономикалық серіктестер екенін айта кеткен жөн. Мәселен, өткен жыл ішінде екі елдің арасындағы тауар айналым 746,5 мың АҚШ долларын құрады, солардың ішінде экспорт – 647,6 мың, импорт – 98,9 мың АҚШ доллары.

Айта кетейік, Kahramaa – Қатар халқына электр мен су жеткізуді қамтамасыз ету және реттеу үшін 2000 жылы құрылған компания. Компанияның акцияларының 42,74 %-ы мемлекетке тиесілі болса, қалған 57,26 %-ы – жеке меншік.

Ал Qatar University – Қатарда 1972 жылы ашылған университет. Мұнда қазір 14 000 мың студент білім алып жүр. Рейтинг бойынша №1 оқу орны болып есептеледі.