Парламент • 11 Қыркүйек, 2017

Нығматулин: Латын әрпіне көшу - тіліміздің мәртебесін күшейту жолындағы нақты қадам

666 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» деген тақырыпта парламенттік тыңдау өтіп жатыр. 

Нығматулин: Латын әрпіне көшу - тіліміздің мәртебесін күшейту жолындағы нақты қадам

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелерінің халқымыз үшін тарихи маңызы зор екенін айтты. 

«Бүгін біз мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін тарихи маңызы зор жаңа әліпби мәселесін талқылайтын боламыз. Әлемдік тәжірибе бойынша өркенике, мәдениетке және ғылымға жол салған кез келген мемлекет ең алдымен тілдің дамуына ерекше көңіл бөледі. Осы жолда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ тілін көтеруге назар аударды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны жетпіз пайызға жетті. Ал 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін болады. Осының барлығы, соның ішінде латын әрпіне көшу - тіліміздің мәртебесін күшейту жолындағы нақты қадамдар», - деді Мәжіліс төрағасы. Сонымен қатар ол Қазақстанның «Мәңгілік Ел» болудың дара жолына түскенін айтты. «Дәл осы кезеңде Елбасымыз ең алдымен рухани жаңғыру міндетін қойып отыр. Соның ішінде жаңа әліпбиге көшу - ол өте маңызды мәселе. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру -  біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор», - деді ол.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, латын әліпбиіне көшу мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек. «Баршаңызға мәлім, қазіргі уақыт ол бүкіл әлемде ақпарат технологияларының жоғары деңгейде дамуының кезеңі. Сондықтан біздің мемлекетімізде заманға сай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, барлық білікті мамандар бірнеше жылдың ішінде латын қарпі бойынша қазақ әліпбиінің жаңа жобасын жасады. Ең бастысы - жаңа әліпби барлық талаптарға сай болса, біз биік технологияларды меңгеруге, интернетке, ғылым мен білімге және әлемдік дамуға еркін кіретін боламыз. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы біздің үлкен парыз және оларға қалдыратын мәңгілік мұра. Сондықтан латын жазуына көшу - зор мүмкіндік пен өте үлкен жауапкершілік. Сол үшін біздің үшінші сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдау да Елбасының тарихи бастамасына арналып отыр. Бүгін біз жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі тіл, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек», - дей келе Нұрлан Нығматулин латын жазуы туралы бүгін ғана айтылып отырмағанын, бұл жайында Президент 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының он екінші сессиясында сөйлеген сөзінде және «Қазақстан 2050» Стратегиясында да айтқанын атап өтті. Естеріңізде болса, Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында да латын жазуына көшудің нақты жолдарын белгілеп, тиісті шараларды қолға алу керектігін айтқан болатын. 

Парламенттік тыңдауда Нұрлан Нығматулин латын әліпбиіне көшу тек қазақ тіліне қатысты екенін атап өтті. «Мемлекеттік тілге қатысты реформа мемлекеттің тіл саясатына қатысты өзгерістерді қарастырмайды. Бұл туралы Елбасы қысқа әрі нақты айтқан болатын. Әлипбиді өзгерту тек қазақ тіліне қатысты. Латын әлипбиіне көшуі тек қазақ әліпбиі мен орфография ережесін реформалауға байланысты. Бұл тіл фонетикасы мен графикасын арасында тиісті байланысты орнатуға мүмкіндік береді. Осылайша, латын әліпбиін енгізу елдің ішкі мәселесін шешуге, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған. Елбасы атап өткендей, латын әліпбиін көшу орыс тілінен, кирилицадан бас тартуды білдірмейді. Латын әліпбиіне көшу тек қазақ тіліне қатысты. Ал орыс тілінде шығатын басылымдар бұрынғыша шыға береді. Яғни Қазақстанның орыстілді тұрғындары үшін кирилица қалады», - деді Мәжіліс төрағасы.

Отырыс барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс тобының ұсыныстарын талқылауда. Парламенттік тыңдауға Премьер-министр орынбасары Ерболат Досаев, Сенат және Мәжіліс депуттары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО ректорлары қатысуда. Сондай-ақ, талқылауға әліпби жобасын әзірлеуші Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының және Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері шақырылған. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Ерлан Омар,

"Егемен Қазақстан"