Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2017

Абзал Нүкенов: «Атамекен» бағдарламасы жергілікті қоғамның мәселелерін шешуге септігін тигізеді

790 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  «Туған жер» арнайы жобасы аясында «Атамекен» кіші бағдарламасын іске асыруға кірісті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрілігінің вице-министрі Абзал Нүкенов мәлімдеді.

Абзал Нүкенов: «Атамекен» бағдарламасы жергілікті қоғамның мәселелерін шешуге септігін тигізеді

«Атамекен» кіші бағдарламасы жергілікті қоғамның мәселелерін шешуде азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, волонтерлер, меценаттар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар күшін біріктіруге бағытталған.

Вице-министр Абзал Нүкеновтың айтуынша «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде 2 базалық бағыт іске асырылады. Атап айтқанда, бұл «Әлеуметтік бастамалар картасы» және  «Жомарт жүрек» жобасы.

«Әлеуметтік бастамалар картасы» жобасының негізгі идеясы -  Өңірлердің өзекті қажеттілігін айқындап, оларды шешу үшін азаматтардың белсенділігін ынталандыру арқылы жергілікті тұрғындардың бастамаларын ілгерілету болып табылады.

«Әлеуметтік бастамалар картасына жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешу бойынша азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдармен ұсынылатын жобалар енгізілетін болады», - деп атап өтті Абзал Нүкенов.

Бұдан бөлек, карта меценаттар, мемлекеттік органдар мен бизнестің, үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлер мен азаматтардың қатысуын талап ететін өңірлік жобалардың ашық, қол жетімді дерек қорына айналатындығы және карта платформасында волонтерлер және меценаттар базасы құрылатындығы айтылды.

«Жомарт жүрек» базалық бағыты Әлеуметтік бастамалар картасының логикалық жалғасы болып табылады. Базалық бағыттың негізгі мақсаты - белсенді азаматтар мен демеушілерді, үкіметтік емес ұйымдарды, волонтерлерді және кәсіпкерлерді туған жерін дамытуға ынталандыру. Жоба аясында 16 өңірде меценаттарды ынталандыру бойынша іс-шаралар өткізілетін болады.

Аталған шаралар көмек көрсетуді, туған жердің дамуына, жалпы елдің дамуына қосқан үлестің үздік тәжірибесін кеңінен жариялауға және сүйемелдеуге бағытталған.

Вице-министрдің айтуынша, бұл жұмыстар әртүрлі деңгейде және әр жерде жасалып жүр. «Біздің көздегеніміз - соның бәрін жинақтап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаттарына бағыттау», - деп өз сөзін түйіндеді Абзал Нүкенов.

Соңғы жаңалықтар