Күрес • 15 Қыркүйек, 2017

«Қара шаңырақ – Қазақстан аман болсын!»

518 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында ұйымдастырылған ірі спорттық шаралардың бірі – қазақ күресінен өткізілген «Әлем барысы» турнирі. Бұл жарыста 38 елден келген 42 балуан бақ сынасты. Осылардың арасында Куба, Бразилия, Латвия, Грекия балуандарынан басым түсіп, жартылай финалға дейін жетіп, төртінші орынға тұрақтаған байөлкелік қандасымыз Серік Бердімұратұлының бапкері Бақыт Однайұлымен тілдескен едік. 

 

«Қара шаңырақ – Қазақстан аман болсын!»

– Бақыт мырза, елордаға қош келдіңіз! Екінші рет өтіп жат­қан «Әлем барысы» тур­ни­рі жайлы не айтасыз?

– Турнир жоғары деңгейде өтті. Рахметтен басқа айтарым жоқ. Қара шаңырақ – Қазақ­стан аман болсын! Мың шүкір, еліміздің кем-кетігі толып, кемері та­сып, көші түзеліп, көркі оңа­лып келе жатыр екен. 

– Сіз баптап әкелген шәкір­тіңіз Серік Бердімұратұлына төртінші орын бұйырды. Қа­на­ғаттандыңыз ба, әлде...

– Әрине, қанағат. Спорт деген, соның ішінде күрес түрі жек­пе-жек сайысқа жатады. Кім мықты, сол жеңеді. Менің спорт­тағы ұстазым – самбо және еркін күрестен әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері Баянмунке айтатын: «Ей, Бақыт, балуан болам десең ерінбей еңбек ет, төккен тердің бодауы әсте далаға кетпейді, бүгін бол­маса ертең игілігін көресің. Күреске күш емес, ақыл керек. Сабыр мен қайратың теңелгенде нағыз бал­уан боласың!» дейтін. Сол сияқты атақты балуан Алек­сандр Медведь: «Бал­уан адам – шахматшыдай сұңғыла, зіл­теміршідей күшті, марафон­шыдай төзімді, 100 метрге жү­гі­ретін желаяқтай шапшаң, цир­к­тің акробатындай епті болу ке­рек», деген екен. Демек, кім көп тер төксе сол жеңеді. Бұл – бұлжымайтын заң.

– Шәкіртіңіз Серік Берді­мұрат­ұлының бұған дейінгі спортта жеткен жетістіктері жайлы айтып өтсеңіз.
 
– Бұл 1994 жылы туған бала. 10 жасынан бастап самбо, дзю­до, сумо және моңғолдың ұлт­тық күресімен шұғылданып жүр. Самбодан жас­өспірімдер және жастар арасында әлем чем­пионатының үш дүркін қо­ла жүлдегері, дзюдодан спорт шебері, сумо күресінен әуес­қойлар арасында әлем чемпионы, моңғолдың ұлттық кү­ресі­нен жастар арасында екі дүркін мемлекеттік чемпион болған азамат. Биыл жазда өткен мемлекеттік тойда «Ла­шын» атағына ие болды. Бұл Моңғолия қазақтары тарихында 36 жылдан кейін қай­таланып отыр. Сонымен қа­тар, бұл бала соңғы жылдары қа­зақ күресі түрімен де айналысып жүр. Оның нәтижесін өз­деріңіз де білесіздер. «Еуразия ба­ры­сының» жеңімпазы деген сияқты...

– Демек, Серік бауырымыз моң­ғол күресінен 36 жылдан ке­йін «Лашын» атағын алған қа­зақ дедіңіз. Одан бұрын бұл атақ­ты алған қазақ кім?

– Ол мына алдыңыздағы па­қы­рыңыз болатын. 1981 жылы осы атақты бағындырған едім. 

– Солай ма, онда өзіңіз жайлы ақ­пармен оқырмандарды қа­нық­тырсақ, спортта жеткен же­тістіктеріңіз деген сияқты.

– Мен күресті 20 жасымда бас­тадым. 1974 жылы ойда жоқ­та еркін күреске қатысып, екі айдың ішінде жастар ара­сын­дағы біріншілікте 84 кило сал­мақта топ жардым. Іле Сол­түстік Кореяның Пхеньян қа­ласында өткен «Олимпиада үміт­­тері» атты халықаралық жа­рысқа қатысып, алғашқы алтын медальға қол жеткіздім. Осылай спорт­тағы өмірім басталды.

– 1980 жылы өткен Мәс­кеу Олимпиадасына қатысты­ңыз... 

– Мәскеу Олимпиадасында күрестім. Салмағым 100 килодан жо­ғары болатын. Бұл салмаққа әлемнің 33 елінің 151 бал­уаны келіп қатысты. Осетин жігіті Сослан Андиевтен жеңілдім. Ол Олимпиада чемпионы болды. 

– Еркін күрестен әлем кубогы мен әлем біріншілігінен ме­даль алған тұңғыш қазақ екен­сіз. Тағдыр сізге осындай ғажайып мүмкіндік сыйлап­ты. Осы жайында айтып бер­сеңіз.

– 1981 жылы Әлем кубогы­ жолындағы күрес АҚШ-тың То­леда қаласында наурыз айы­ның 28-29 күндері өтті. Бұған әр құрлықтағы үздік командалар шақырылды. Содан опыр-топыр күрес басталды. Бір заманда аңдасақ, моңғол командасы мен тағы бір команданың ұпайы те­ңесіпті. Елдің бәрі күресіп біт­кен. Күреспеген 100 килодан жо­­ғары салмақта жалғыз мен қа­лыппын. Кім жеңеді, сол Әлем кубогының қола жүлдегері атан­бақ. 
Бұған дейін Моңғолия балуандарына мұндай мүмкіндік тумаған. Командаластар көзі жаудырап маған қарайды. Олардың жанарынан: «Бақыт, бізді жерге қаратпа!» деген жанайқайды оқыдым. Бір сұрапыл шайқас басталды. Ақырында жеңдім. Қоры­тынды есеп бо-йынша: Ке­ңес Одағы балуандары бірінші орын, америкалықтар екінші орын, біздің команда үшінші орынға иелік етті. Осылай Әлем кубогының қола медалін алған жайым бар.

– 1986 жылы әлем чемпио­на­тына қатысып, кіші қола ме­даль алған екен­сіз. Осы оқи­­ғаны тарқатып көр­сек.

– 1986 жылғы әлем бірінші­лігі қазан айының 19-22-сі аралы­ғында Венгрияның астанасы Буда­пешт қаласында өтті. Мен 120 кило салмақта күрестім. Бас бәйге Америка балуаны Брюс Баугартнерге бұйырды. Екінші орынға грузин балуаны Дэвид Гобежишвили ие болды да, үшінші орынға шыққан германиялық балуан Адреас Чордер екеуміздің ұпайымыз теңесіп қалды. Сөйтіп А.Чордер қола медаль алды да, маған кіші қола медаль бұйырды. Осы же­тістігім үшін маған «Ха­лық­аралық дәрежедегі спорт ше­бері» атағы берілді. 

Әңгімелескен 
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»

Суретте: бапкер Бақыт Однайұлы мен шәкірті Серік Бердімұрат