Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2017

Ақжайықтық ардагерлер редакцияда қонақта

515 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше бас басылымға қонаққа Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақжайық ауданынан бір топ ардагер келді. Елдің жайын әңгімелеп, саяси-әлеуметтік мәселелер тұрғысынан ой қозғаған, сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына өз көзқарастарын білдірген қариялар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінен алған әсерлерімен де бөлісті. 

 

Ақжайықтық ардагерлер редакцияда қонақта

Ақжайықтық ардагерлер «Егеменге» араға он жыл салып барып қайта келіп отыр. Түсініктірек болу үшін басынан бастайық. Осыдан оншақты жыл бұрын елге еңбегі сіңген ардагерлерді жаңадан бой тү­зеп келе жатқан әсем астанамен таныстыру үрдісі жүрді. Рес­публикамыздың түкпір-түк­пірінен құрамында соғыс, еңбек ардагерлері бар делегациялар Астанаға көптеп келіп жатты. Сол үрдіс бойынша 2007 жылы Батыс Қазақстан об­лысының Ақжайық ауданынан келген бір топ ардагер де елорданың еңселі ғимараттарын, көрікті жерлерін тамашалап, одан ел газеті «Егеменге» соғып, елдің тұрмыс-тіршілігінен, хал-ахуалынан хабардар еткен-ді.

Міне, одан бері де он жыл зымырап өте шығыпты. Ақ­жайықтық ардагердің қатары да сиреген. 2007 жылы «Еге­менде» қонақта болған соғыс ардагерлерінің бірқатары қай­тыс болса, қазіргі күні 90-нан асқан үш қария денсаулық жағ­дайларына қарай елордаға келе алмаған. Сондықтан бұл жолы Астанаға еңбегімен еленген еңбек ардагерлері мен Ауған соғысының ардагерлері келіп, елі­міз үшін өте маңызды оқи­­ғалардың санатындағы ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесін кө­ру бақытына ие болды.

Егемендіктермен кездесу барысында ардагерлер соған жағдай жасаған Ақжайық ауда­нының әкімдігіне де риза­шы­лықтарын жеткізді. Кез­десуге 24 ардагер қатысқан болса, соның 7-уі «Ақжайық ауда­­нының құрметті азаматы» еке­­нін де айта кеткен жөн.

Аталған ауданның 80 жыл­дық тарихы бар. Соның соң­ғы жиырма жылы Чапаев және Тайпақ аудандарының бірік­тіріліп, Ақжайық атауын алуымен аудан халқының есінде қалмақ. Басында қиындықтар болғанымен, қазіргі кезде аудан халқының жағдайы жаман емес көрінеді. Мұны кезінде аудандық мәслихаттың хатшысы болған, құрметті ардагерлердің бірі Дәулетжан Жақсыбаев айтты.

«Біздің аудан – Батыс Қа­зақстан облысындағы ең іргелі аудандардың бірі. Қазіргі кезде 42 мыңдай тұрғын бар. Халықтың жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Біз әрқашан Елбасының саясатын қолдаймыз. Елдің алдында жүрген соң Елба­сы­ның Жолдауларын ха­лық­қа түсіндіруде де еңбек ат­қа­рудамыз. Ең алғашқы Жол­дау осыдан жиырма жыл бұрын өмірге келген еді. Со­дан бері барлық Жолдауға қол­­дау білдірдік. Өйткені бұл құжаттардың барлығының мақ­саты – халықтың жағдайын жақ­сарту, рухани байытуға үлес қосу. Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласының да біздер үшін мән-маңызы жоғары. Рухани жаңғыру – бір жылдың ғана мәселесі емес. Ол ешқашан тоқтамауы керек», деді ардагер.
Кездесуде Ақжайық аудан­дық ардагерлер кеңесінің бұ­рынғы төрағасы Ғилаж Лұқ­панов өз ойын ортаға салды. 82 жастағы қарт ардагерлердің аудандық әкімдік пен халық арасын байланыстырушы буын екенін айтты. Жұмыс істеуге ұмтылған адамға әр­қашан жұмыс табылатынын, тек еңбекпен ғана адам өз мақсатына жете алатынын жеткізді. Сондай-ақ, Тайпақ ауылдық округінің ардагерлер ұйымының бұрынғы төрағасы Ғинулла Садыров ақсақал да өз лебізін төмендегіше жеткізді:

«Мен Тайпақ ауылына өткен ғасырдың 66 жылы жолдамамен келген жастардың бірі едім. Содан зейнеткерлікке шыққанға дейін осы өңірде қызмет еттім. Ауылдың жағдайын өте жақсы білемін. Расында, осыдан біраз жыл бұрын қиыншылықтар болды. Ол газеттерге де жазылып жатты. Осы соңғы он жылдың ішінде көп жақсылықтар жасалды. Қазір соның игілігін кө­рудеміз. 1700-дей халық тұ­ратын ауылымызда газ да, жарық та бар. Судың мәселесі де шешілген», деді ол.

Кездесу барысында ардагерлер өңірдегі шешімін таппай жүрген мәселелерді де айтты. Олар – оқтын-оқтын қозғалып жүрген Жайықтың үстінен көпір салу жайы мен гидротехникалық құрылғылары мен бөгеттерінің тозығы жеткен, табанына бат­пақ жиылған Шалқар көлінің қазіргі күйі. Шалқарға қазірден көңіл бөлмесе, Аралдың кебін киюі мүмкін екені айтылды. Ардагерлер, сондай-ақ, тіл мә­селесі мен Батыстың жаман әдеттеріне еліктеп, салт-дәс­түрден ажырап бара жатқан кейбір жастардың қылығына да арнайы тоқталды. Сондықтан рухани жаңғыру балабақшадан, мектептен басталу керектігіне мән берді. Олардың бірқатары ЭКСПО-2017 көрмесінен алған әсерлерін ортаға салды. Әр павильонға тән ерекшеліктерді әңгімеледі. 

Ақжайықтан, яғни Жұбан елінен келген ардагерлер тарапынан «Егеменге» Жұбан Мол­­дағалиевтің бейнесі са­лын­ған кілемше мен ауданның елтаңбасы сыйға тартылды. Сонымен қатар, ардагер журналист Бақтығали Қоспаев «Еге­меннің» кітапханасына аудан тарихынан сыр шертетін «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты екі томдық кітап пен Ақжайықтан шыққан алаш қайраткерлеріне арналған кон­ференцияның жинағын табыс етті. Өз кезегінде «Егемен Қа­зақстан» республикалық га­зеті» АҚ тарапынан арда­гер­лер­дің әрқайсысына көрнекті жа­зушы Әбіш Кекілбаевтың бас басылымда әр жылдары жа­рық көрген мақалаларының негізінде құрастырылған «Еге­мен Қазақстан» кітапханасы» се­риясымен жарыққа шыққан «Дәу­ір дауысы» кітабы тарту етіл­ді. 

Суретті түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар