ЭКСПО-2017 • 11 Қыркүйек, 2017

ЭКСПО-2017: Тоқсан үш күнге созылған халықаралық мамандандырылған көрме мәресіне жетті

1409 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 ха­лық­ара­лық маман­дан­ды­рыл­ған көрмесінің соңғы күні. 

ЭКСПО-2017: Тоқсан үш күнге созылған халықаралық мамандандырылған көрме мәресіне жетті

Шара әдеттегідей, есігін айқара ашып, келушілерді қабылдап, шеру өтті. Көр­менің алғашқы күндері ке­лушілер саны 20-30 мың­ның шамасында болса, соңғы тәуліктерде бұл көр­сеткіш бес есеге дейін кө­бейіп, жүз мыңнан асып жығылды. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халық­ара­­лық ЭКСПО-2017 маман­дан­дырылған көрмесінің жабы­лу рәсіміне қатысты. Елбасы жи­­ынға қатысушылар алдында сөй­­леген сөзінде Астана мен елі­міз­дің барлық өңірлері күш жұ­мылдырғанының арқасында ЭКСПО-2017 көрмесі табысты өт­кенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев көр­ме­нің Қазақстан экономикасын да­мытуға муль­типликативтік тұр­ғыдан оң әсер ет­кенін ерекше атап өтті. 

– Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жет­кізуге және қыз­мет көрсетуге тапсы­рыс ал­ды. Туристік сектор жандана түс­ті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бү­кіл әлемнің назарын өзіне аударды, – деді Елбасы.        

Мемлекет басшысы көрме аясында өткен мәдени және халықаралық шараларға тоқ­талды.

– Күн сайын елордамыз төрткүл дүниенің түкпір-түк­пірінен жеткен түрлі мәде­ниеттің әуені мен нақышына бөленіп тұрды. Бүгінгі салтанатты рәсім Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитімен тұспа-тұс келіп отыр. Онда ислам әлеміндегі ғылыми-техникалық дамудың маңызды мәселелері талқы­ла­нуда. Жалпы, ЭКСПО аясында 6 мыңнан ас­там түрлі іс-шара өткізілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Қазақстан Президенті еліміздің Еуразия өңіріндегі қауіпсіз әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі оң имиджін нығайта түскенін атап өтті.

Мемлекет басшысы «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды аспектілеріне тоқталды.

– ЭКСПО бүкіл әлемнің интелле­ктуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылатын энергия көздері сала­сын­дағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көп­шілік назарына ұсынылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ЭКСПО аясында қазіргі заман­ғы энергетикалық саясаттың басымдықтары жөнінде жаһандық диалог ұйымдастырылғанын және энергетика мен экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзірленгенін атап өтті.
– ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы біздің ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті. Жалпы, біздің көрме «таза энергетиканы» жаһандық деңгейде да­мытуға айрықша үлес қосатынына сенім­дімін, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО инфрақұрылымын көрмеден кейін пайдалану жоспары жөнінде ой бөлісті. 

– «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.  
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «жасыл» технологиялар мен инвестиция­ларды дамыту жөніндегі халық­ара­лық орталықты және ІТ-стартаптар ха­лы­қ­аралық технопаркін құруға арналған жобаларға тоқталды.

– ЭКСПО көрме кешені толығымен инновациялық және орнықты дамудың мақсаттарына одан әрі қызмет ететін болады. Баршаңызды жаңа орталықтардың жұмысына белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті көрмені өткізуге үлес қосқандардың бәріне алғыс айтып, келген қонақтарға ерекше ризашылығын білдірді.

– Осымен халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көр­месін жабық деп жариялаймын! Оның идеясының толығымен жүзеге асу­ына қолдау көр­сеткен Қазақстан хал­қына риза­шы­лы­ғымды білдіремін. Көр­менің сәтті өтуіне мыңдаған адам ат­салысып, еңбек етті. Баршаңызға Қазақ жеріндегі айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

ЭКСПО-ның жабылу салтанаты кешен аумағындағы амфитеатр­да ұйымдастырылды. Онда алды­мен DJ Timofei мен Нұрберген Махам­бетов сынды эстрада әншілері, «Americano», «Holliwood» қатарлы топ­тар меймандарға көтеріңкі көңіл күй сый­лады. Содан кейін сахнадағы алып экрандардан ЭКСПО көрмелерінің тарихы көрсетілді. 

