Медицина • 26 Қыркүйек, 2017

Кемпинг те кәсіп көзі

1016 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асу көрсеткіші бойынша Мәртөк ауданы көш бастап келеді. Осы орайда ең алдымен мұнда жеке кәсіп иелерінің көбеюіне қолайлы жағдай туғызған факторлардың да жеткілікті екенін айтқан жөн. Бұл бағытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында бой көтеріп жатқан әртүрлі қызмет көрсету нысандары ауызға бірінші оралады. Әсіресе, бүгінгі күні жергілікті кәсіпкерлер халықаралық деңгей мен нормативтерге сәйкес келетін кемпингтер тұрғызу ісін бес саусағындай меңгере білгендері таңғалдырмай қоймайды. 

Кемпинг те кәсіп көзі

Соның бірі Тәңірберген ауылдық округі аумағындағы «Керуен сарай» кемпингі деуге болады. Аталған кәсіпкерлік нысан жоғарыда аталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 44-шақырымында орналасқан. Аумағы 800 шаршы метрді алып жатқан қызмет көрсету орны өткен жылы пайдалануға берілген. Мұнда 180 орындық қоғамдық тамақтандыру және екі адамдық нөмірлерден тұратын қонақүй кешендері орналасқан. Бұған қоса монша, кір жуу комбинаты секілді қосалқы нысандар іске қосылған. Меншік иелері келесі кезекте кемпинг аумағында спорт алаңдарын ашып, бұл маңайды абаттандыру мен көгалдандыру мәселелерін ойластырып отыр екен. 

Осы орайда «Керуен сарай» секілді кемпингтер 10-нан асатынын айтуымыз керек. Бұған қоса биылғы жылы тағы да 3 кемпинг пайдалануға берілмек. Ал біз журналистік іссапармен ауданға жолымыз түскен күні «Азия» атты инфрақұрылымдық нысанның ашылу рәсімі өткізілді. Алдағы жылы ауданда ірге көтеретін қызмет көрсету нысандары бір­неше есе өседі деп күтілуде. Бұл үшін ха­лық­аралық көлік дәлізі бойынан 83 жер те­лімі бөлінген.
Осы ретте «Біз ел аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысын аяқтау арқылы біртұтас инфрақұрылымдық жүйенің қалыптасуын қамтамасыз ете аламыз» деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі ойға орала береді. Шын мәнінде дәл солай болып отырғанына Ақтөбе облысы аумағында ашылған кәсіпкерлік бағыттағы нысандар мен инфрақұрылымдық жүйелер куә. 

Мәртөктегі кәсіпкерлік нысандар қа­та­ры­ның екінші бір легін ауыл шаруа­шы­лығы биз­несіне қатысты құрылымдар құрайды. Мұның ішінде «Айс» ЖШС тауарлы сүт фер­масының орны ерекше екені кәміл. Оның 110 бас аналық ірі қара малға арналған қос кешені бар. Мұнда әр күн сайын 20 тонна сүт өңделіп сауда орындарына жіберіледі. Шаруашылық өздерін жемшөппен және өзге де қажетті мал азығы түрлерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Мұның басты көзі судан шөбі және жүгері өсірілетін алқаптар болып табылады. 

Бүгінгі күні республикамыздың барлық өңірлері мен ауыл-аудандарына тән көңілсіз көріністің бірі мал терілерінің пайдаға асырылмай, өңделмей аяқасты болып жатқаны десек шындықтан ауытқымаймыз. «Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, бұл өзі қайта қайта айтылып әбден жауыр болған мәселе екеніне де ешкім талас туғыза алмайды. Алайда бұдан ешқандай нәтиже шықпай келгенімен де еріксіз ке­лісуге тура келеді. Айтайын дегеніміз, осы ол­қы­лықтың орнын Мәртөк ауданындағы «Оптима-Капитал» ЖШС толтырыпты. 

Осы жекеменшік кәсіпорынның басы-қасында жүргендер ірі-қара малының те­рілерін бастапқы өңдеуден өткізетін ір­ге­лі өндірістің құрылуына бастамашы бо­ла біліпті. Бұл құптауға да, қолдауға да әб­ден лайықты қадам деп білеміз. Жалпы аумағы 924 шаршы метрді құрайтын өндіріс орны жеке кәсіпкерлік қаражаты есебінен са­лынған. Мұндай әрқайсының сиымдылығы 6 тонна болатын үш діңгек пен үш ділдек орнатылған. 

Осы сипаттағы өңдеу өнеркәсібі бірінші кезекте ветеринарлық нормативтер мен талап­тарды қатаң сақтауды қажет ететіні бел­гілі. Осы орайда компания жетекшілері ауа та­зартатын қондырғыларды орнатуға баса кө­ңіл бөлгені де жағымды жайт. Биыл «Кең да­ла» бағдарламасы бойынша қомақты несиеге қол жеткізген «Оптима-капитал» ЖШС-нің ірі қара малының терісін өңдеуді қол­ға алған жетекші мамандары алдағы жы­лы өз істерінің ауқымын одан әрі өсіруді ұй­ғарған. Олар тек биылғы жылдың өзінде 100 тоннаға жуық шикізат өңдеп, оның белгілі бір бөлігін өзара келісімге сәйкес Түркияға жіберіпті. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы,
Мәртөк ауданы