Президент • 18 Қыркүйек, 2017

Бауырлас елге ықылас ерекше

451 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Түрікменстан астанасы Ашғабатқа жұмыс сапарымен барып, жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық кешенде өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысты. 

Бауырлас елге ықылас ерекше

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қа­зақстан Президентін Ашға­батта өтіп жатқан Азия ойын­дарының ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысуға арнайы шақырған болатын.  Қазақстан Президенті Өз­бек­стандағы мем­ле­кеттік са­пары аяқталысымен бірден Түрік­менстанға аттанды. 

Бөріктінің намысы бір...

Нұрсұлтан Назарбаевты Гур­бангулы Бердімұхамедов әуе­жайдан өзі қарсы алды. Азия ойын­дарының ашылу салтанаты бас­талғанға дейін Түрікменстан Президенті мен Қазақстан Пре­зи­денті екіжақты кездесу өткі­зіп, елдер арасындағы ынтымақ­тастық мәселелерін талқыла­ды. «Бөріктінің намысы бір» демек­ші, бауырлас елдердің халық­аралық деңгейдегі осындай ауқым­ды шараларды өткізу кезіндегі бірін-бірі қолдап-қолпаш­тауы өте маңызды екендігін әңгімеледі.

Жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық кешенде өтетін V Азия ойындары – спорт әле­міндегі беделі биік, байрақты бәсекелердің бірі. 

Мұндай халықаралық жарыс бұрын екі жылда бір өткізілетін, тек 2013 жылдан бері оны 4 жылда бір рет өткізу туралы шешім қа­былданды. Сол жылы шара Оң­түс­тік Кореяда өткен болатын. Оған дейін мұндай Азия ойын­дарының жалауы Вьетнам (2005 жылы), Қытай (2007 жылы), Таи­ланд (2009 жылы) сияқты Азия­ның алпауыт елдерінде желбіреді.

«Осындай кезде қолдау көр­сету біздің көршілік, бауыр­лас­тық парызымыз деп білемін. Сізді жабық кешенде өтетін Азия ойындарының ашылуымен құттықтаймын. Осы шара қар­­саңында көптеген спорттық нысандар салынды. Олардың бәрі ертеңгі күні халық игілігіне қалады. Сонымен қатар, мұндай шаралар Түрікменстанды, оның астанасын жақын тани түсуге, мемле­кеттің тәуелсіздік жылдары ішіндегі жетістіктерін әлемге кеңінен паш етуге мүмкін­дік береді», деді Қазақстан Прези­денті.  Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақ елі қысқы Азия ойындары, Бүкіләлемдік студенттер универсиадасы сынды әлемдік деңгейдегі ауқымды спорттық шараларды лайықты деңгейде өткізгенін атап өтті. 

«Таяуда ғана ЭКСПО аяқ­талды. Біздің өңірімізде мұндай оқиғалардың өтуі өте маңызды. Ал бүгін Азия ойындарының ашылуына зор ризашылықпен қатысатын боламыз. Біздің қа­рым-қатынастарымызға қа­тысты айтар болсам, сіздің сапарыңыздан кейін көп шаруа жасалды. Ме­нің­ше, экономикалық ық­тымақ­тас­ты­ғымыз артады»,  деді Президент. 

Нұрсұлтан Назарбаев сөз ара­сында Өзбекстанға мемле­кет­тік сапармен барып келе жатқан­дығын, жүргізілген келіссөздер барысында көптеген мәселелердің шешілгендігін де атап өтті.  

