Технология • 08 Қыркүйек, 2017

Баламалы энергия үлесі артуда

2791 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда баламалы энергия көздерінің үлесі 2020 жылы 3 пайызға, 2030 жылы 10 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға дейін жетеді деп жоспарланған. Ал алдағы жылдары энергетика саласына тартылатын инвестициялардың 97 пайызы жеке секторға тиесілі болмақ. Бұл туралы кеше Астанада XI Еуразиялық KAZENERGY форумында еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Аталған форумда министр энергетика саласында қолға алған ауқымды шараларды айтып, болашақтың бағыт-бағдарын баяндады.

Баламалы энергия үлесі артуда

«Болашақтың энергиясын қалыптастыру» ХІ Еуразиялық KAZENERGY форумы – ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы қорытынды шаралардың бірі. Екі күнге жоспарланған шара Қазақстан Үкіметі мен Энергетика министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Форум БҰҰ аймақтық комиссиялары аясында биылғы жылдың 11-14 маусымында Астанада өткізілген Тұрақты дамуға арналған энергетика жөніндегі 8-ші халықаралық форум мен «Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету» конференциясы шеңберінде басталған келісімдердің жалғасы саналады. Форумның ашылуына Чехия, Финляндия, Ресей, Грузия, Польша елдерінің энергетика салаларының басшылары, сондай-ақ Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің президенті Тор Файеран қатысты. 

Жиынның ашылуында сөйлеген сөзінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астанада ЭКСПО базасында болашақ энергияларының инвестициялық жобалары мен жасыл технологиялардың халықаралық орталығы құрылатынын айтты. Ол өз кезегінде трансформациялық энергетикалық сектор мен жасыл бизнеске өтуге қатысты тапсырмаларды орындауға ықпал етеді. Орталық Ресей, Қытай, АҚШ, Үндістан мен Латын Америкасы елдерімен бірлесіп жұмыс атқарады. Ол ЭКСПО тәжірибесінің лайықты жалғасы болмақ. 

Қ.Бозымбаев сондай-ақ алдағы жылдан бастап еліміз мұнай мен газ саласында жер қойнауын пайдалануға келісімшарттардың барлық түрлерін оңтайландыруды қарастырып отырғанын атап өтті. Осы ретте оларды бекіту мерзімін қысқартып, көптеген әкімшілік кедергілерді жоюды, мұнай-газ шикізатының қоры бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесіне көшуді іске асыру көзделген. Сонымен қатар, министр мұнай өңдеуде энергия тиімділігінің жобалары енгізіліп жатқанын, мұнай өңдеуші зауыттардың үш жылда бір рет жөндеу кезеңіне көшірілгендігіне тоқталды. Қазақстан стратегиясы тек дәстүрлі энергетиканың жоғары көрсеткіштеріне ғана емес, сонымен қатар кезең-кезеңмен баламалы әрі жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға бағытталған. Соңғы жылдар баламалы энергетика көптеген елдердің үкіметтері тарапынан қолдауға ие болды, осы орайда Қазақстан да энергиялық балансқа баламалы және жаңғырмалы энергияны белсенді түрде енгізуге бағыт алды. Бұл тұрғыда оның жалпы көлемдегі үлесі 2050 жылға қарай 50 пайызды құрайтын болады. Мұнай-газ саласында бұрыннан тиімді ынтымақтастық орнатқан ірі корпорациялардың тәжірибесі бізге осы салада да пайдалы болады деп санаймыз. Сондықтан біз тиісті келіссөздерді жүргіздік және көптеген компаниялар аталған салада Қазақстанда жұмыс жүргізуге ниетті, деді министр.

ХІ KAZENERGY Еура­зия­лық форумында әлемдік энергетикалық компаниялар тұрақты энергетика көздерін тиімді басқару, энергия ресурс­тарының өндірілуін, сақта­луын және пайдаланылуын бақылау, энергия көздеріне қол жеткізу, климаттың өзгеруі жә­не көмірқышқыл газы шыға­рындыларын төмендету, баламалы энергия көздерінің пай­даланылуын ынталандыру, энергиялық тиімділік бойын­ша бағдарламаларды және «ақылды» энергетиканы енгізу, уран және атом саласын иннова­ция­лық тұрғыда дамыту сияқты мәселелер талқыланды.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Ерлан ОМАР, 
«Егемен Қазақстан»