Ауыл • 26 Қыркүйек, 2017

Швейцариямен шендесе аламыз

1298 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қай саладағы болсын жетістігімізді, оң өзгерістерді немесе тамаша табиғатымызды шетелдермен салыстыруға бейімбіз. Мысалы, солтүстік өңірінің тұрғындары Бурабайды, шығысқазақстандықтар Катонқарағай жерін, оңтүстікқазақстандықтар Түлкібас пен Төле би ауданы аумағындағы таулы аймақты «екінші Швейцария» деп атауға құмбыл, бейресми түрде. Әсіресе, Швейцарияның көз тартар әдемілігіне куә болып, шегі жоқ өзендерін тамашалап, Альпі тауларының мақпалдай самалын сезініп, сарқырамаларды, адам жанын тыныштандырар көк шалғындар мен жүзімдер алқабын көргендер. Әрине, салыстыру бәсекелестікке бағыттап, бірдей болуға немесе озық шығуға жетелейді. Осы орайда басқаны қайдам, түлкібастықтар туризмді дамытып, Швейцариядай болуға талпынуда.  

Швейцариямен шендесе аламыз

Жоғарыда айтқанымыздай, табиғаты әсем Түлкібасыңызды да көпшілік «екінші Швейцария» деп атайды. Қазіргі таңда ауда­н туризмді дамытуға аса ден қой­ған. Туристерге қызмет көр­сету мақсатында салынған қонақүйлер көбейіп, 2 қонақ қабылдау үйі, 2 шипажай, 17 демалыс аймағы, жалпы 30 орналастыру орны жұмыс істеуде. Туристерді тарту үшін демалыс орындары заманауи, барлық талаптарға сәйкес болуы тиіс. Жақында ғана ашылған аудандағы Керейт ауылындағы жалпы құны 1 млрд 200 млн теңгелік отбасылық демалыс кешенін салушылар осы жайтты ескерген.

Орталық бір мезетте 1000 адамды қабылдай алады. Бұл – өте сәтті жоба деу­ге болады. Керейт ауылы тау етегінде орналасқан. Әрқашан ауылдағы тал-теректерді самал тербеп тұрады. Жазғы қапырықта таптырмайтын мекен. Демалыс аймағына келушілер саны күн сайын өсе түсуде. Шетелдік қонағыңыздың тегіс жолды, сапалы қызметті қалайтыны мәлім. Бұл орайда, Түлкібас ауданының Ұлы Жібек жолына орналасқандығы септігін тигізуде. Аудан осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға талпынуда. Ол үшін күре жол бойында орналасқан Жабағылы ауы­лында 70 адамға арналған «Жайлау» емдеу-сауықтыру орталығы мен халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы бойынан жолаушыларға арналған сервис­тік қызмет көрсету орталы­ғын ашу жоспарлануда. 

Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұңғыш қорық – Ақсу-Жабағылының орны бөлек. Жазықтар мен алаң­қайлар биік шыңды тау­ларға алмасып, жартасты шат­қалдармен қиылысатын, өзендері терең шатқалдарға құйылып, сарқырамалар түзейтін, түпсіз көгілдір мұздай тау көлдерінде аспан айнадай шағылысатын қо­рық ландшафтысы көркем және тылсым. Америкадағы атақ­ты Колорадо тауларының шат­қалы­нан кейінгі екінші орындағы Ақсу шатқалының ұзын­дығы 18 шақырым, терең­дігі 500-600 метр, ені жарты ша­қырымға жетеді. Мыңдаған жыл­дардан бері маңғаздана мұнартып көрінер керемет аршалары, жа­байы алмалары – айрықша әлем. Оларды Сиверс алмасы деп атайды. Ғылыми түрде. Ал шын­туайтында, мамандардың мәлімдеуінше, Ақсудың алмалары. Ақсу өзенінің арналарын қуалай өседі. 

Алма демекші, Түлкібас ауда­ны да Алматы секілді ел ара­сында алмасымен танымал. Кеңес Одағы ыдыраған тұста аудандағы алма баулар қараусыз қалып, талан-таражға түскен еді. Бұл олқылық соңғы 5 жылда реттелді. Аудан тұрғындары бұрын көзден бұл-бұл ұшып бара жатқан дәмі тіл үйіретін жергілікті алманы қайта тапты. Бүгінде ауданда 3077 гектар бау алқабы болса, оның ішінде қарқынды бау кө­лемі – 230 гектар. Биыл 356 гектар жерге алма ағаштары отыр­ғызылған, оның 115 гектары қарқынды бау болмақ. Қарқынды бау талабына сәйкес, 1 гектарға 2000-2500 дана аласа бойлы кө­шет отырғызылады. Көшет са­нына қарай әрбір гектардан 80-100 тоннаға дейін өнім алынады. Қарқынды бау өнімді 3 жылдан кейін бере бастап, 20 жылға дейін жеміс береді. Алдағы уақытта Түлкібаста қарқынды баулар аумағы ұлғайып, экспорт көлемі артпақ. Жас әрі іскер басшы Нұрбол Тұрашбеков тізгін ұстаған Түлкібас ауданында осын­дай оң бастамалар аз емес. 

Осындай табиғи мүмкін­діктері мол Түлкібас туризм мен өз аумағы арқылы өткізілетін транзиттік жүктерден көп пайда табатын, жылына 13 мил­лион­дай турист демалатын Швей­цариямен әзірге шендесе алмас, дегенмен талпынуда. Елба­сы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «көптеген проблема әлемнің қарқынды өзге­ріп жатқанына қарамастан, бұқа­ралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайтынын» айтты. Яғни сананың ашықтығы қажет. «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» делінген бағдарламалық мақалада. Басқалардың озық жетістіктерін қабылдай отыра, үлгі ала деңгейлесуге, озуға ұмтылу қолдарлық қасиет. Жалпы елімізде туризмді, кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасалуда. «Мәңгілік Ел» идеясының мұраты – қазақ елін озық отыз­дың ортасына қосу. Елбасы сол биікке жету жолындағы жұ­­мыстарды жүйелеп берді. Айқындалған міндеттер іске асы­ры­лып, мақсат орындалса, көп­шілік теңей айтатын «екінші» деген «анықтамадан» арыларымыз анық.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»