ЭКСПО-2017 • 10 Қыркүйек, 2017

Астанада өткен ЭКСПО техникалық және технологиялық жетістіктерге жетті - Висенте Лоссерталес

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес ЭКСПО-ның жабылу салтанатында бейнетаспа арқылы құттықтау жолдады

Астанада өткен ЭКСПО техникалық және технологиялық жетістіктерге жетті - Висенте Лоссерталес

Фото: Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»

Ол осы тарихи шараға қатыса алмағанына өкінішін білдіріп, шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады. «Жаңғырмалы энергияны ілгерілету – тұрақты әлеуметтік дамуға бағытталған қиын шаруа. Десе де, баламалы қуат көздерін табу, қолдану, оны тарату жиырма бірінші ғасырдың міндеті болып саналады. Ал Астанада мәресіне жеткен ЭКСПО көрмесі техникалық және технологиялық жетістіктерге жетті, сондай-ақ оған қатысушы мемлекеттердің мәдениетін, тарихын көрсетті. Қазақстан бұл ретте үлкен жауапты миссияны атқарып, лайықты деңгейде өткізіп шықты», деді бас хатшы.

Висенте Лоссерталес бұл шарада әлемнің барлық мемлекеті өздерінің технологиялық, ғылыми жетістіктерін көрсеткенін айтты. Оның айтуынша, барлық құрлықтың 178 елінен миллиондаған адам қатысты мұнда. ЭКСПО-ны өткізу арқылы Қазақ елі, Астана халықаралық шараны ұйымдастыра алатын қалыптасқан мемлекет екенін аңғартты. Үш мыңнан аса тематикалық, мәдени, ағарту шаралары ұйымдастырылып, көрменің салмағын биіктетті. Экспо тарихында Астанадағы тарихи шара өз орнын айшықтады.

Асхат РАЙҚҰЛ,
"Егемен Қазақстан"