Түрікменстан Президенті өз кезегінде шақыру ұсынысын қабыл алғаны үшін Елбасына ризашылығын білдірді. «Бұл біздің ортақ мерекеміз саналады. Түрікмендер мен қазақтар, тәжіктер спорттық өңір саналады. Меніңше, баршамызға ортақ осынау мерекеде  саламатты өмір сал­тын қалай қадірлеп, халықты қалай ұйыстыру керектігін бүкіл әлемге паш ететін боламыз», деді өз кезегінде Гурбангулы Бер­дімұхамедов. Айтуынша, Азия ойындарына әлемнің 64 мемлекетінен спортшылар келген. Бұған қоса, БҰҰ өтінішімен босқындар да бұл жарысқа арнайы команда құрып, сынға түспек. Осы қадамы арқылы түрікмен халқы өңірдегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтауға мүдделі екендігін көрсетуге ұмтылуда. 

«Сіз ЭКСПО-2017 көрмесін өткіздіңіз. Осынау өңір үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды шараны ең жоғары деңгейде ұйымдастыра алдыңыздар. Бү­гінде Сіз бен біз осындай биік шыңдарды бағындырудамыз», деді Түрікменстан басшысы. 

Спорт саңлақтарына сенім зор 

Елбасы екіжақты кездесуден соң Ашғабаттағы жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық кешенде өтетін V Азия ойындарына келген Қазақстанның ұлттық құрамасымен және спортшылар делегациясымен кездесті.

Кездесу барысында Елбасы ұлттық құраманың дайындығымен танысып, Ашғабатқа спортшыларымызды қолдау үшін келгенін айтты.

«Мұнда ойындарға қатысып жатқан елдердің ең үздік спортшылары келіп отыр. Біздің құ­ра­мада да көптеген танымал чемпион­дар бар», деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысына Қазақ­станның ұлттық құрамасының капитаны әрі осы ойындарда таэквондодан өнер көрсететін Нұрлан Мырзабаев алғыс білдірді. «Ең алдымен, Сізге еліміздегі спортты дамытуға ұдайы қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Мемлекетіміздің әлемдік спорт ареналарындағы барлық жетістіктеріне Сіздің қосқан үлесіңіз зор. Біздер – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Ашғабатта өтіп жатқан ойындарда төл туымыздың биікте жиі желбіреуі үшін бар күш-жіге­рімізді саламыз»,  деді Қазақстан құрамасының капитаны.

Президент мемлекет тарапы­нан елімізде спортпен шұғыл­данып, саламатты өмір салтын ұс­тануға барлық жағдай жасалып жатқанын айтып, саламатты ұлт қалыптастыру үшін отандық ат­леттеріміздің жетістіктері маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстанның барлық өңір­інде түрлі спорт нысандары салынуда, атлеттеріміз жоғары дең­гейдегі сайыстарға қатысуда. Ара­ларыңызда жетістіктерге жеткен әйгілі спортшылар бар. Біздің жастарымыз – дарынды. Жыл сайын спортта жаңа есім­дер шығып жатыр. Жалпы, жас жеткіншіктер сіздердің жеңіс­теріңізге қарап, спортпен шұ­ғыл­дануға ұмтылатын болады. Ол саламатты ұлт қалыптастырудың басты шарты болып саналады. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі болуларыңыз керек», деді Елбасы.

Танымал қазақстандық жеңіл атлет, Лондондағы Олимпиада ойындарының чемпионы және Бейжің мен Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ольга Рыпакова сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына алғыс айтты.   «Жұмыс кестеңіздің тығыз екеніне қарамастан, бізге қамқорлық пен қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін Сізге барлық спортшыларымыздың атынан зор алғысымызды айтуға рұқсат етіңіз. Сіз бізбен кездесіп әңгімелесуге, ақ тілегіңізді айтып, батаңызды беруге әрдайым уақыт табасыз. Біз өзімізді тек жақсы қырымыздан танытып, Сізді және барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантуға барымызды саламыз», деді Ольга Рыпакова. 

Соңында Мемлекет басшысы Қазақстандағы миллион­даған жанкүйерлер спортшылары­мыздың табысты өнер көрсе­те­ті­ніне сенімді екенін айтып, олардың жарысты сәтті бас­тап, айқын жеңіске жетуіне тілек­тестігін білдірді.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан» –
Ашғабаттан

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды