Қазақстан • 22 Қыркүйек, 2017

Өркениет ағымына жетелейтін тарихи шешім

495 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ елі рухани-мәдени мұрасын өзгелерге танытып, әлемдік қауымдастық алдында дербес мемлекет ретінде мойындатып отырған қазіргі тұсында мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесін Елбасымыз дер шағында көтеріп, оны Парламент Мәжілісі көп күттірмей талқыға салып, ел ішінде жаппай қолдауға ие болып отырғаны көңіл қуантады.   

 

Өркениет ағымына жетелейтін тарихи шешім

Еліміз тарихының әр кезеңін бір-бірімен байланыстырып тұратын латын әліпбиінің 25 қа­ріп­тен тұратын нұсқасының бекі­гені мемлекетіміз үшін аса дұрыс шешім болатыны хақ. Аяғынан енді тұрып, қарыштап дамып келе жатқан Қазақ елі дүниежүзілік өрке­ниеттің ағымынан, толқынынан қалмау үшін міндетті түрде латын жазуын қабылдауы керек. Әлемдік саясаттың ірі ойыншысына айналған ірі державалардың қатарына ене қоймағандықтан, жеке өзіміз жазу ойлап тауып немесе өзіміздің бұрынғы тарихи жазуларымызды қалпына келтіру арқылы ғаламдық өркениетте алға шыға алмайтынымыз ақиқат.   

Жалпы, біздегі реформалар саяси жағдайға, прагматикалық ахуалға, яғни өмірдің сұранысына сәйкес жасалып отырды. Ал Кеңес одағы тұсында, әлбетте, кез келген шешімнің идеологиялық жағына айрықша назар аударылды. Соның салдарынан халқымыздың сауатын көтеру жолы үлкен қиындықтарға тап болды. Мемлекеттік деңгей­дегі кез келген ірі шешімді қабыл­дамас бұрын, ең алдымен өткен тари­хымызға шолу жасап, сабақ ала білуге міндеттіміз. Ал қазақ хал­қының өте күрделі тарихи жолмен жүріп өткенін естен шығармау, та­рихтың ащы сабақтарын ескеріп, қа­жетті қорытынды шығара білу – бүгінгі аға толқынның ертең­гі ұрпақ алдындағы үлкен жауап­кер­шілігі.

Тарихи дейтініміз, 1929 жылы латын тіліне негізделген «Ортақ түркі әліпбиі» ұсынылып, қазақ тілінің талаптарына сай біршама өзгерістер енгізілген сол әліпби ресми түрде 1940 жылға дейін қолданылып келді. Ол әліпби шын мәнінде «түрік әліпбиіне көшу» деп аталды. Тіпті оның қаулысында «түрік» деген сөз де бар. Бірақ кейіннен пантүркілік айыптау белең алып, Кеңес билігі бүкіл түркі халықтары республикасын құру жолында күрескен қайраткер Мирсаид Сұлтанғалиевті, артынша түркі халықтарының жанашыры болған Тұрар Рысқұловты шетелдегі Мұстафа Шоқаймен байланысы бар деп айыптап, олардың соңынан ерген Түркістан халықтарын қайткенде де Түркиядан алыстату амалдарын жасап бақты. Кеңес өкіметі ол уақытта социализмді құрып үлгерген жоқ еді, империализм текетіресі де бастала қоймаған, бірақ қоластындағы кейбір халықтардың Ататүріктей көшбасшысы латын қарпін қабылдатқан дербес Түркия елімен жақындасып кету қаупінен қорыққан Кеңес Одағы Түркістан халықтарын латын қарпінен бас тартқызу жолдарын іздестірді. Өйткені Ататүріктің латын әрпін қабылдаған кезеңіндегі тарихқа назар аударсаңыз, Түркия сол уақыттың өзінде-ақ әлемдік өркениетке жетелейтін қолайлы жазуды дұрыс таңдай білді. Түрік елі шынында да латын жазуы арқылы әлемдік технологияға қол жеткізіп отыр. Бізге сол тарихи тәжірибені басшылыққа алуымыз керек. Қалай болғанда да, болашақта түркітілдес елдермен жақындасуды ойлап отырмыз. Десек те, бүгінгі күні біз түркі халықтарына жақындасу үшін ғана латын қарпіне көшуге тиіс екенбіз деген ой тумауы керек. Шын мәнінде, түркі халықтарының көпшілігі, Ресейдің құрамындағы татар, башқұрт, түркітілдес Сібір халықтары сол кириллицада қалайын деп отыр. 

Латын қарпіне көшу мәселесі тек ұлттық тұрғыда ғана емес, елдік тұрғыдан да қарастыруды талап етіп отырғаны анық. Расын айтқанда осы латын әрпіне көшкен Түрік мемлекеті араб елдеріне қарағанда жаңа технологияны қабылдауда, жетілдіруде, ғылымды дамытуда қарыштап алға кетіп қалды. Түркия қазір Еуропаның мықты елдерінің қатарына еніп кетті. Ал мұсылмандықты ұстанғанмен, араб елдерінің дамуы әлі де төмен, технологиясы мен ғылымы артта қалып келеді. Араб әрпімен жүрген көптеген мұсылман елдер даму жағынан қазіргі өркениеттен көп артта қалды. Әрине, оның өзге де себептері көп-ақ, оны біз талдап жатпайық... Сондықтан араб жазуын дамыған елдер қабылдамайды, бізге де көп қиыншылық тудыратын жазу.

