ЭКСПО-2017 • 17 Қыркүйек, 2017

Мажар байланысының маңызы зор

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің салтанатты жабылуы көптің есінен әлі шыға қойған жоқ. Онда Венгрия павильонына көрме тақырыбын жан-жақты ашып көрсеткені үшін күміс жүлде табысталды. Енді соның байыбына барып, бары мен нарын саралап көрелік.

Мажар байланысының маңызы зор

Венгрия павильоны электр және қалалық жоспарлау саласындағы ең жаңа қондырғыларды көрсетті. Тақырып ел энергиясының қолжетімді көздерінің географиялық және үнемді ерекшеліктеріне негізделген. Басты назар күн энергиясына бөлінді, бірақ Венгрия павильонының көрнекі шешімі негізінде өсімдік энергиясын тиімді пайдалануды білдіретін Өмір ағашы идеясы, оны қолданудың жетік тетігі ұсынылды. Инсталляциялау негізінде көрсетілген Өмір ағашына павильон қонақтары 30 000-ға жуық тілектерін қалдырған екен. Ал келушілердің саны шамамен 300 000-ға жеткен екен. Бұл – көрменің ең кішкентай павильондарының бірі үшін тамаша көрсеткіш болып табылады.

Венгрия павильонын Ұлттық экономика министрі Михай Варга, Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто, Ауыл шаруашылығы министрі Шандор Фазекаш, ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары Нандор Картези, Венгрияның Қазақстандағы Елшісі Андраш Бараньи, Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Премьер-Министрдің кеңесшісі және Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов сынды лауазымды қонақтар тамашалаған. Екі елдің үкіметтерінің кездесулері барысында медицина мен туризм салаларындағы бизнес-ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Венгрия үкіметі жалпы өткенге, ортақ байланыстарға және халықтар арасындағы жүз жылдан артық ынтымақтастыққа байланысты Қазақстанмен қарым-қатынастың ерекше маңызды екендігін атап өтті.

Венгрия павильоны мәдени іс-шараларды да молынан ұйымдастырды. Олардың ішіндегі Қыпшақтар күні – венгер мен қазақ дәстүрлерінің өзара байланыстығын, үндестігін айшықтады. Көрменің соңғы күндерінде Венгрия экономика мен денсаулық сақтау саласы бойынша конференция өтті. Шара барысында «электрондық паспорт», сауықтыру туризмі және басқа да тартымды жобалар талқыланды.

Екі елдің үкіметтерінің болжамдары бойынша экономикалық және рухани байланыстарды жолға қоюдың арқасында сыртқы сауда айналымы бірнеше есеге ұлғаяды, қазірдің өзінде ол 300 миллион долларды құрайды.

Асхат Райқұл,

«Егемен Қазақстан»