Онда адамзат баласының жеткен жетістіктері, атап айтқанда, автокөліктен бастап, қолымыздағы смартфондарға дейінгі үздік технологиялардың тарихынан сыр шертілді. Ұйымдастырушылар жас ұрпақтың буыны ретінде баланы соңғы технологиялармен безендірілген сахнаға шығарып, жас буынның көзімен ке­лешектен хабар береді. Көркем қой­ылымда күн және жел күшімен бір­ге, су астындағы балдырлардан да энер­­гия өндірудің технологиясы ай­шық­тал­ған. Сондай-ақ, ХХІ ғасырдың кре­ативті жобасы – болашақтың вакуумды пой­ызының жобасы таныстырылды. Са­ғатына 1300 шақырыммен жүретін келешек көлігінің жобасының авторы – атақты америкалық өнертапқыш Илон Маск. Пойыздың сынағы АҚШ-та өткізілген. Қазіргі уақытта оны іске асыру жобасы қолға алынуда. Бұл пойыз болашақта Алматы мен Астана аралығын 45 минутта жүріп өтеді. 

Шарада әр адамның қа­да­мынан, өсімдіктерден өндірілетін энер­гия­ның жобалары таныстырылды. Ұйым­дас­тырушылар қойылым арқылы қара­пай­ым гүлдің смартфонды қуаттай ала­тынын көрсеткен. Демек, қоршаған орта да энергияның көзіне айналады. Терезедегі гүл үйдің көркіне айналып қана қоймай, шаңыраққа жарық бере алады. Экологиялық таза энергиялар қоршаған орта арқылы арнайы қоймаға жиналып, халыққа қызмет етпек.

Шара барысында ұйымдастырылған мультимедиалық маңызды сандар көпшілік назарына ұсынылды. Айталық, көрме өткізілген 3 ай уақытта 33 мың әртіс Астанада өнер көрсетіп, көрмеге 180 елдің меймандары келіп қайтқан. 4,5 мың ерікті еңбек етіп, қонақтар 100 млн фотосурет түсірген. Көрме аумағында 88 ұсыныс жасалып, жас отбасылар жаңа өмір бастаған. Өз кезегінде ғалымдар 153 өнер туындысын таныстырған.

Салтанатты жиында Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес бейнетаспа арқылы құттықтады. Ол осы тарихи шараға қатыса алмағанына өкінішін білдіріп, шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады. «Жаңғырмалы энергияны ілгерілету – тұрақты әлеуметтік дамуға бағытталған қиын шаруа. Десе де, баламалы қуат көздерін табу, қолдану, оны тарату ХХІ ғасырдың міндеті болып саналады. Ал Астанада мәресіне жеткен ЭКСПО көрмесі техникалық және технологиялық жетістіктерге жетті, сондай-ақ оған қатысушы мем­лекеттердің мәдениетін, тарихын көр­сет­ті. Қазақстан бұл ретте үлкен жауапты мис­сияны атқарып, лайықты деңгейде өт­кізіп шықты», деді бас хатшы. 

Висенте Лоссерталес бұл шарада әлемнің барлық мемлекеті өздерінің технологиялық, ғылыми жетістіктерін көрсеткенін айтты. Оның айтуынша, барлық құрлықтың 178 елінен миллиондаған адам қатысты мұнда. ЭКСПО-ны өткізу арқылы Қазақ елі, Астана халықаралық шараны ұйымдастыра алатын іргелі мемлекет екенін аңғартты. Үш мыңнан аса тақырыптық, мәдени, ағарту шаралары ұйымдастырылып, көрменің салмағын биіктетті. ЭКСПО тарихында Астанадағы тарихи шара өз орнын айшықтады. 

Алқалы жиында «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төра­ға­сы Ахметжан Есімов Халықаралық көрмелер бюросының туын бюро президенті Стин Кристенсенге салтанатты жағдайда табыстады. Рәсім барысында ХКБ әнұраны орындалды.

Мерекелік жабылу салтанаты ай­рық­ша отшашумен, «Музарт» тобы­ның, Майра Мұхамедқызы, Жәмилә Серкебаева, Лада Қысықова қатарлы эс­трада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертпен жалғасты. Көрменің соңғы есігі жабылған таңғы 2.30-ға дейін халықаралық павильондар өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды. 

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген 
Ерлан Омар, 
«Егемен Қазақстан»