Ахмет Байтұрсыновтың өз заманында бұрынғы қизам жазуын, яғни араб қарпін реформалап, төте жазу түрінде ұсынғаны тарихтан белгілі. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Әлихан Бөкейханов сияқты Петербургте орысша оқыған қазақ зиялыларының бәрі о бастағы сауатын араб қарпімен ашқан, тіпті Абай атамыздың өзі араб әрпімен хат таныған. Дегенмен, Ахаң араб қаріптерін төте жазу түріне айналдыру арқылы ұлтқа салмақ салмайтын, ұлт санасына, миына күш түсірмейтін эволюциялық жолмен сауат ашу реформасын таңдады, қазақтардың көбі ауылда молдадан оқып, арабша хат танығандықтан қазаққа ауыр болмасын, жылдам қабылдасын деген ниетпен қазақша реформалады. Бұл расымен де өз уақытындағы өте дұрыс шешім болған еді. Ол кезеңде төте жазуы біздің мәдениетімізге, қабылдауымызға, сөйлеуіміз бен дыбыстауымызға жақын болды. А.Байтұрсыновтың жазуын әлі күнге дейін Қытайдағы қазақтар қолданады. Бірақ араб елдері қазіргі заманда мүлдем басқа жазу қолданатындықтан және біздің төте жазуымыз өзімізден басқа ешкімге керек болмай қалғандықтан, дү­ние­жү­зілік өркениеттен тыс қа­лып қалмас үшін біз Ахмет Бай­тұр­сыновтың жазуын қабылдай алмай­мыз.

Кейде «Орхон, Енисей жазу­ларын, яғни көне руна жазуларын қа­былдасақ қайтеді» деген де сыңаржақ пікірлер айтылып қа­лады. Шын мәнінде, руна жазулары біздің аймақта кеңінен таралмаған. Оны шығыс түркілерінің тарихи жазуы деуге болады. Қазір дүние жүзінде бірде-бір ел руна жазуларын қолданбайды. Сондықтан, оны уақыты өткен, тарихтың бір дерегі деп қана қабылдау қажет. Оның үстіне, руна жазулары туралы бізде жазбаша дерек те жоқ. Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк туралы жазбалар, Талас жазбалары тасқа қашалып жазылған жазулар.  

Кез келген жазу түрі өмірдің сұранысына, өз заманының ахуалына сәйкес пайда болып отырған. Сондықтан біз де бүгінгі күннің өз талабына бағынып, ғылыми технологияның жалынан ұстап, алға озып кеткен Аме­рика, Еуропа елдерінің жазуына бейімделсек дейміз. Осы тұста бәз­б­і­реулер «Компьютерлік техно­логияның отанына айнала бас­таған Жапония, Корея, Қытай елдері өз әрпін сақтап-ақ алға озып кетті, онда соларға бейім­делейік» деп дау айтуы мүмкін. Бірақ біздің психологиялық ерек­ше­лігімізді, сұранысымызды ол елдердің қаріптері өтеп бере алмайды. Оның үстіне, ол елдердің әріптері әлемдік деңгейде емес,  елішілік қолданыста ғана пайдаланылады.

Тарихшы ретінде маған осы латын қарпін 90-шы жылдары-ақ, ең алғаш тәуелсіздік алған тұста Конституция арқылы қабылдап жіберуіміз керек еді деген де ой келетіні рас. Бірақ ол кезде республикамыздағы әлеуметтік-саяси ахуал ауырлау болды. Славяндар көп болды. Кейіннен қазақ саны басымырақ болып, тіліміз шын мәнінде мемлекеттік тілге айналып, басқа ұлттар қазақ тілін мойындай бастады.   

Қалай дегенмен де, латын қарпін қабылдау мәселесін көп кешіктірмей, қазақ тілінің заң­ды­лықтарына сәйкес келетін оңтайлы шешімін қабыл­дап, қол­данысқа енгізгені­міз жөн. Елбасы елі­міз үшін тарихи маңызы, саяси-экономи­калық сипаты айрық­ша, халқы­мыздың әлемдік өрке­ниетке жақын­дасуына оң ықпа­лын тигізетін толғамды шешім қабылдады. Сондықтан Парла­менттен бастап бәріміз, ғалымдар мен мамандар жаппай түсіндіру жұ­мыстарын жүргізіп, латын жазуы­ның еліміздің жарқын болашағына жол ашатынын түсіндірер ғылыми-көпшілік мақалаларды көптеп жариялауға тиіспіз. Еліміздегі қазақ халқының саны жағынан басым түсе бастаған қазіргі кезеңінде тіліміздегі әріптік ерекшеліктерді дәл жеткізе білетін латын қарпінің мінсіз нұсқасын нақты шегелеп, жалтақтамай, жылдамырақ қолданысқа енгізуіміз керек.

Талас ОМАРБЕКОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор  

АЛМАТЫ